Жаңалықтар | Новости

Серік Сәпиев: Мемлекеттік қызметке қайта келуім мүмкін

Бокстан Олимпиада чемпионы, спорт комитетінің экс-төрағасы Серік Сәпиев қызметтен кетуіне қатысты сұхбат берді. Ол мемлекеттік қызметтен неге бас тартқанын түсіндіріп, үш жылда қандай жұмыстар атқарғанын тізіп айтты. Бұл туралы Сәпиев Динара Сәтжанға берген сұхбатында әңгімеледі, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

«Бұл ой бұрыннан болды. Ойланып шешім қабылдадым. Өмірде кез-келген нәрсенің басы мен аяғы болады. Спорт комитеті төрағасы болып үш жылға жуық қызмет етіп, мемлекеттік қызметтің бар тамашасын түсініп, үлкен тәжірибе жинадым. Уақытша мемлекеттік қызметтен кету туралы шешім қабылдадым.

Қайта келуім мүмкін. Оны жоққа шығармаймын. Бірақ қазіргі сәтте кетіп барамын. Спортта қаламын, мемлекетке пайдамды тигіземін», — деді боксшы.

Боксшының айтуынша, мәдениет және спорт министрі оның бұл шешімін бірқалыпты қабылдаған. Себебі:

«Бұған дейін де көтерілген сұрақ. Сондықтан тосынсый болған жоқ», — дейді боксшы.

Сәпиев қарамағанды 50-ге жуық қызметкер болғанын және үш жылда қандай жұмыстар атқарғанын айтты.

«Заң шығаруға, түрлі іс-шаралар, жобаларды ұйымдастыруға тура келді. Спортты дамытумен, инфрақұрылыммен және еліміздегі спортқа қатысты барлық сұрақтармен айналыстық.

Біз дене шынықтыру мен спорт мәселесіне қатысты заң қабылдадық, негізгі уақыттан тыс сабақ беретін ұстаздарға қосымша ақы төлеуді, дене шынықтырудан беретін мұғалімдердің, балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектептері мен спорт колледжері ұстаздарының жалақасын көтеру мәселесін қарадық.

Антидопингтік ережелерге түзету енгіздік. Бұған дейін болған емес. Енді допингпен ұсталған спортшыларға берілген медальдар, ақшалай сыйақыларды қайтаруға болады», — деп түсіндірді Сәпиев.

Комментарий