Жаңалықтар | НовостиСудья мінбері | Судебная система

Рахила Мұхамбетқалиева, отставкадағы судья: «Ел сенімі – биік мәртебе»

Рахила Советқызы, сот жүйе­сінде 30 жылдан астам жұмыс істепсіз. Бұл аз уақыт емес. Еңбек жолыңыз қалай басталып еді?
– 1985 жылы Саратов заң инс­титутын аяқтадым. Cот жүйесіндегі қызметтік жолым 1986 жылы Ақтөбе қаласының Пролетар аудандық халық сотында сот отырысының хатшысы қызметінен басталды. Екі жылдан соң, 1987 жылдың 21 маусымында Ақтөбе облысы, Шалқар аудандық халық сотына халық судьясы лауазымына сайландым. Ол кезде мен 26 жаста едім.
Шалқар аудандық сотында 10 жылға жуық уақыт судьялық қызмет атқардым. Ол кезде аудандық соттың төрағасы Б.Тайгужиев болатын.

Марқұм әкем Совет Мұхамбетқалиев сот жүйесінің ардагері еді. Ол өмірінің 40 жылдан астам уақытын өңірдегі сот органдарында жұмыс істеуге арнады. Мен судьялыққа сайланғанда әкем: «Өз қызметіңе жауапкершілікпен қарап, судьялық мансапта адал, бейтарап және әділ бол!» деп ақ батасын берген болатын. Әке өсиеті менің өмірлік ұстанымыма айналды.
1997 жылы Ақтөбе аудандық сотының судьясы лауазымына тағайындалдым. 2001 жылы Ақтөбе қалалық №2 сотының судьясы, ал 2012 жылдан бастап Ақтөбе облыстық сотының судьясы қызметін атқардым.
Сот саласына қосқан үлесім мен қыз­метім бағаланып, «ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалі, ҚР Судьялар одағының «Үш би» құрмет белгісі, ҚР Жоғарғы Соты төрағасының ІІI дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалі, ҚР Жоғарғы Соты төрағасының ІІ және І дәрежелі «Сот жүйесінің үздігі» төсбелгісімен марапатталдым.

– Судья болу үшін қандай мінез керек? Барлығы тәжірибемен келетіні белгілі. Дегенмен, сот төрелігін жүргізуде судьяның жеке басында қандай негізгі шарттардың болғанын қалар едіңіз?

– Судьяның ең алдымен адамгершілігі жоғары болу қажет, өз мамандығына, кәсібіне адал, ішкі жан дүниесі таза болғанда ғана жұмыс нәтижелі болады. Мінезі сабырлы, адамды тыңдай білетін, ойлау қабілеті жоғары, қандай жағдайда да өзін қалыпты ұстай алатын судья ғана халық сеніміне ие болады. Егер судьяда осындай қабілет пен қасиет болмаса жұмысы өнбейді, маман ретінде еш беделі болмайды.

– Соңғы кезде мемлекет қоғамды жемқорлардан тазарту мәселесіне ерекше басымдық беріп келеді. Осы орайда сыбайлас жемқорлыққа байланысты нақты сот үкімі шыққан істерге тоқталып өтсеңіз. Жалпы, мұндай деректер көп пе?

