Жаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

Халықтың әл-ауқаты жақсарады

Республикалық бюджеттің алдағы үш жылда әлеуметтік бағыты сақталады. Тіпті, 2022–2024 жылдары әлеуметтік сала шығыстары бұрынғыдан 50,8 пайызға дейін өсіп, жалпы көлемі 26,7 трлн теңгеге жетпек. Шығыс­тар көлемінің көп бөлігі азаматтарды әлеу­меттік қамсыздандыру мен оларға көмек көрсетуге арналады. Мәселен, денсаулық сақтау жүйесін дамытуға арналған шығыстар 2022–2024 жылдары 5,7 трлн. теңгені, оның ішінде 2022 жылға 1,8 трлн теңге болады. Осы қаражат шеңберінде медицина қызметкерлерінің еңбекақысын ұлғайту көзделіп отыр. Білім және ғылым жүйе­сінің де қоржыны толығатын сияқты. Алдағы үш жылда бұл саланың еншісіне 7 трлн теңге тиетін болса, оның ішінде 1,8 трлн теңге тек 2022 жылға бөлінбекші. Бұл биыл қарас­тырылған қаражаттан 477,1 млрд теңгеге артық. Білім беру ұйымдары педагогтары мен медицина қызметкерлерінің еңбекақысын көтеруге 4,3 трлн. бөлінгенде, олардың жалақылары 20 пайызға артады екен. Бұл жөнінде осы сәрсенбіде өткен Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында белгілі болды. Онда «2022 – 2024 жылдарға арналған респуб­ликалық бюджет туралы» заң жобасы қаралған болатын.
Жиында баяндама жасаған Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуына қарағанда, экономиканың нақты секторына тиесілі қаржы аз емес секілді. Оның шығыстары үшін бюджетте орта мерзімді кезеңге 3,6 трлн теңге, оның ішінде 2022 жылға 2 трлн теңге қарас­тырылыпты. Осы бағыт аясында «Нұрлы жер», «Нұрлы жол», «Бизнестің жол картасы – 2025», «Агроөнеркәсіп кешені» және басқа да мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға шығыс­тар көзделген. Олар біртіндеп ұлттық жобаларға ұласатын болады.
Заң жобасын талқылау барысында депутаттар тарапынан бірқатар түзетулер енгізіліпті.Соның бірі, 2022 жылға азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының еңбекақыларын көтеруге 143,4 млрд теңге сомасында қаражат бөлуді көздейді. Екіншісі, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және өңірлерді дамытуға бағытталды. Яғни, «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыруға, ауылдық елді мекендерді таза ауыз сумен, су бұру қызметтерімен қамтамасыз етуге, сондай-ақ тұрғын үй-шаруашылығын дамыту үшін 2022 жылы өңірлерге республикалық бюджет қаражаты есебінен шамамен 4,7 трлн теңге бөлінетін болды. Баяндамашының айтуынша, осындай мәселелер ескерілген бюджет жобасы мемлекеттің халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін мүлтіксіз орындауға, дағдарыс салдарына төтеп беріп, экономикалық өсуді қамтамасыз етуге, мемлекеттік қаржының орнықтылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Өз кезегінде сөз алған Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев 2022–2026 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамына сәйкес инфляцияның бұдан кейін төмендеуі және 2023–2024 жылдары 4-5 пайыз деңгейінде және 2025–2026 жылдары 3-4 пайыз деңгейінде тұрақтанатынын айтты.
Заң жобаларын талқылау барысында депуттатар сауалдарымен, пікірлерімен құзырлы орындардың назарын бірқатар өзекті мәселелерге аударды. Соның бірі мүгедектердің өмір сүру сапасын жақсартуға қатысты болды. Үшжылдық бюджет жобасында оларды протездер, арбалар, санаторий-курорттық ем алу сынды техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз ету үшін 79,8 млрд теңге қарастырылыпты. Яғни, бұл қаржыға нақтырақ айтқанда 84 мың техникалық компенсаторлық құрал, 9,6 мың есту аппараты, 16 мың тифлотехникалық құрал және басқалары сатып алынатын болған. Алайда, 2020 жылдан бері мүмкіндігі шектеулі жандар осы жабдықтарға қол жеткізуде түрлі кедергіге тап болып