Жаңалықтар | Новости

Маңғыстауда 72 кәсіпкердің жер мәселесі түбегейлі шешілді

Маңғыстау облысында 72 кәсіпкердің даулы жер учаскелері мемлекетке қайтарылмай, бизнестің меншігінде қалды. 6 ай бойы дау болған жер телімдері үшін іскерлерге ел қазынасынан 1 млрд тг үстінде шығын төленуі мүмкін еді.

72 кәсіпкерге қатысты даулы мәселе биыл көктемде Бейнеу ауданында басталды. Іскерлерге 6 жыл бұрын кәсіп ашу мақсатында алған жерлерін   құзырлы органдар заңсыз берілген деп шешіп, мемлекетке мәжбүрлеп қайтаруды талап еткен. Балабақша, азық-түлік дүкендері, тіс емханасы, көлік жөндеу орталықтарын салып,  500-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отырған іскерлер бірнеше рет сотқа тартылды.

Аталған мәселе алдымен Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Кеңесінде қаралған болатын. Онда Маңғыстау облысының қала құрылысы мен жерді бақылау басқармасы осы іс бойынша ешқандай тексеру немесе талдау жүргізбей бірнеше кемшілікке жол бергені айтылды. Сотқа талап қоюшы басқарма арызында аудан әкімі мен мемлекеттік мекеме Жер кодексінің талаптарын бұзып, жер учаскесін жалдау, сату  құқығы жөнінде аукцион өткізбей бергенін көрсеткен. Сондықтан да  келісімшарттарды,  меншік құқығын беретін актілерді, мемлекеттік тіркеуді жарамсыз деп танып, жер учаскісін  мемлекеттік арнайы қор есебіне қайтаруды сұрады. Сот шешімімен талап қоюшының талабы ішінара  қанағаттандырылған. Оған жауапкерлер мен кәсіпкерлер палатасы келіспей, апелляциялық шағым түсірді.

«Онда  сот актісі жан-жақты зерттелмей шығарылғанын, шешімде баяндалған тұжырымдар істің мән-жайларына сәйкес келмейтінін, талап қою мерзімі әлдеқашан өткенін алға тарттық. Сот шешіміне прокуратура да келіспеді. Әкім шешімі  ҚР ӘПК-ның 29-тарауымен белгіленген тәртіпте ғана даулануы керек. ҚР Жер кодексінің 148-бабымен жерді бақылау басқармасына мәмілені жарамсыз деп тануға арыз беру құқығы берілмегенін көрсеттік. Тиісінше бірнеше құрылыс нысаны ашылып, әділет органдарымен тіркелгенін, жер учаскелері игеріліп, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып отырғанын алға тарттық. Кәсіпкерлерге келтірілген материалдық шығындарды өндіру шешілмегенін көрсетіп, бірінші сатыдағы сот шешімін бұзып, талап арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған едік. Оң шешім қабылданды»,- деді Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің төрағасы Әмірғали Жанаев.

Бұл мәселе бизнес өкілдерін біраз тоқыратты. Мемлекетке салығын төлеп, нәпақасын тауып отырған күйінен айрылып қаламыз ба деп үрейленді. Кәсіпкер Альфия Ерназарова: «Жер Өкіметке қайтарылады деді. Ол жердің үстінде қарайған құрылыс тұр. Енді оны қайтып алғанда бұзып тастаймыз ба? Қатты қиналдық. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына арыз тастадық. Барлығы атсалысып, біз кәсіпкерлер үшін барлығының жаны күйді. Қазіргі таңда бәріміз қуаныштымыз»,- дейді.

Қуанышқа кенелу оңайға соқпады. Істері екі сатылы сотта қаралып, оның бәріне Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасы қызметкерлері сенімді өкіл ретінде қатысты. Мәселені бастан-аяқ бақылауда ұстап, бизнестің құқығын қорғауға барын салды.  Енді, кәсіпкерлерді әуре-сарсаңға салған комиссия мүшелерінің жауапкершілігі қаралмақ.

«6 ай осындай азар берген жігіттерге шара қолдану керек. Облыс пен аудан әкімінің атына хат бергенбіз. Шара қолдану туралы. Бизнесті машақатқа ұшыратқандар мемлекеттік қызметкерлерінің санында қала ма, қалмай ма оны өздерінің басшылары шешетін болады»,- деп ой түйіндеді Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Рашид Мұстапаев.

Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасында өткен брифингке прокуратура өкілдері де қатысты. Облыстық прокуратураның басқарма аға прокуроры Жазира Қуанованың айтуынша, қазір кәсіпкерлер құқын қорғауға көптеген мүмкіндік беретін заң күшіне енді. Енді бизнес келеңсіз жайттарға тап болса, құзырлы органға тікелей арыздана алады, прокуратура оларды заңды түрде қорғайды.

Шара соңында Өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Серік Әміров: «Кәсіпкерлердің мәлімдемесінде көрсетілгендей, олардың материалдық шығындары шамамен бір миллиард теңгеден асты. Бұл қаражатты мемлекеттік бюджеттен қайтару қиын болатыны анық. Бұл мәселенің оң шешім тапқаны бюджет шығындарын  азайтуға да сеп болды. Жалпы ағымдағы жылдың 9 айында бизнесті қорғау бойынша Кәсіпкерлер палатасына 74 өтініш келіп түсті. Оның 53-і бойынша кәсіпкерлердің құқықтары толық көлемде қорғалды. Бұл келіп түскен өтініштердің жалпы санының 71,6% құрады. Негізінен кәсіпкерлер палатасы бизнес пен мемлекеттік органдар арасында туындаған дауларды сотқа дейін жеткізбей, келіссөздер, дөңгелек үстелдер, кеңестер өткізу жолымен, сондай-ақ кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесте реттеп отырады»,-деді.

Жазира Қуанышбекқызы

Комментарий