Судья мінбері | Судебная система

Татуласу тараптарға тиімді

Қазақ халқы бейбітшілікті, тыныштықты, татулықты тәу еткен ел. Содан болар, оның ежелгі құқықтық құжаттардың барлығы құқықбұзушылықты келісіммен шешуге, дауды бітіммен бітіруге бағытталған. Қазаққа бітімгершілік жат емес. Керісінше, тентекті түрмесіз түзеудің, дауды ушықтырмай шешудің механизмін, қағидасын қазақтың байырғы заңдарынан үйренуіміз керек.

Бабалар бітімгершілігі бүгінде «Медиация туралы» заң арқылы жүзеге асырылуда. Бұл заңның қабылданып, қолданыста келе жатқанына да он жыл болды. «Медиация» термині латынның «mediare», делдалдық ету деген сөзінен шыққан. Жалпы, медиация – үшінші, бейтарап, әділ, жанжал нәтижесіне мүдделі емес тараптың қатысуымен өтетін, дауларды реттеудің баламалы жаңа түрі. Үшінші тарап дегеніміз – медиатор. Медиатор – ол даудың немесе сотта қаралатын істің қатысушыларының белгілі бір келісімге келуіне көмектеседі, ол бір мезгілде тараптар дауды реттеу мен оны шешудің шарттары жөнінде шешім қабылдау үдерісін толығымен бақылап отырады.

Медиацияның мақсаты – дауды (дау-шарды) шешудің медиацияның екі тарапын да қанағаттандыратын нұсқасына қол жеткізу және тараптардың дауласушылық деңгейін төмендету.  Осы жылдар ішінде медиацияның маңызын түсінген азаматтардың медиативтік келісімге келуі жиіледі. Заң алғаш қабылданғанда кәсіби және кәсіби емес медиаторлар қызметіне жатырқай қараған халық қазір татуластырушы тұлғаларды іздеп жүріп кеңес сұрайтын жағдайға жетті. Соның арқасында бүгінде мықты, кәсіби білікті, көпшілік арасында жоғары сұранысқа ие медиаторлар шоғыры қалыптасып үлгерді.

Дау-шарды сотқа жеткізбей шешудің тетіктері жыл өткен сайын жетілдіріле түскенін көпшілік көріп, біліп отыр. Мәселен заң алғаш қабылданған тұста тек медиаторлар дауға араласты. Ал, дауды татуластыру жолымен шешуге қорғаушылардың қатыстырылуы да оңтайлы шешім екені ақиқат. Өйткені, тараптар медиаторларға сенбегенімен, өздері арқа сүйеп, құқықтық көмек күтіп отырған адвокаттардың пікіріне құлақ асады. Бұл жерде адвокаттар өздерінің қаржылық артықшылығын ойламауы керек. Қорғауындағы азаматқа жаны ашып, дауды шешудің дұрыс нұсқасын көрсетуі тиіс. Адвокаттар өз тұтынушысына қамқорлық танытып, істі бітімгершілікпен бітіруге тырысқан жағдайда тараптардың да әуре-сарсаңға түсуінің, өз талабын тиімді шешуінің мүмкіндігі туар еді.

Татуластырушы  судьялардың белгіленуі де Жоғарғы Соттың елдегі даукестікті төмендету мақсатында барлық әдіс, жаңашылдықты қолданатынын көрсетіп отыр. Мұндай қадамның жасалуына азаматтардың талап-тілегі әсер еткен еді. Себебі медиация туралы заңнан толық хабары жоқ азаматтардың қарсы тараппен келісімге келуді қалағанымен, бұл келісімді судьяның бекіткенін дұрыс көретін. Осыған орай соттарда татуластырушы судьялар жұмысқа кірісті. Бұл бастаманың да нәтижелі болғанына статистика мен дауын медиация арқылы тиімді шешкен азаматтар куә.

 

Төленді Боранов,

Алматы қаласы Әуезов аудандық №2 сотының судьясы

Комментарий