Судья мінбері | Судебная система

Сот беделін мемлекет беделінен бөліп қарастыру мүмкін емес

Тәуелсіз ел атанып, жоғалтқанымызды түгендеп, барымызды бүтіндеп жатқанымызға 30 жылдың жүзі болыпты. Осы аралықта Қазақстанның азат мемлекет ретіндегі өзіндік бет-бейнесін қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар жасалды. Жас мемлекеттің туын көкте желбіретіп, тұғырын биіктету үшін барлық саланың өн бойына жан бітіріп, жандандыру керек болды. Соның ішінде отандық сотты қауіпсіздік пен әділеттің тірегі, азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғаудың мызғымас құралына айналдыру міндеті тұрды.

Өйткені соттың беделін мемлекеттің беделінен бөліп қарастыру мүмкін емес. Осыған орай Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауларында сот жүйесін жандандыру, судьялар тәуелсіздігін нығайту, төрелік алаңындағы түйткілдерді шешу мәселесі үнемі басты назарда тұрды. Әр Жолдау салаға тың бетбұрыс жасауға, үлкен реформалар жүргізуге мұрындық болды. Әсіресе әр төрт жыл сайын ұйымдастырылатын республика судьяларының съезі саланың тынысын ашып, қызметін бір жүйеге салғанын айта кеткеніміз жөн.

Ширек ғасырлық тарихы бар съездердің сот жұмысындағы алар орны айрықша. Бүгінге дейін судьялар қауымының басын қосқан алқалы жиын елорда төрінде сегіз рет өткен екен. Алғашқы съезд Алматыда өтуімен ерекшеленсе, VIII съезд карантин жағдайында онлайн ұйымдастырылуымен есте қалмақ.

Былтырғы жыл қай салаға болсын оңай тимегені анық. Әлемді алаңдатқан коронавирус инфекциясы барлық жүйенің жұмысын ақсатты, қызмет ағынын өзгертті. Көптеген мекемелер қашықтан жұмыс істеуге көшті. Ал осындай сындарлы сәтте сот саласы іркіліп қалған жоқ. Жаңа технологияны жетік меңгеріп, сот жұмысына жан-жақты енгізудің арқасында сот процестерін онлайн өткізу айтарлықтай қиындық туғызбады. Азаматтар да бұл өзгерістердің қауіпсіздікті сақтау үшін, індеттің таралуына тосқауыл қою мақсатында жасалғанын жақсы түсінді.

Қазақстандық сот карантин кезінде де өз жүрісінен жаңылмады. Процестердің барлығы онлайн режимінде кедергісіз өтті. Соның арқасында азаматтар уақыты мен қаржысын үнемдеуге, сот отырысына өз үйі мен кеңсесінде отырып қатысуға қол жеткізді. Бұл бұған дейін өткен республика судьяларының съездерінде берілген тапсырмалардың, орындалған міндеттердің нақты нәтижесі. Әрі осы ізгілікті істер VIII съездің де жоғары деңгейде ұйымдастырылуына жол ашты.

Съездің онлайн форматта жаңаша тәртіпте өтуінің артықшылығы аз емес. Мәселен бұрын судьялар съезіне тек іріктелген делегаттар қатысатын. Алқалы жиында қандай мәселелердің көтеріліп, талқыға салынғанын әр өңірден съезге қатысқан әріптестер арқылы білетін едік. Ал былтырғы съезд онлайн форматта өткендіктен жиынның маңызын түйсінуге, ондағы ортақ тақырыптарды бірге талқылауға бүкіл сот корпусы қол жеткізді. Бұл да сот жүйесінің отыз жыл ішінде дамығанын, өркениетті елдер көшіне ілескенін айғақтайды.

Судьялар съезінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сот жұмысына оң баға беруін ұжымдық жұмыстың жетістігі деп бағалағанымыз жөн. Алқалы басқосуда талқыға түскен негізгі тақырып — әлеуметтік желідегі жауаптылыққа, судьяларға жасалатын виртуалды қысымға бағытталғаны белгілі. Бір анығы — қазылар жұмысы жұртшылыққа алақандағыдай анық көрініп тұрады. Судьяның сот процесіндегі кескін-келбетіне ғана емес, сот жұмысынан тыс уақыттағы бет-бейнесіне де жоғары талаптың қойылуы сондықтан. Әріптестеріміз осындай шектеулердің барын біле тұрып судья болуға тәуекел еткендіктен, сот беделіне, жалпы сот корпусының атына кір келтіретін әрекеттерден бойын аулақ ұстағаны абзал. Өйткені, бір судьяның лайықсыз ісі бүкіл ұжымның жұмысын жоққа шығарып, мысқалдап жиналған абыройдан бір сәтте айыруы мүмкін.

Әрине, қателік жасаған, кемшілік жіберген судьяның жауапсыз қалмасы анық. Ал, асығыс айтылған айыптан, негізсіз жаладан судьяларды қалай арашалай аламыз? Бүгінде ресми бұқаралық ақпарат құралдарын арнайы жаздырып алып оқитын, ресми ақпараттарды күтіп жүріп көретін азаматтар сирек. Ақпараттың көбін халық әлеуметтік желі арқылы көріп, оқып отыр. Өкінішке орай, әлеуметтік желіде тараған ақпараттың шынайылығына, айтылған сынның негізділігіне ешкім кепіл бола алмайды.

Әлеуметтік желіде сүзгі де, сараптау да жоқ. Қандай ақпарат бұрын таралса, азаматтар соны шынайы дерек деп түсінеді. Әсіресе судьяларға қатысты мәлімдеме, пікірлердің көпшілігі жаңсақ, есеппен жазылатынын білсе де халық сот өкілдерін айыптауға, кінәлауға әуес. Ақпараттың бұрыстығы, дәйектің бұрмаланғаны туралы кейіннен жазылғанымен, көпшілігі алғашқы мәліметтің ықпалынан шыға алмайды.

Сондықтан, әлеуметтік желі, бұқаралық ақпарат құралдарының жауаптылығын көтеруге қатысты нақты қадамдар жасалуы тиіс. Өзінің жазасыздығын сезінген азаматтар тексерілмеген ақпарат арқылы көпшілік арасында резонанс тудыруды мақсат етеді. Соған орай өз имиджін сот имиджінен биік қойғандарға ой салып қана қоймай, шалыс қадам жасауына жол бермеудің нақты заңдық тетігін жасау міндет.

Рустам Измайлов,

Алматы қаласы Әуезов аудандық №2 сотының судьясы

Комментарий