Жаңалықтар | Новости

Маңғыстаудан алғашқы әйелдер вагоны жолға шықты

Бүгін әйелдер вагоны тіркелген алғашқы пойыз жолға шықты. «Маңғыстау-Алматы» бағытында қатынайтын жолаушылар көлігі толықтай жаңартылған құрамда сапар шегеді.

Пилоттық режимде 30 әйелді тасымалдайтын вагонда билет құны қарапайым вагондармен бірдей. Билет сатып алғанда, әйелдер вагоны «ЖН» деп белгіленеді. Сондай-ақ, бұл вагонға билет алған жолаушы жеті жасқа дейінгі ұл балаларды өзімен бірге алып жүре алады.Вагондар мемлекеттік «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы аясында сатып алынған.

Пойыз «Тверь» вагон жасау зауытының технологиясы бойынша «Тұлпар» кәсіпорнында құрастырылды. Пойыз құрамында 14 купе, 16 плацкарт жаңа вагоны қатынайды. Вагондар ауа баптау және өрт сөндіру жүйесімен, бейнебақылау, су қорымен жабдықталған. Сонымен қатар, әр вагонға тоңазытқыш пен микротолқынды пеш те қойылған. Айта кетейік, «Маңғыстау-Алматы» бағытындағы пойыз бұрын өте ескі әрі жолаушылардан арыз-шағым көп түсетін.

«Әйелдер вагоны ашылғанына өте қуаныштымын. Біздің қауіпсіздігіміз үшін қажет болатын. Енді жолдағы 3 тәулікті алаңсыз өткіземіз. Іші өте таза, ұядай жайлы екен»,- деді жолаушы Мөлдір Қуаныш. «Маңғыстау – Алматы» бағыты бойынша жаңа вагондардың іске қосылуы – біз үшін айтулы оқиға. Қазіргі уақытта біз 28 жаңа вагонды алдық, олардың 18-і осы құрам үшін пайдаланылатын болады. Вагондар халықаралық стандарттарға сай жасақталған. Әр купеде теледидарлар да бар. Осы вагондардың арқасында біз қызмет сапасын едәуір арттырамыз, — дейді «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директоры Питер Штурм.

Жазира Қуанышбекқызы

Комментарий