Жаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

Әйелге деген құрмет статистикамен өлшенбейді

Өткен аптада қыз-келіншектердің БҰҰ деңгейіндегі қос бірдей мерекесі өтті. Оның біріншісі – 11 қыркүйек­тегі Қыздардың халықаралық күні болса, екіншісі – 15 қазандағы Ауыл әйелдерінің халық­аралық күні. Жасыратыны жоқ, әлемдік қауымдас­тықтың оны мерекелік күнтізбеге енгізудегі бас­ты мақсаты қоғам назарын әйел­дер мәселелеріне аударту еді.

Өйткені, дүниежүзінің көптеген елдерінде қыздардың сауат ашып, арнайы және жоғары оқу орындарында кәсіби білім алып, қоғамнан өз орнын табуына әлі күнге дейін кедергі бар. Бұл, әсіресе, ауылдық жерде айқын аңғарылып отыр. Халықаралық қауымдастықтың есебіне қарағанда, ауыл әйелдері әлем тұрғындарының ширек бөлігін құрайды. Ерлермен салыстырғанда, олардың еңбегіне ақы төлеудегі айырмашылық 40 пайызды құрайды. Әйелдер мен ерлердің жұмыс күші ретінде қатысуындағы айыр­машылықты 2025 жылға дейін 25 пайыз­ға қысқартудың өзі әлемдік ЖІӨ-ді 3,9 па­йызға арттыруға мүмкіндік береді. Сон­дықтан, БҰҰ-ның айтулы датаға арналған биылғы мәлімдемесінде ауыл әйелдерінің дамуға баға жетпес үлес қосатыны тағы да сөз болды. Онда дамушы елдерде ауыл әйелдері ауылшаруашылық жұмыс күшінің шамамен 43% құрайтыны және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін негізгі жауапкершіліктің де солардың иығында екені айтылған. Өйткені, әлі күнге дейін азық-түліктің көп бөлігін солар өндіріп, өңдеп, дайындайды. Планетаның ең кедей тұрғындарының 76%-ы ауылдық жерлерде тұратындығын ескерсек, ауыл әйелдерінің өндірістік ауылшаруа­шылық ресурстарына қолжетімділігін қамтамасыз ету әлемдегі аштық пен кедейліктің азаюына зор ықпал ететіні еске салынады.
Осы арада БҰҰ-ның кедейлікті жою; аштықты жою; жақсы денсаулық және әл-ауқат; сапалы білім беру; гендерлік теңдік; таза су және санитария; қымбат емес және таза энергия; лайықты жұмыс және экономикалық өсу; индустрияландыру, инновациялар, инфрақұрлым; теңсіздікті қысқарту; тұрақты қалалар және елді мекендер; жауапты тұтыну және өндірс; климаттың өзгеруімен күрес; теңіз экожүйелерін сақтау; құрлық экожүйелерін сақтау; бейбітшілік, әділдік және тиімді институттар; тұрақты даму үшін серіктестік деп аталатын 17 тұрақты даму мақсаттары да еріксіз еске түсері анық. Өйткені мұнда айтылғанның бәрі бір-бірімен тығыз байланысты және олар қоғамның барлық мүшесі бірлесіп атқарғанда ғана жүзеге асатын міндеттер. Бүгінгі таңда Қазақстанның тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуінің мониторингтік жүйесі 280 индикаторды қамтиды. Оның 205-і ғаламдық, 75-і ұлттық деп белгіленген.
Қазақстанда қыздардың оқып, жоғары білім алуына ешқандай кедергі болмағанымен, ауылдағы әлеуметтік тұрмыс­тық жағдайдың төмендігі ондағы өзге тұрғындар секілді әйелдердің өміріне өз ықпалын тигізіп отыр. Қыздар мен әйелдердің өз замандастарынан көріп отырған тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткіші де қалаға қарағанда жоғары. Бұл көп жағдайда отбасының өз ішінде ғана қалып, сыртқа шықпайтындықтан, оның зардабы уақыт өткен сайын ауыр әрі қасіретті болуда. Жәбірленген, зорланған, ерлерден ғана емес, әйелдерден де зорлық-зомбылық көріп, өмірі күңдікте, жезөкшелікте өткен жандардың қилы тағдыры бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде аз айтылып, жазылып, көрсетіліп жатқан жоқ. Осыған қарамастан, қорлық деректері азаюдың орнына өртеңге шыққан шөптей қаулап өсіп барады. Бұл «қыз – қонақ», «қыз – ауылдың көркі», «қызы бардың – назы бар» деп әйелді үйдің шырағы, бүкіл игіліктің сақтаушысы деп санайтын халқымыз үшін үлкен сын болуы керек.
Мұның бәрі алдымен патшалық, одан кейін кеңестік идеологиямен қыз­дың ұлтты тәрбиелейтінін ұмытудың нәтижесі болды. Нарықтың өтпелі кезеңінде ұлттық тәлім-тәрбие онсыз да сызаты бар шыныдай шытынаған соң ұлттық құндылықтардың аяқ асты болуы үйреншікті жайтқа айналды. «Жығылғанға жұдырық» дегендей қалаға жұмыс іздеп келіп, отбасымен пәтер жағалап, тапқаны күнкөрісінен артылмаған әйелдердің әлеуметтік-тұрмыс­тық жағдайын кейбір теріс пиғылды топтардың өз мақсатына пайдалануы жиілей бастады. Сондықтан, «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі», «әйел – өмір тірегі ғана емес, әйел – өмірдің өзі», «әйел өзін сенімді сезінген жерде отбасы да берік, балаларының болашағы да жарқын», «Әйел – бесік иесі. Демек әйелдің жайы түзелмей – бесігіміз түзелмейді, бесігіміз түзелмей – еліміз толық түзелмейді» деп жүрген Елбасының өзі соңғы жылдары көп балалы, жағдайы төмен жетім-жесір, кембағал әйелдерді алға шығарып, мемлекетті сауын сиырға айналдырғысы келген масылдықты сынға алуға мәжбүр болды. Пикетке шығып, билік органдарының алдын жағалап жүргендерге қарата айтылған «Баланы мемлекет үшін емес, өзің үшін туасың. Үй бер, әлеуметтік жәрдемақыны көбейт деп Үкіметке алақан жаймай, өз күніңді өзің көр. Мемлекетке масыл болма» деген сөздерді кейбіреулер теріс түсіндіріп, жұртты адас­тырғысы келетіні анық байқала бастады. Отбасын асыраудың орнына үйде жатып алып, барлық жауапкершілікті жүкті әйелінің мойнына артып қойған жалқау, босбелбеу, жауапсыз еркектердің де қатары да жыл өткен сайын көбеймесе, азаятын түрі көрінбейді. Бұған халықтың сауатын көтере алмай жатқан Үкіметтің жоспарсыз, жүйесіз, жауапсыз іс-әрекеті түрткі болуда.
Өз құқығын қорғау үшін үкіметтік емес ұйымдар аясында бірігіп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару арқылы жергілікті заң шығарушы және атқарушы билік органдарының өз қыз­метін сапалы атқаруына бақылау жасап, заңның орындалуын талап етуде де сөз бен іс әрдайым қабыса бермеуде. Сондықтан қоғамды жегідей жеген сыбайластықпен және жемқорлықпен күрес әлі де салмақты, пәрменді емес. Еліміз некелескен жұптардың ажырасу көрсеткіші жағынан әлемде алдыңғы қатарда тұр. Азаматтық хал актілері орталығында некесін рәсімдеген отбасылардың 30 пайызы кейін ажырасу үшін сот органдарын жағалап, бір-бірінен алимент даулап жүруі бәріміз үшін үйреншікті жайтқа айналды. Бұл мәселе бойынша Парламент депутаттары Премьер-Министр мен Үкіметтің өзге де мүшелерінің атына хат жазып, сауал жолдауының жиілеуі сондықтан. Ал нақты өзгерісті емес, билік органдарындағы әйелдердің үлесін көтеруді ғана жалау қылып көтеріп, ұрандатып жүрген кейбір белсенділер қосылғыштардың орны ауысқанмен бұл ақырғы нәтижені өзгертпейтінін ескергісі келмейтін секілді. Әйел әйелге, еркек еркекке тән мінез-құлық пен ерік-жігер көрсете алмаған, табиғат берген өз жаратылысына тән қоғамдағы өз орнын таба алмаған елдегі істе береке жоқ.