– Қазақстан Республикасының құқықтық саясат концепциясында сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін қатаң жауаптылыққа тарту қажеттілігі көрсетілген. Бұндай қажетті тәсіл жаңа Қылмыстық кодексте жүзеге асы­рылған. Сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасап сотталған адамдарға заңмен шартты түрде жаза тағайын­дауға тыйым салынған. Сонымен қатар ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасап сотталған адамдарға шартты түрде мерзімінен бұрын босату қолданылмайды. Осы заңдарымызды қатаңдатқанына қарамастан, сыбайлас жемқорлық қылмыс­тары әлі де азаймай тұр. Сондықтан бұл қылмыстармен бүкіл халық болып күресу қажет.
Ақтөбе облысының соттарымен сыбайлас жемқорлық қылмыстары бо­йынша қаралған істердің статистикалық мәліметіне келсек, 2020 жылы 46 адам сотталған және 6 адам ақталған. 2021 жылдың 1 жартыжылдығында 19 адам сотталған. Осы сотталған адамдардың көбісі лауазымды адамдарға пара бергені үшін, пара алғандары үшін, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттілік берілген адамдар бола тұра, өз қызметтерін пайдаланып алаяқ­тық жасағандары үшін және басқа да сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасағандары үшін сотталған. Сотта қаралған істердің біріне тоқтала кетейін. Сот үкімімен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің қызметкері «А» деген азамат өзінің қызметтік бабын пайдаланып, «Б» деген азаматқа мемлекетке бережақ салықтарын азайтып беруге көмектесем деп сеніміне кіріп және алдап, 60 миллион теңге ақшасын жымқырып алғаны үшін кінәлі болып танылған. Осы іс-әрекеті үшін «А» Қылмыстық кодекстің 190-бабының 4-бөлігі 2-тармағымен, 28-бабы 4-бөлігі, 367-баптың 4-бөлігі, 58-баптың 3-бөлігі негізінде 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл жерде сыбайлас жемқорлық қылмыстарымен күресетін органның қызметкері өзі қылмыс жасап сотталып отыр. Әр органда мұндай жағдайлар кездеседі, бірақ барлық қызметкерлер сондай деп үзілді-кесілді айтып көпке топырақ шашуға да болмайды.

– Адам тағдырын шешіп, оған төрелік айту оңай емес. Бұл жолда ағаттыққа да жол жоқ. Судьялық қызметіңізде ерекше есте қалған істер туралы айтып берсеңіз.

– Бұл іс өткен жылы қаралған еді. Ж. есімді сотталушы ақша не болмаса құнды заттарды жымқыру мақсатымен жәбірленуші Д.-ның үйінің жертөлесінің терезесін сындырып, үйге заңсыз кірген. Кейін бөлмелердің ішін аралап жүріп, ұйық­тап жатқан кісіні үй иесі деп ойлап, оның денесіне жертөледегі асханадан алған пышақты бірнеше рет сұққан. Ол марқұмды мүлікті иемдену, алу барысында ұйқыдан оянып кетіп, өзіне кедергі болады деп ойлаған. Марқұм кеуде қуысына, жүрегіне, іш аймағына, басына тиген соққыдан қайтыс болған. Сондай-ақ сотталушы үйдің иесі Д. мен оның балаларын көріп, пайдакүнемдік ниетпен пышақпен қаруланып, адамның өміріне, денсаулығына қауіпті күш қолдану қатерін төндіріп, оларға шабуыл жасаған. Сот үкімімен сотталушы Қылмыстық Кодекстің 192-бабы 2-бөлігі, 99-баптың 2-бөлігі, 58-баптың 4-бөлігі негізінде 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталды. Бұл жерден қандай ой түюге болады?! Ата Заңымызға сәйкес, әркімнің өмір сүруге құқығы бар. Ешкімнің де адамды өмірінен айыруға құқығы жоқ. Мұндай жағдайда заң да барынша қатал болуы тиіс.

– Сот құрылымына қатысты жиі сын айтылады. Оған қалай қарайсыз?

– Соттың, судьяның жұмысына үнемі сын айтылады. Ол қалыпты жағдай деп есептеймін. Себебі, сотқа дау екі тараптан түседі. Азаматтық іс болса – талапкер мен жауапкер, қылмыс­тық іс бо­йынша – қылмыстық жауапқа тартылушы мен жәбірленуші. Сот осы тараптар арасындағы дауды заң талабымен шешеді. Сондықтан бір тарап жеңіліс табады. Ал жеңілген тарап міндетті түрде сот шешіміне риза болмайды, сондықтан сын айтылады.
Сырттан қараған адамға жеңіл көрінгенімен, судья жұмысы үнемі ізденісті, өзіңді жетілдіруді және адамдармен жұмыс жасау жолдарын зерттеуді қажет етеді.

