Жаңалықтар | НовостиСудья мінбері | Судебная система

Мемлекеттік қызметтің маңызы артуда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» (2019.02.09) жолдауында «Мен мемлекеттік органдардан жұмысты жедел атқарып, нақты нәтижеге қол жеткізуді талап етемін» десе, «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» (2020.29.09) атты жолдауында заң үстемдігі орнығып, азаматтардың қауіпсіздігіне кепілдік берілмейінше, әлеуметтік-экономикалық дамудың бірде-бір міндеті табысты жүзеге асырылмайтынын айтты. Сонымен қатар, Президент «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» – бұл, шын мәнісінде, «Әділетті мемлекет» құру тұжырымдамасы. Азаматтардың мәселелерін тыңдап, көріп қана қою жеткіліксіз.

Ең бастысы – дұрыс және әділ шешім шығару қажет» деп, құқық қорғау мен сот жүйелерін одан әрі реформалау бағытында бірқатар тапсырмалар жүктеген блатын. Аталған салаларда жүзеге асырылып жатқан реформалар мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуда маңызды қадам болды. Олай дейтініміз, қоғам мен мемлекет арасындағы байланысты мемлекеттік қызметкерлерден бөліп қарай алмаймыз.

Өткен жылы ҚР Мемлекеттік қызмет туралы заңы жаңартылды. Заңдағы өзгертулер мен толықтырулар негізінен мемлекеттік қызметшілер жауапкершілігін арттыруға бағытталды. Атап өтсек, осы заңмен әкімшілік лауазымдарға конкурстан тыс тағайындауға құқығы бар тұлғалар мүмкіндігі кеңейтілді. Сондай-ақ, саяси қызметшілер ротациясы енгізіліп, мемлекеттік қызметкерлерді қайта даярлау мен біліктіліктерін арттыруды ҚР Президенті жанындағы білім беру орындарымен қатар, олардың филиалдары, дербес білім ұйымдары жүзеге асыратын болды. Тағы бір жаңалық, құқық қорғау органдарының лауазымдарына конкурс пен тағылымдама өткізудің шарттары мен тәртібін бекіту құзыреті орган басшысына берілді. Бірақ, ол бұл міндетті мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органмен келісе отырып жүргізеді. Конкурсқа қатысушының жеке қасиеттерін уәкілетті орган бағалайды. Осы тұста айта кетерлігі, мемлекеттік қызметтің жаңа моделін жоғары деңгейде қалыптастыру үшін мемлекеттік органдарға Әдеп жөніндегі уәкілдер институты енгізілді. Жаңа институт жұмысы халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімінің артуына, мемлекеттік қызмет мәдениетінің қалыптасуына, сыбайлас жемқорлық пен қызметтік әдеп нормаларын бұзудың алдын алуға, т.б. бағытталған.

Мемлекеттік қызметкерлерге жүктелер жауапкершілік жылдан-жылға жоғарылауда. Мысалы, 2010-2020 жылдарға арналған құқықтық саясат тұжырымдамасында әрбір мемлекеттік қызметші мемлекеттік биліктің айнасына теңелді. Олардың өздеріне жүктелген осынау жауапкершілікті түсіне отырып, азаматтар пікіріне барынша мұқият және мүдделілікпен қарауға, дау қай жерде және қандай себеппен туындаса да, оның алдын алуға, мемлекеттік қызметтің беделін барынша нығайтуға міндетті екендері нақтыланды. «100 нақты қадам» ұлт жоспарының 15 қадамы мемлекеттік аппаратты кәсібилендіруге арналуы да, мемлекеттік қызметтің мәртебесін айқындайды.

Қазіргі таңда «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қалыптастыру жолында атқарылып жатқан игі істер Елбасының Қазақстан-2050 стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты атты халыққа арнаған жолдауында алға қойылған міндеттермен, яғни, «Халыққа және мемлекетке қызмет етуді барлығынан жоғары қоятын кәсіпқой мемлекеттік аппарат қалыптастырумен» ұштастырылып жалғасуда. Сондықтан, елімізде мемлекеттік қызметкерлерді қолдау шаралары тұрақты жүргізіліп жатыр. Ең негізгісі, мемлекеттік қызметшілер адал әрі сапалы қызмет көрсетіп, халықтың сенімін ақтаулары керек. Бұл жолда Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Біз өзіміздің халықтың қызметшісі екенімізді ұмытпайық. Мансапқорлық көрсетпей, әр істе әділ болып, әрбір адамның мұң-мұқтажын түсініп, оны дәл сол кезде орындай алмасаң да түсіндіріп, дұрыс жауап беріп, шығарып салу – біздің парызымыз. Сонда әкімшілік те, мемлекеттік қызметкерлер де халыққа жақын болады» деген сөзі әрбір мемлекеттік қызметші үшін басты қағидаға айналуы тиіс.

Ғалия Оңланбекова,

Алматы қаласының мамандандырылған

ауданаралық экономикалық сотының судьясы

Комментарий