Жаңалықтар | НовостиҚұқық | Право

Адам құқығын қорғаудың басты бағыты

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес 2021 жылдың шілдесінен бастап ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі қолданысқа енгізілді. Сол сәттен бастап «Әкімшілік рәсімдер туралы» және «Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы» заңдардың күші жо­йылды.
Бұған дейін мемлекеттік органдар мен азаматтар арасындағы әкімшілік құқықтық қатынастардан туындайтын даулар жалпы немесе арнайы экономикалық соттармен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер әкімшілік соттармен қаралып келген. Жаңа кодекске сәйкес ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап жария-құқықтық даулар жаңа сипаттағы әкімшілік сот өндірісінің мәні мен қағидаларына сай жаңадан құрылған мамандандырылған әкімшілік соттармен қаралады.
Президенттің 2021 жылғы 26 қаң­тар­дағы Жарлығымен азамат пен мемле­кеттік орган арасындағы қоғамдық-құқықтық дауларды қарайтын мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттар құрылды. Барлығы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс юрисдикциясына  жатқызылған дауларды қарау үшін елімізде 21 мамандандырылған ауданаралық сот құрылды, онда 179 судья сот төрелігін жүзеге асырады.
Жаңа кодекс мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін, әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыруға байланысты қатынастарды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібін реттейді. Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі «әкімшілік орган» түсінігін бекітті, оған мемлекеттік органдар және жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен қатар құрамына әкімшілік актіні қабылдауға, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) жасауға уәкілеттік берілген мемлекеттік заңды тұлғалар, ұйымдар кіреді. Мемлекеттік органдар, әкімшілік органдар, лауазымды адамдар, сондай-ақ, жеке және заңды тұлғалар осы кодексте реттелетін қатынастардың қатысушылары болып табылады.
Кодекске сәйкес, міндетті сотқа дейін реттеу тәртібі енгізілген. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін төменгі тұрған орган арқылы жоғары тұрған органға шағым берудің оңайлатылған тетігі қарастырылған, яғни азаматқа жоғары тұрған органды іздеудің қажеті жоқ, ол шағымды шешім қабылдаған органға жібере алады. Шағым, әкімшілік акті, әкімшілік әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымданып жатқан әкімшілік орган не лауазымды тұлға атына беріледі. Әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалып отыр­ған әкімшілік орган, лауазымды тұлға, шағым келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей, шағымды және әкімшілік істі шағымды қарайтын органға жібереді. Бұл ретте әкімшілік актісі, әкімшілік іс-әрекетке (әрекетсіздікке) шағым жасалатын әкімшілік орган, лауазымды тұлға, егер ол үш жұмыс күні ішінде қолайлы әкімшілік акт қабылдаса, шағымда көрсетілген талаптарды толық қанағаттандыратын әкімшілік іс-әрекет жасаса, шағымды қарайтын органға шағым жібермеуге құқылы. Егер, соған қарамастан, шағым жоғары тұрған органға жіберілсе, онда акт заңсыз болған жағдайда жоғары тұрған орган төменгі  мемлекеттік органның актісін жоюға құқылы.
Бұл механизм жоғары тұрған мемлекеттік органның төменгі органдардың қызметіне бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді, сондай-ақ, әкімшілік актілерді қабылдау кезінде бірізділіктің қалыптасуына және азаматтар мен заңды тұлғалардың уақыттарын едәуір үнемдеу­ге ықпал етеді.
Әкімшілік актіге, әкімшілік әрекетке (әрекетсіздікке) шағым әкімшілік органға, лауазымды тұлғаға әкімшілік рәсімге қатысушыға әкімшілік актінің қабылданғаны немесе әкімшілік әрекеттің (әрекетсіздіктің) жасалғаны туралы белгілі болған күннен бастап үш айдан кешіктірілмей беріледі.