келеді екен. Бұл шараның «Әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы» деп аталатын министрліктің ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылуы оларды тауарлардың сапасын анықтап, кемшін тұстары үшін жауап беруге мәжбүр етеді екен. Ақаулар табылған жағдайда, қайтару мәселесін де өз есебінен шешулері керек. Депутаттар тиісті министрлік басшысын осы мәселеге назар аударуға шақырды. Осы тұста әңгімеге араласқан Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, бұл проблема бұған дейін де көтеріліп, депутаттар министрдің атына депутаттық сауал да жолдапты. Алайда шешуге уәде берілгенімен, әлі нәтиже жоқ. Осыны айтқан Палата спикері құзырлы орын басшысына:
– Жарты жыл өтті. Әлі ешқандай өзгеріс жоқ. Бүгін міне, тағы да бөлінетін қаражатты көбейтуді сұрап отырсыз. Ал, оның нәтижесі қандай болады? Әрине, кемтар жандарға көмектесуіміз қажет.Сол үшін әр бюджетті қараған кезде ең көп қаржы сіздерге бөлінеді. Оған сәйкес, нәтиже де жоғары деңгейде болу керек, – деп ескерту жасады.
Депутаттар өз кезегінде Ұлттық қор­дан трансферттелетін қаржыға қатыс­ты да сауал қойды. Айта кету керек, Ұлттық қордан республикалық бюджетке 2022 жылға 2 400 млрд теңге, 2023 жылға 2 200 млрд теңге, 2024 жылға 2 000 млрд теңге көлемінде кепілдендіріл­ген трансферт тартылмақ. Мұның көлемі жылдағы деңгейден аз болса да депутаттарды Үкіметтің болашаққа арналған қаржыға қол сала беруі бейжай қалдыра алмады. Олар бұл ретте алдағы уақытта атқарушы биліктің бюджет тапшылығын осылайша жеңіл жолмен жою тәжірибесінен бас тарту бағытында қандай нақты шаралар атқарып жатқанын білгісі келді. Сұраққа жауап берген Премьер-Министрдің орынбасары Әлихан Смаиловтың айтуынша, бұл бағытта кешенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Олар салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру және цифрландыру, көлеңкелі экономиканың деңгейін төмендету еді дейді. Салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру нәтижесінде соңғы екі жарым жыл ішінде республикалық бюджеттің кірісі артып, алдағы екі жыл ішінде шамамен 2 трлн теңге көлемінде бюджет тапшылығы жойылмақ. Бұған қосымша тауарлар қозғалысын қадағалау жүйесі де іске қосылып, бұл да кірістің артуына ықпал ететін болады. Кедендік одақ аясында бақылау шараларын күшейту үшін арнайы жол картасы жасалып, іске асырылып жатыр екен. Бұл келесі жылы қосымша тағы да 400 млрд теңгедей бюджетке қосымша табыс әкеледі деген сенім бар. Көлеңкелі экономиканы қысқарту мақсатында жүргізіліп жатқан кешенді жұмыстар нәтижесінде оның деңгейі 20 пайызға дейін төмендеп, салықтық база ұлғаюда. Бұл шаралар алдағы уақытта да жалғасын таба беретін болады.
Депутаттар сонымен қатар қымбат­шылықтың артуына орай өсіп бара жатқан инфляция деңгейін Ұлттық банктің 4,6 пайызда ұстау ниетіне қатысты да алаңдаушылық білдірген еді. Бұл тұрғыда Досаев мырзаның жасаған уәжінен ұққанымыз – Үкіметтің қазіргі пандемия жағдайында жүзеге асырып жатқан жедел шараларымен қатар экономиканы одан әрі әртараптандыру және оның импортқа тәуелділігін төмендету бойынша жүйелі жұмысын жандандыру маңызды. Негізінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бо­йынша 2022 жылдан бастап енгізілетін контрциклдық бюджет қағидасы мемлекеттік шығыстардың өсу қарқынын шектеуге мүмкіндік береді, сол арқылы мемлекеттік қаржының тұрақтылығын қамтамасыз етеді және инфляциялық қысымды төмендетеді.Үкімет жоспарлап отырған шикізатқа жатпайтын экспортты арттыру шаралары да болжамды кезеңдегі Қазақстанның төлем балансының жай-күйін едәуір жақсартуға мүмкіндік береді.
Заң жобасы тұтастай мақұлданып, Сенатқа жол тартты.

 А.Тұрмағанбетова,
«Заң газеті»

Комментарий