Құқық | Право

“Мемлекеттік органдар сіздің ақпаратыңызды біле алады”: Маман сертификаттар туралы

Ұялы телефонға арнайы сертификаттар орнату туралы хабар қазақстандықтарды шулатты. Көпшілік мұның пайдасынан, зияны мол екенін айтып жатыр, деп хабарлайды https://stan.kz/ ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап. 

«Операторлар заңнамадағы талаптарды жүзеге асырады. Бізге осындай талап түсті – біз оны орындаймыз. Оны біз емес, Қазақстандағы өкілеттік органдар ойлап тапты. Ол біздің өнім емес. Бізге берілген тапсырма – клиенттерге талаптарды жеткізіп отыру», – деді Beeline компаниясының PR директоры Алексей Бендзь.
«Байланыс» туралы заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, бұл сертификат 2015 жылы енгізілуі керек еді. Алайда бұл жұмысқа енді ғана кірісіп отыр. Сондай-ақ, бұл жұмысқа нақты кімнің кірісіп жатқаны да белгісіз. SMS хабарландыруларда бұл сертификаттың біздің кибер қауіпсіздігімізге нақты қалай жауап беретіні туралы мәлімет жоқ.
«Бұл құрал құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтердің ақпарат алу мүмкіндігін кеңейтеді. Ұтымдысы – қылмыспен күресті нығайтады. Кемшілігі – мемлекеттік органдар мен арнайы қызметтер сіз туралы ақпарат алып отыратын болады. Қазақстандықтарды да осы нәрсе негізінен мазалап отыр», – дейді Кибер шабуылдарды тергеу және анализдеу орталығының директоры Арман Әбдірәсілов.
Қазақстандағы интернет ассоциациясының президенті Шавкат Сабиров та бұл сертификаттың кемші тұстары мол екенін жеткізді. Ол, тіпті, мұның ойлап тапқандарға да кері әсерін тигізуі мүмкін екенін жасырмады.
«Біз барлық жұмыртқаны бір тесік себетке салып жатырмыз. Оның тесік екені соншалық, мұны бүкіл әлем 8 жыл бұрын білді. Теріс ниетті адамдар бұл сертификатты бұзып, сізге жалған сертификат жіберуі мүмкін. Осылайша сіз алмасып жатқан барлық ақпарат солардың қолына түседі. Бұл сертификатты мемлекет шығаратындықтан, оны әрбір мемлекеттік қызметкердің қолданатыны сөзсіз. Яғни теріс ниеттілер мемлекеттік жазбаларды да көріп отыра алады деген сөз», – дейді ол.

Комментарий