Жаңалықтар | НовостиСпорт

Ұлттық спорт күні белгіленбек

Ұлттық күнтізбе Тоғыз­құмалақ күнімен толығуы мүмкін деп жазған едік. Араға бір ай салып, елордадан қуа­нышты хабар жетті. Парламент Мәжілісінің депу­таттары А.Перуашов, Б.Дүйсенбинов, Қ.Исаның 9 қыркүйекті Тоғызқұмалақ күні деп белгілеу туралы ұсынысына Мәдениет және ақпарат министрі Ақтоты Райымқұлова­дан жа­уап хат келіп түсіпті. Көшірмесі Премьер-Минис­трдің орынбасары Е.Тоғжановқа жіберілген бұл хатта: «Мини­с­трлік өз құзыреті шегінде 9 қыркүйекті «Тоғыз­құмалақ күні» емес «Ұлттық спорт күні» деп белгілеу туралы шешім қабылдауды жөн көреді» деп жазылған.

Естеріңізде болса, халық қалаулыларының Премьер-Министрдің орынбасары Е.Тоғжановқа депутаттық сауал жолдауына Қызылордадағы ардагерлер арасында өткен жарысқа қатысушылардың Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы және ҚР Тоғызқұмалақ спорты федерациясының төрағасы А.Бәйменов­тің атына жолдаған хаты түрткі болған еді. Олар онда 9 қыркүйекті – Тоғызқұмалақ күні деп жариялауға федерация тарапынан шешім қабылдап, Президент әкімшілігіне ұсыныс хат жолдауын сұраған болатын. Соған сәйкес, Дүние­жүзілік тоғызқұмалақ федерациясы және ҚР Тоғызқұмалақ спорты федерациясының төрағасы ҚР Премьер-Минис­трі Асқар Маминге жолдаған ұсынысхатта тоғызқұмалақтың 2006 жылдан бастап Әлемдік зияткерлік ойындар олимпиадасы бағдарламасына енгенін, осы күнге дейін 5 әлем, 4 Азия, 4 Еуропа чемпионаты өтіп, оларға отыздан астам мемлекет өкілдері қатысқанынан мағлұмат берді. Соңғы жылдары интернет арқылы ойнау мүмкіндігіне де қол жеткізіліп, отандық мамандар Android пен Ios жүйелері үшін арнайы әзірлеген қосымшалар арқылы пандемия кезінде де жүздеген жарыс­тар онлайн форматта жалғасқанынан хабардар етті. Сондай-ақ, 3 мыңдай жаттықтырушылардың көмегімен 200 мыңнан астам адам тоғызқұмалақпен айналысып, 10 мыңнан астам адам кәсіби деңгейде ойнайтынын жеткізді.
– 2020 жылы 19 желтоқсан күні халықаралық ЮНЕСКО тоғызқұмалақты адамзаттың мәдени мұралары тізіміне қосты. Білім және ғылым, Мәдениет және спорт министрліктері қолдауымен қазір барлық дене шынықтыру мұғалімдеріне тоғызқұмалақ үйретіліп, мектеп бағдарламасына енгізуге дайындық жүруде. Осының барлығы тоғызқұмалақ ардагерлері, жаттықтырушы, төреші, ойын­шылардың күнделікті еңбегі, Үкімет пен облыс, аудан, қала басшы­ларының оң көзқарасы, жанашыр азамат­тардың демеуі, ақпарат таратып, насихаттап жүрген жорналшылардың қолдауы, облыстық және шетелдік федерациялар басшыларының қайраткерлігі арқасында мүмкін болды. Таяуда менің атыма тоғызқұмалақ ардагерлері мен жаттықтырушылары­нан тоғызын­шы айдың тоғызыншы күнін, яғни 9 қыр­күйекті «Тоғызқұмалақ күні» деп белгілеу туралы ұсыныс түсті. Бұл күннің тағайындалуы біздің мәдени мұрамыздың мыңдаған жылдық тарихы бар екенін, тереңнен тамыр алатын және ол мәдени мұраның ішінде ерекше күрделі интеллектуалды ойынның бар екенін паш ететін күн болатыны сөзсіз, – деп 9 қыркүйекті «Тоғыз­құмалақ күні» деп белгілеу туралы Үкімет шешімін қабылдауын сұраған еді. Премьер-Министрдің орынбасары 16 қыркүйекте өзіне жолдаған бұл хатты жан-жақты қарастырған Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлова өз шешімін жариялап отыр. Енді оны Үкімет басшысы қолдап, шешімге қол қоятын болса, ҚР кәсіби мерекелер күнтізбесі Ұлттық спорт күнімен толығары анық. Бұл туралы пікірін білмек болып алдымен Әлихан Бәйменовке хабарласқанбыз.
– Дүниежүзілік және республикалық тоғызқұмалақ федерациясы тоғызыншы айдың 9-ыншы күнін Тоғызқұмалақ күні деп белгілеуді ұсынды. Бұл күнді Ұлттық спорт күні деп белгілесе, біз оны қолдай­мыз. Сол күндері біздің сарайларда, мектептерде, көшелерде тоғыз­құмалақ ойналып, қазақ күресінен, ат жарыстан, көкпардан Қазақстанның бүкіл өңірінде ұлттық спорт фес­тивальдері жүріп жатса, одан қазақ мәдениеті мен спорты ұтады. Мәдениет және спорт министрлігінің көзқарасында негіз, қисын бар. Себебі, «Тоғызқұмалақ күнін» белгілесе, басқа ұлттық спорт түрлеріне де арнайы бір-бір күнді белгілеу керек болады, – дегенді айтты.
Бастама аяқсыз қалмайтынына біз қанша сенгіміз келгенмен, Үкімет өз шешімін жариялау үшін уақытты созып алуы да мүмкін екенін естен шығармаған жөн шығар. Бұл мәселеде Мәдениет және спорт министрінің өз ұйғарымын Үкімет басшысына жеткізуі мен өз уәжіне сендіруі де маңызды рөл атқаратыны анық.

Ерлік Кебекбай,

«Заң газеті»

Комментарий