Жаңалықтар | Новости

Сот саласындағы цифрлық жетістіктер

Жаңа технологияның, цифрлық дамудың араласпаған, енгізілмеген саласы жоқ. Бүгінде цифрлық технология қызмет жеделдігін арттырудың, қолжетімділікті қалыптастырудың, сапаны жақсартудың негізгі тетігі саналады. Сонымен бірге сандық игіліктер сыбайлас жемқорлыққа жол бермеудің, адами қарым-қатынасты шектеудің де төте жолы.

Электрондық қызметтің қаншалықты тиімді екеніне жалпы жұртшылықтың көзі толық жеткен. Қазіргі кезде азаматтар сотқа арыз-шағымын өткізу үшін жұмысынан қалмайды, басшысынан сұранбайды, сот ғимаратына арнайы келіп әуре болмайды, қаржысы мен уақытын шығындамайды. Себебі бұрынғы иін тірескен кезек, қажетсіз қағазбастылықтың бәрі келмеске кеткен. Азаматтар «Сот кабинеті» бірыңғай сервисінің көмегімен арызын да үйінде отырып жолдап, қажетті анықтама, құжаттарын да осы жерден көп уақыт күтпей ала алады.

Осы уақыт аралығында «Сот кабинетінің» қызметін пайдаланып, мәселесін реттеген азаматтар аз емес. Оны статистика да айғақтайды. Жалпы «Сот кабинеті» қызметі арқылы пайдаланушылар сотқа электронды түрде жүгіне алады. Бұл қызметтің мобильді нұсқасы да азаматтардың сенімді серігіне айналып үлгерген. Бүгінгі таңда мұнда 600 мыңнан астам пайдаланушы тіркелген. Осының өзі сервис тұтынушысының жыл өткен сайын көбейіп жатқанын көрсетеді. Айталық «Сот кабинеті» қолданысқа енгізілген 2014 жылы талап-арыздардың небары 5% ғана электронды түрде берілетін. Бұл тұста азаматтардың жаңа технологиядан хабары болмағаны, жаңа сервисті қолдануды меңгермегені өз әсерін тигізген болатын. Тұрақты түсіндіру, құқықтық сауатты арттырудың арқасында бүгінде бұл көрсеткіш 92% пайызға жеткен. Процестердің барлығы дерлік онлайн түрде өтуде. Сотта жүргізілген заманауи реформалардың нәтижесінде карантин кезінде де жұмыс істеу қиындық тудырған жоқ. Ел көңілінін шығып, тұрғындар сұранысын орындаған ІТ-технология жетістіктері алдағы уақытта да сот жұмысын жандандыруға қолданыла бермек.

Бауыржан Шанкереев,

Алматы қаласы

Медеу аудандық соты кеңсе меңгерушісінің міндетін атқарушы

Комментарий