– Соңғы кезде істі сотқа жеткізбей, медиация арқылы шешу жиі насихатталады. Судья ретінде бұл қаншалықты тиімді деп ойлайсыз? Қылмыстық істерде медиацияны қолдану қаншалықты маңызды?

– 2011 жылы «Медиация туралы» заңның күшіне енуімен басталған ме­диация институты өміршеңдігін көрсетіп отыр. Медиация сот жүйесін­дегі ауыртпалықты айтарлықтай жеңілдетіп, соның арқасында істер оңтайлы шешілуде. Заң саласындағы бұл реформа өз деңгейінде жасалғанын, дауларды шешуде оңтайлы әдіс екенін дәлелдеуде.
Медиация институтының дамуына ҚР Жоғары Соты тарапынан үлкен мән беріліп, 26.01.2017ж. ҚР Жоғарғы Соты төрағасының өкімімен «Даулардың жекелеген санаттары бойынша дауларды медиация тәртібімен сотқа дейінгі реттеуді енгізу бойынша пилоттық жобаны іске асыру туралы ереже» бекітілді.
Медиация – үшінші тараптың араласуымен дауды шешудің нақты жолына айналған жаңа сала.
Қылмыстық істер бойынша медиа­цияны қолдану сотқа дейінгі тергеу әрекеттері жүрген кезде де, қылмыстық істер сотта қаралғанда да қолданылады. Медиация арқылы қылмыстық іс тараптар татуласуымен тоқтатылғанда қылмыскер жазадан ақталмайтын негіздер бойынша босатылатынын түсіну керек.Медиацияның маңызды жағы – қылмысқа тартылған адамды одан әрі қате баспауға, түзу жолдан жаңылыспауға тәрбиелеу.

– Рахила Советқызы, сіз қарапайым сот хатшысынан облыс­тық соттың судьясына дейінгі еңбек жолынан өттіңіз. Заман да өзгерді, адам да өзгерді. Соңғы кезде қандай қылмыстық істердің көбейгенін байқадыңыз?

– Күн сайын жол-көлік оқиғасы көп­теген адамның өмірін қиып жатады. Жол-көлік оқиғаларына бірден-бір кінәлі – көліктерін алкогольдік және масаң күйде басқарған жүргізушілер. Осыған сәйкес, Қылмыстық кодексте заң шығарушы орган көліктегі құ­қық­бұзушылықтар бойынша жазаны күшейтті. Атап айтсақ, Қылмыстық кодекстің 346-бабының 1-бөлігі бойынша көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы не көлік құралын басқаруды осындай адамға беруі, сол сияқты осындай адамның көлік құралын басқаруына лауазымды адамның немесе көлік құралы меншік иесінің жол беруі айыппұл, түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстарға тарту, бас бостандығын шектеу жазаларымен қатар бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Әрі қай жаза қолданылса да, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыру міндетті түрде қолданылатын қосымша жаза.
Осы орайда талай адамның тағдырына балта шапқан жол-көлік оқиғасына байланысты құқық бұзуға жаза қатайғаны құптарлық іс деп есептеймін.
Алайда осыған қарамай жыл сайын осындай қылмыстар саны артып келеді.
Статистика мәліметтері бойынша, 2020 жылы Қылмыстық кодекстің 346-бабымен барлығы 170 қылмыстық іс қаралған, сол жылдың бірінші жартыжылдығында осы баппен 27 іс қаралса, 2021 жылдың осындай кезеңінде 73 іс қаралған, оның бесеуі әйелдерге қатысты.
Әсіресе, осы қылмыстық құқық­бұзушылық бойынша жауаптылыққа тартылғандардың арасында жасы үлкен адамдардың көптігі, жауаптылықты сезінбейтіндігі жүректі қынжылтады.
– Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рақмет! Еңбегіңіздің зейнетін көріңіз!

Әңгімелескен
Жансая Есмағанбетова
Ақтөбе қаласы

Комментарий