Шағымды қарау мерзімі шағым түс­кен күннен бастап жиырма жұмыс күнін құрайды және шешім қабылдай­ды. Сотқа жүгіну шағымды сотқа де­йінгі тәртіппен қарастырғаннан кейін жол беріледі. Егер де азамат мемлекет­тік органның шешімімен келіспесе, сотқа талап арызбен жүгінсе жеткілікті. Бұл талаптар «мемлекеттік органның кінәлілік презумпциясы» қағидаты бо­йынша қаралады. Заңға сай, мемлекеттік орган тек жауапкер болады. Мемлекеттік орган сотта өз шешімінің, әрекетінің немесе әрекетсіздігінің заңдылығы мен негізділігін дәлелдеуге тиіс. Бұған дейін осындай даулар бойынша бұл міндет талап қоюшы тарапқа жүктелген болатын.
Кодексте соттың белсенді рөлі артып отырғандықтан, өз кезегінде сот тараптар ұсынған дәлелдемелермен шектеліп қалмай, дауды шешуде маңызға ие барлық мән-жайларды жан-жақты, толық әрі объективті зерттейді. Сот өз бастамасы бойынша қосымша мәліметтер мен дәлелдемелер жинауға құқылы. Сонымен қатар, жаңа заң аясында судьяға әкімшілік істің нақты және заңды тұстарына жататын құқықтық негіздемелер бойынша өзінің алдын ала құқықтық пікірін айтуға құқылы.
Тағы бір жаңашылдық, ол заңда татуластыру рәсімдері кеңінен қолданылуы қарастырылған. Егер тараптар дауды татуласу, медиация не партисипативтік жолмен шешуге тоқтаса, онда келісім жазбаша түрде жасалады. Оған екі жақ немесе олардың өкілдері қол қояды.
Судья тараптардың татуласуы үшін қажетті шаралар қабылдай алады, дауды процесс барысында реттеуге көмектеседі. Әрине, бұндай шарттар заңға қайшы келген жағдайда және адамдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін бұзатын болса, ондай келісімдерге де жол берілмейді.
Кодекстің тағы бір ерекшеліктері – процестік мәжбүрлеу шаралары, яғни ескерту, сот отырысы залынан шығарып жіберу және ақшалай өндіріп алу көзделген. Ақшалай өндіріп алу сот процестік құқықтарды теріс пайдаланатын, процестік міндеттерді орындамайтын тұлғаға, сот белгілеген мерзімді дәлелсіз себептермен бұза отырып дәлелдер ұсынылған, тапсырмалар орын­далған жағдайларда және әкімшілік іске қатысушы адамның сотқа келмеген, сотқа уақытылы хабарламаған жағдайда қолданылады. Кодекске сәйкес сот өз шешімдерінің орындалуын да қатаң бақылауға алады. Жауапкер әкімшілік іс бойынша соттың шешімін заңды күшіне енген күнінен бастап бір ай мерзімде орындауға міндетті және бұл туралы сотқа хабарлауға тиіс. Егер соттың ше­шімінде белгіленген мерзімде ол ерікті түрде орындалмаса, жауапкерден сот шешімін орындауға процестік мәжбүрлеу шарасы ретінде ақша өндіріп алу көзделген, ол сот шешімі орындалғанға дейін бірнеше рет қолданылуы мүмкін.
Қысқаша тоқталсақ кодекс азаматтар мен заңды тұлғаларға тұлғалардың (жеке және заңды тұлғалар) құқықтары мен бос­тандықтарын мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттерінен қорғауды қамтамасыз етіп, әкімшілік әділет органында шағымды қарау нәтижесіне шағымданады. Бұл сот органдарының процесті жүргізудің түбегейлі жаңа әдісі. Соттың белсенді рөлі – әкімшілік процестің азаматтық процестен маңызды айырмашылығының бірі. Сот дәлелдерді жинау бойынша бастаманы көтереді, барлық қажетті құжаттарды арыз берушіден емес, мемлекеттік органдардан талап ету мүмкіндігіне ие болады. Дәлелдеу жүктемесі әкімшілік актіні қабылдайтын әкімшілік органға салынады.
Жаңа кодекс – азаматтардың құқықтарын қамтамасыз етудің жаңа тетіктерінің бірі. Ол азаматтардың бостандықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуына елеу­лі үлес қосады деген сенімдеміз.

С.Есжанов,
Жаңақала аудандық сотының төрағасы
БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ

Комментарий