Берікжан ӘЛМҰХАМБЕТОВ,
педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Абай атындағы ҚазҰПУ Ардагерлер кеңесінің төрағасы:
– Халық «қыздың жолы жіңішке» дейді. Ол Орталық Азия елдері арасында тек қазақта ғана айтылады. Бұл – ата-бабамыздың қыз тәрбиесіне ерекше мән бергенінің бір көрінісі. Халқымыз қыздың балдыр­ған шағынан бастап, әже жасына жеткенге дейінгі өзіндік қыр-сырына үлкен көңіл бөлген. Қыздың өсуі, ана болуының өзі тәрбиеге байланысты. Тұнық бастаудың уызына жарып, дәстүрге қанып өскен қыздан ақ жаулықты әже, жігіттен түйгені мол қария шығады. Өз басым тәлім-тәрбие бетімен кетті, қазақтың қызға, әйелге, анаға деген көзқарасы өзгерді деген пікірмен келіспеймін. Бізде тек өзгеге еліктеу басым боп тұр. Саябақта келе жатсаң, бірінің үстіне бірі шығып отырған жастарды жиі көресің. Бұл сөкеттеу дүние. Бұл үшін оларға ұрсып, уағыз айтудан аулақпын. Мұның бәрі адамның отбасындағы, айналасындағы өзі араласатын ортасындағы тәрбиеге байланысты.
Жасыратыны жоқ, оншақты жыл бұрын ауыл әйелдеріне әлеуметтік мәртебе беру жайы жиі айтылатын. Қазір ол азайды. Бұған мемлекет тарапынан елдегі әлеуметтік саясатты жақсартуға бағытталған іс-шаралар өз ықпалын тигізді. Халықтың алтын бесігі саналатын ауылға, ауыл әйелдеріне қатысты Үкімет деңге­йінде жүзеге асырылатын әлеуметтік ынталандыру тетіктерін әлі де жетілдіру қажет. Оны оларға айрықша мәртебе бермей-ақ жасауға болатынын уақыттың өзі дәлелдеп берді.

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,

«Заң газеті»

Комментарий