Жаңалықтар | Новости

Ақтауда азық-түлікті көтерме-тарату орталығының құрылысы басталды

Ақтауда көтерме-тарату орталығының құрылысы басталды. Орталықта жергілікті ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілеріне сауда орындары ұсынылады. Бұл өз кезегінде делдалсыз өнім сату арқылы тұтынушылар үшін бағаны тұрақтандыруға оң әсер етеді.

«Азық-түліктің 80 пайызға жуығы импортталады. Осы ретте, 50 мың тонна көкөніс сыятын қоймалардың тапшылығы байқалады. Бұл еліміз бойынша ең жоғары көрсеткіш. Аталған мәселені маңыздылығына қарай шешу қажет. Ол үшін тиісті механизмдер бар. Осыған қатысты Үкімет көкөніс қоймаларының құрылысы жөніндегі жол картасын әзірледі. Азық-түлік бағасының қымбаттауын тоқтату үшін ауыл шаруашылығы өнімдеріне толық қол жетімді әрі ретке келтірілген сауда алаңдарын ашу керек. Әкімдікке Ақтау қаласында коммуналды және көтерме базарларды салуды тапсырамын» деген еді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстауға келген сапарында.

Бүгін сол тапсырма аясында шаһардың 36-шағын ауданында жаңа көтерме-тарату орталығының іргетасы қаланды. Құны 1,5 млрд. теңге болатын жобаны жеке инвесторлар жүзеге асырады. Көтерме сауда орталығы бөлшек сауда базарлары, дүкендер, мейрамханалар және басқа да бизнес субъектілері үшін азық-түлік тауарларының көтерме саудасын ұйымдастырады. Осылайша, делдалды алып тастап, жергілікті өндірушілердің өнімін кепілді өткізудің арқасында азық-түлік тауарларының бағасы төмендейді деп күтілуде.

Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың айтуынша, бәсекелестікті арттыру арқылы азық-түлік бағаларының негізсіз өсуін болдырмау — негізгі мақсат. Мұндағы сауда және қойма көлемі 20 000 шаршы метр болады. Құрғақ қойма, тоңазытқыш және мұздатқыш қоймаларға жылына 73 мың тонна өнім сақталатын болады. Инвестор жоба аясында 200 жаңа жұмыс орнын құрып, жергілікті бюджетке жылына 50 млн. теңгеден астам қаражат салық төлейді деп күтілуде. Көтерме-тарату орталығы 2023 жылы іске қосылады деп жоспарлануда.

Жазира Қуанышбекқызы

Комментарий