Жаңалықтар | НовостиҚұқық | Право

Әкімшілік сот ісін жүргізу мерзімі қандай?

2020 жылғы маусымда Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс (ӘРПК) қабылданды. Бұл Қазақстаннның құқықтық жүйесінде маңызды реформалардың бірі болды. Ол 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енді.

Әкімшілік сот ісін жүргізуді мамандандырылған аудандық және оларға теңестірілген әкімшілік соттар жүзеге асырады.
Әкімшілік сот ісін жүргізу мерзімдері кодексте нақты белгіленген. Сотқа талап қоюдан бастап сот шешімі орындалғанға дейінгі сот ісін жүргізу мерзімдері осы кодексте көрсетілген мерзімдерге сай жүргізілуі тиіс.
ӘРПК-нің 136-бабының талаптарына сәйкес дау айту туралы, мәжбүрлеу туралы талап қоюлар шағымды қарайтын органның шағымды қарау нәтижелері бойынша шешімі табыс етілген күннен бастап бір ай ішінде сотқа беріледі.
Сот орындаушысының атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) талап қою әрекет жасалған (әрекет жасаудан бас тартылған) күннен бастап немесе сот орындаушысының әрекет жасау уақыты мен орны туралы хабарланбаған өндіріп алушыға немесе борышкерге ол туралы белгілі болған күннен бастап он жұмыс күні ішінде сотқа жіберіледі.
Құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері әкімшілік актіде қозғалатын, әкімшілік рәсімге қатыспаған адам әкімшілік актінің қабылданғаны туралы адам білген немесе білуі мүмкін болған күннен бастап бір ай ішінде, ол қабылданған күннен бастап бір жылдан кешіктірмей сотқа талап қоюға құқылы.
Шағымды қарайтын органға шағым берген адам шағым бойынша шешім табыс етілген кезден бастап бір ай ішінде не шағымды қарау мерзімі өткен соң, егер шағым бойынша шешім қабылданбаса, талап қоюмен сотқа жүгінуге құқылы.
Дәлелді себеппен өткізіп алынған талап қоюға арналған мерзімді сот ҚР Азаматтық процестік кодексінің қағидалары бойынша қалпына келтіруі мүмкін.
ӘРПК-нің 138-бабының 5-бөлігіне сәйкес судья жауапкерді ҚР Азаматтық процестік кодексінің талаптарына, әкімшілік іске (бар болса) сәйкес дайындалған және ресімделген жазбаша пікірді он жұмыс күнінен аспайтын мерзімде беруге міндеттейді.
ӘРПК-нің 139-бабының 2-бөлігіне сәйкес талап қоюмен бір мезгілде келіп түскен талап қоюды қамтамасыз ету туралы арызды судья талап қою арызы келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қарайды.
ӘРПК-нің 143-бабының 1-бөлігіне сай уәкілетті органның мемлекеттік сатып алуды өткізуді тексеру қорытындылары бойынша шешімдеріне, қорытындыларына, нұсқамаларына, сондай-ақ сот орындау­шыларының әрекетіне (әрекетсіздігіне) дау айту туралы әкімшілік істер бойынша алдын ала тыңдау сотқа талап қою берілген күннен бастап жиырма жұмыс күнінен кешіктірмей жүргізіледі.
ӘРПК-нің 146-бабының талаптарына сәйкес әкімшілік іс ақылға қонымды, бірақ талап қойылған күннен бастап үш айдан аспайтын мерзімдерде қаралады және шешіледі.
Аса күрделі әкімшілік істер бойынша бұл мерзім соттың уәжді ұйғарымымен ақылға қонымды, бірақ үш айдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін.
Уәкілетті органның мемлекеттік сатып алуды өткізуді тексеру қорытындылары бойынша шешімдеріне, қорытындыларына, нұсқамаларына және сот орындаушысының әрекетіне (әрекетсіздігіне) дау айту туралы әкімшілік істер оған сот отырысында талқылау тағайындалған күннен бастап он жұмыс күні ішінде қаралады және шешіледі.
ӘРПК-нің 148-бабының 1-бөлігіне сәйкес сот тараптардың келісімімен әкімшілік істі жазбаша талқылауда ақылға қонымды, бірақ талап қойылған күннен бастап үш айдан аспайтын мерзімде қарауға құқылы.
