Жаңалықтар | НовостиҚұқық | Право

«Сот жүйесі жабық корпорация болмауы тиіс»

Сот жұмысы, судьялардың қызметі көп­шіліктің көз алдында, ашық алаңда жүзе­ге асырылады. Бұл зайырлы, құқықтық мемлекеттердің бәріне тән жағдай. Ашықтық пен қолжетімділік сот құрылымын халыққа жақындатады, өзара түсіністік орнатады. Себебі, халық көзімен көрген ақпаратқа сенеді, сол арқылы сот саласына деген көзқарасын өзгертеді. Осы ретте сот қызметіне енгізілген жаңа технология жетістіктерінің оң ықпалы аз емес.
Заманауи технологияның артық­шылығын бірнеше салаға бөліп жіктеуге болады. Оның біріншісі – соттың материалдық-техникалық қызметін жетілдірумен, жеңілдетумен байланысты. Айталық жаңа технологияның көмегімен «Төрелік», «Сот кабинеті» сервистері қолданысқа енгізілді. Сот өндірісіне түскен іс-материалдар судьяларға автоматты түрде бөлінетін болды. Бұрын сот отырысына қатысатындарға хат жазып, хабарлама жеткізу уақыт, қаржыны қажет ететін. Жаңа технология бұл мәселені де оңтайлы шешті. Сот мәжіліс залдары дыбыс-бейне жазу құрылғыларымен жабдықталып, соның нәтижесінде сот хатшыларының жұмысы жеңілдеді. Процестердің таспаға жазылуы тараптардың сот отырысына жауаптылықпен қарауына, әр сөзіне мән беруіне, сонымен қатар, негізсіз арыз-шағым жазбауына ықпалын тигізді.
Заманауи технологияның екінші бір игілігі – соттағы ақпараттық ашық­тықпен байланысты. Қазір Жоғарғы Соттан бастап, аудандық соттарға дейін өз сайттарын тұрақты жүргізеді. Әлеуметтік желіде де соттардың өз парақшалары бар. Судьялар мен сот мамандары ақпарат таратуда да белсенді. Соның нәтижесінде, саладағы бастамалар мен жаңашылдықтардан халық дер кезінде хабардар болып отырады. Мұндай қадам соттардың азаматтардан түскен сауалдарға жедел жауап беруіне жол ашуда. Өз пікірінің ескерілетініне, өз сауалының тыңдалатынына көзі жеткен халықтың сотқа деген сенімі де күн өткен сайын нығая беретіні түсінікті.
Жаңа технологияның тағы бір тиімді тұсы – сот кадрларын іріктеу тетіктерін жетіл­діре түсуінде. «Сот жүйесі жабық кор­порация болмауы тиіс. Сондықтан, сот корпусын едәуір жаңартып, оған түрлі құқық салаларының мамандарын тарту керек. Үміткерлерді іріктеген кезде олардың кәсі­би тәжірибесімен қатар, жеке қасиеттерін де ескерген абзал», – деген Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бұл ретте толық орындалып отыр. Ең бастысы, енді үміткерлерді іріктеуде қарапайым азаматтардың пікірі, тілегі ескеріледі. Азаматтар өз мүмкіндігін пайдаланып, судьялыққа үміткер болып отырған жандарға қатысты лебізін сайтқа қалдыра алады. Бұл азаматтық қоғамның сот жүйесінің жұмысын жандандыруға белсенді қатысуына көмектеседі.
Азаматтардың уақыт, қаржы жағы­нан ұтылмауына да жаңа технология жаңашылдықтарында мән берілген. Соның арқасында сот отырысына қатысушылар сот залына келмей-ақ шетелде, үйінде, кеңсесінде отырып-ақ куәлік ете алады. Ең бастысы, ғалам­торға қолжетімділік болса жеткілікті. Бейне­конференц байланыс арқылы тергеу изоля­торынан, түзеу мекемелерінен сот отырысына қатысу бұрын таңсық көрінетін. Ал қазір бұл қалыпты жағдайға айналған. Бүгінде барлық сот отырыстары жаңа технология мүмкіндіктерін пайдалана отырып жүргізіледі. Қазақстандық соттың әлемдік пандемия кезінде де тосылып қалмай, жұмысын өз ретімен жүргізуі – заманауи технология жемісі.

Н.Батырхан,
Жетісу аудандық №2 сотының судьясы
Алматы қаласы

Комментарий