Жаңалықтар | НовостиСудья мінбері | Судебная система

Жемқорлыққа жол бермеу – әрбір азаматтың міндеті

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу әлемдік мәселе. Дегенімен, онымен күресуде дүние жүзіне ортақ тиімді механизм әлі қалыптасқан жоқ. Яғни, әр мемлекет жемқорлықпен күресу әдістерін әртүрлі деңгейде жүзеге асыруда. Біздің елімізге келсек, ең алдымен заңнамалық база жасақталды. Мысалы, Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы, Мемлекеттік қызмет туралы заңдары мен 2015-2025 жылға дейінгі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес стратегиясы қабылданып, арнайы мемлекеттік бағдарлама жасалды. Қазақстан-2050 Стратегиясы мемлекет пен қоғамды келеңсіз құбылыспен күресте күш біріктіруге бағыттап, «100 нақты қадам» ұлт жоспарының 13 қадамы тұтастай сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге арналды. Сонымен қатар, Қазақстан халықаралық стандарттарға сай, БҰҰ, ЭЫДҰ, өзге де ұйымдармен бірлесіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдарға белсенді қатысуда. Сыбайлас жемқорлықтың жағдайы бойынша халықаралық Трансперенси Интернешнл ұйымының соңғы жариялаған есебі Қазақстанның жемқорлыққа қарсы көрсеткішінің жақсарып, 124-тен 113-ке, он бір орынға алға жылжығанын көрсетті. Мұны сыбайлас жемқорлықпен күрестегі жүйелі жұмыстардың нәтижесі деуге толық негіз бар.

Жоғарыда аталған жемқорлыққа қарсы күрес Стратегиясы мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тиімділігін арттыру және жемқорлықпен күреске халықты жаппай жұмылдыру, сондай-ақ, сыбайластықтың деңгейін төмендету мақсатын көздейді. Тағы бір айтарлығы, еліміздің Қылмыстық кодексінде сыбайлас жемқорлық жазасы барынша күшейтілді. Ел заңнамаларына сәйкес сыбайлас жемқорлық қылмыстарға билікті не қызметтік өкілеттікті теріс немесе асыра пайдалану, пара алу, беру, парақорлыққа делдал болу, қызметтік жалғандық жасау, лауазымды адамдардың сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісін орындамауы, т.б. жатады. Себебі, мұндай қылмыстар сыбайластық байланыстар арқылы жасалады.

Сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейтуде халықтың құқықтық сауаты мен құқықтық мәдениетінің маңызы зор. Олай дейтініміз, азаматтар құқыққа қайшы іс-әрекетке тап болған жағдайда өздерінің қандай шара қолдану қажеттігін білсе, яғни, құқығын қорғай алса, заңсыздыққа тойтарыс береді. Заң талабына сай, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактілері туралы хабарлаған немесе оған қарсы іс-қимылда жәрдемдескендерге біржолғы ақшалай сыйақы берілетінін ел азаматтары білуі тиіс.

Қазақстан соттарында сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу мақсатында арнайы іс-шаралар бекітілген. Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асанов жүйе жұмысында туындауы мүмкін сыбайлас жемқорлық көріністерін, алғышарттары мен себептерін анықтау арқылы оның деңгейін төмендету міндетін алға қойды. Судьялар мен судьялыққа үміткерлерге қойылатын талаптар қатаңдатылды. Сонымен қатар, сала жұмысына ендірілген озық технологиялар жемқорлықтың жолын кесуде тиімділігін көрсетуде. Мысалы, «Сот кабинеті» сервисі арқылы сот кеңсесіне келіп түскен талап арыздар,

«Төрелік» бағдарламасымен судьялардың қарауына автоматты түрде бөлінеді. Істердің бөлінуіне судьялар да, кеңсе мамандары да араласа алмайды. Сот процестері дыбыс-бейнежазбаға жазылады. Барлық сотта ішкі қауіпсіздік және сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу бөлімдері бар. Сот жүйесінде ашықтық пен жариялылық толықтай қамтамасыз етілген. Мұндай игі істер өз кезегінде азаматтармен тікелей байланысты азайтып, сыбайластықтың алдын алады.

Мемлекет басшысы айтқандай, «Сыбайлас жемқорлық – бұл мемлекеттің дамуын тежейтін кері күш, ол қоғамда өзара сенім мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндіретін құбылыс». Сыбайлас жемқорлық ең алдымен ел болашағының дамуына зиян келтіреді, сондықтан, оны болдырмау жалпы қоғамнан белсенділікті талап етеді. Яғни, жемқорлықпен күресуге атсалысу әрбір азаматтың Отан алдындағы міндеті.

Рамазан Жандарбек,

Алматы қаласының мамандандырылған

ауданаралық экономикалық сотының судьясы

Комментарий