Аса күрделі әкімшілік істер бойынша бұл мерзім соттың уәжді ұйғарымымен ақылға қонымды, бірақ үш айдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін.
ӘРПК-нің 151-бабына сай дауды мәні бойынша шешетін сот актісі шешім нысанында шығарылады. Шешім қысқаша нысанда шығарылуы мүмкін.
Шешім әкімшілік істі талқылаудан кейін шығарылады және ауызша талқылау аяқталған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмей дайындалады. Айрықша жағдайларда әкімшілік істің күрделілігі ескеріле отырып соттың шешімі ауызша талқылау аяқталған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей дайындалады.
ӘРПК-нің 153-бабының 3-бөлігіне сәйкес сот тараптардың өтінішхаты бо­йынша, бірақ соттың қысқаша шешімі табыс етілген кезден бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей шешімді дайындауға міндетті. Толық шешімнің мәтіні осындай өтінішхат келіп түскен кезден бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмей дайындалады.
ӘРПК-нің 168-бабының 2-бөлігіне сай заңды күшіне енбеген соттың шешімдеріне әкімшілік процеске қатысушылар апелляциялық шағым беру арқылы апелляциялық тәртіппен түпкілікті нысанда шешім шығарылған күннен бастап екі ай ішінде шағым жасауы мүмкін. Прокурордың апелляциялық өтінішхаты осы кодекстің 31-бабында көзделген әкімшілік істер бойынша түпкілікті нысанда шешім шығарылған күннен бастап екі ай ішінде берілуі мүмкін.
Бірінші сатыдағы соттың ұйғарымына жекеше шағым, прокурордың өтінішхаты ұйғарым түпкілікті нысанда дайындалған күннен бастап он жұмыс күні ішінде беріледі.
Уәкілетті органның мемлекеттік сатып алуды өткізуді тексеру қорытындылары бойынша шешімдеріне, қорытындыларына, нұсқамаларына және сот орындау­шыларының әрекетіне (әрекетсіздігіне) дау айту туралы әкімшілік істер бойынша апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты шешім шығарылған күннен бастап он жұмыс күні ішінде берілуі мүмкін.
Апелляциялық саты сотындағы әкім­шілік іс ақылға қонымды, бірақ ол сотқа келіп түскен күннен бастап үш айдан аспайтын мерзімде қаралады және шешіледі.
Аса күрделі әкімшілік істер бойынша бұл мерзім соттың уәжді ұйғарымымен ақылға қонымды, бірақ үш айдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін.
ӘРПК-нің 169-бабының талаптарына сәйкес соттың заңды күшіне енбеген шешімдері мен ұйғарымдарына әкімшілік процеске қатысушылар кассациялық шағым беру арқылы кассациялық тәртіппен апелляциялық сатының түпкілікті нысандағы сот актісі табыс етілген күннен бастап бір ай ішінде шағым жасай алады.
Прокурордың кассациялық өтінішхаты осы кодекстің 31-бабында көзделген әкімшілік істер бойынша түпкілікті нысандағы шешім шығарылған күннен бастап бір ай ішінде берілуі мүмкін.
Заңды күшіне енген, оның ішінде татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсімді реттеу тәртібімен аяқталған әкімшілік істер бойынша сот актілері Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының өз бастамасы бойынша да, осы баптың екінші бөлігінде аталған адамдардың өтінішхаттары бойынша да келтірілген, оған осы кодекстің 31-бабында көзделген әкімшілік істер бойынша берілген наразы­лықтары бойынша заңды күшіне енген күннен бастап үш ай ішінде қайта қаралуы мүмкін.
ӘРПК-нің 171-бабына сәйкес соттың шешімі заңды күшіне енгеннен кейін оны үш жұмыс күні ішінде орындау үшін жа­уапкерге жібереді.
Жауапкер әкімшілік іс бойынша соттың шешімін заңды күшіне енген күннен бастап бір ай мерзімде орындауға міндетті, ол туралы сотқа хабарлауы тиіс.

Н.Бактыгалиев,
Темір аудандық сотының судьясы
Ақтөбе облысы

Комментарий