Жаңалықтар | НовостиОйталқы | Разъяснения

Бюджет тапшылығын Ұлттық қордың есебінен жабу дұрыс па?

Үкімет бюджетті жоспарлаған кезде ондағы тап­шылықты жою үшін Ұлттық қордан трансферттелетін қаржыға арқа сүйеп жүр. Біз осыған орай, «Бұл болашақ ұрпақтың несібесіне ортақтасу емес пе?» деген сауалды сарапшылар назарына ұсынған едік.

Әзімхан САТЫБАЛДИН, ҚР БҒМ ҒК Экономика институтының директоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі:
– Бюджет тапшылығын жабудың екі-ақ жолы бар. Біріншісі – бюджетке түсетін табысты ұлғайту. Өндірісті жүргізіп, өндірілген өнімді өңдеп. экспортқа шығаратын болса. қымбатырақ сатылады. Өңделмеген өнім шикізат ретінде арзан бағаланады. Неғұрлым өндіріс дамып, өнімді көп өндірсе, оны сату арқылы бюджет кірісі ұлғаяды. Екіншісі, Ұлттық қордың қандай мақсатпен құрғанымызға қарау керек. Ол кезде біз, қателеспесем, бұл болашақ ұрпақтың қоры деп айттық. Қазір енді кішкене қиындық болып жатқан шығар.

– Парламентте не айтылғанын біз сіздерден ғана естиміз ғой. Менің ойымша, тапшылық болып жатқан шығар. Бірақ қайта-қайта Ұлттық қорға қол сұға берсек, біз алысқа шаппаймыз. Болашақ ұрпақтың қорына қол тигізген, меніңше, жақсылық емес.
Егер Ұлттық қордан трансферттелетін қаржыны өндіріс орындарын ашуға бағыттасақ, бюджет шығарылған өнім арқылы толар еді. Әлеуметтік мәселелерді де содан түскен ақшамен шешуге болады ғой. Ауыл шаруашылығына маманданған мемлекетте ауыл шаруашылығы өнімдері, мұнайлы-газды мемлекетте мұнай өнімдері қымбаттап жатыр. Бұл жақсылықтың нышаны емес.
Бүкіл халық болып азаннан кешке дейін шешіп жатқанымыз – әлеуметтік жағдайлар. Осынша зауыт ашылайын деп жатыр, осы жерде осынша өнім өндіріліп жатыр деген сияқты өндірістік мәселені ешкім айтпайды. Мысалы, Ресей биылғы су тапшылығына, құрғақшылыққа қарамай, көкөніс бойынша өз қажеттілігінен артық өнім жинапты. Бұл өзін-өзі қамтамасыз етіп отыр деген сөз. Ұлттық қор түбі жоқ құдық емес қой. Өндірісті жүргізсек қана бюджетке қаржы түседі.

Ораз БАЙМҰРАТОВ, Әлеуметтік экономика және қаржы институтының директоры, ҰР ҰҒА академигі, экономика ғылымдарының докторы:
– Бюджет тапшылығын Ұлттық қордың есебінен жабуды дұрыс не бұрыс деп біржақты айтуға болмайды. Егер Ұлттық қордан трансферттелетін бұл қаржы халық мүддесіне жұмсалатын болса, оның еш сөкеттігі жоқ. Әсіресе, қазіргідей дағдарыс жағдайында бұл неге болмайды деген сұрақтың тууы заңдылық қой. Жұмыссыздық көбейіп, өндіріс орны қысқарып жатқан кезде, Үкімет халыққа міндетті түрде көмектесуі керек. Егер қажетті қаржы бюджетте жетпесе, Ұлттық қордан неге алмасқа? Бюджет тапшылығын жою үшін Ұлттық қордан алынған қаржы өз мақсатына тиімді жұмсалып, ел игілігіне жаратылатын болса, құптау керек.

– Ал оның жемқорлыққа себеп болып, талан-таражға түсуі мүмкін деп отыра берсек, одан ұтылмасақ, ұтпаймыз. Кім не десе де, қандай шешім қабылдаса да, халық мүддесі бәрінен жоғары тұру керек.
Кейбіреулер бұл болашақ ұрпақтың несібесі ғой, оған қол салғанымыз қалай деп жүргенін де білемін. Ұлттық қор қаржысы азайғанымен, болашақта қайтадан толығуы да мүмкін ғой. Жағдай жақсарған кезде оны қайта толтыруға бізде мүмкіндік те болады. Ал оны нағыз керек кезінде пайдаланбай, босқа тығып ұстағаннан ешкім ешнәрсе ұтпайды. Болашақтың ертең емес, бүгіннен басталатынын ұмытпаған жөн шығар.

Сауалнаманы дайындаған Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,

«Заң газеті»

Комментарий