Жаңалықтар | НовостиСудья мінбері | Судебная система

Құқықтық сауаттылық – қоғам дамуының кепілі

Жаңадан қабылданған заңдарды, сондай-ақ, олардағы өзгерістер мен толықтыруларды үздіксіз насихаттап, үнемі түсіндіріп отыру өз кезегінде қоғамдағы құқықтық сауаттың артуына ықпал етеді. Бұл тұрғыда ел соттары тарапынан белсенділік қашан да жоғары екеніне көпшілік куә. Мұны айтып отырғанымыз, биыл Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі (ӘРПК) күшіне енді. Жаңа заңда әкімшілік істерге қатысты дауларды қараудың нормалары бекітілген.

Осыған орай, жұртшылықты сот талқылауын жүргізудің заңдылығынан хабардар еткіміз келіп отыр. Сот талқылауының мерзімі мен тәртібі, ерекшеліктері ӘРПК-нің 22-тарауында нақтыланған. 146-бапта көрсетілгендей әкімшілік істер ақылға қонымды мерзімде, нақты айтқанда, талап қойылған күннен бастап үш ай ішінде қаралып, шешіледі. Бұл мерзім аса күрделі істерде соттың уәжді ұйғарымымен ұзартылуы мүмкін, бірақ, оның уақыты үш айдан аспауы керек. Сот талқылауының мерзімін ұзарту туралы ұйғарым қайта қаралмайтынын да білген жөн. Осы баптың 2-тармағымен уәкілетті органның мемлекеттік сатып алуды өткізуді тексергеннен кейін жасаған қорытындылары мен шешімдеріне, нұсқамаларына, сондай-ақ, сот орындаушысының әрекеті мен әрекетсіздігіне дау айту туралы істерде шешім шығаруға он жұмыс күні берілген. 3-тармаққа сай, әкімшілік іс жүргізуді тоқтата тұру Азаматтық процестік кодекстің (АПК) қағидалары бойынша жүргізіледі.

Әкімшілік рәсімдік процестік кодексте сот талқылауының тәртібі мен ерекшеліктері 147-баппен айқындалған. Мысалы, сот талқылауы, сот отырысын өткізу, төрағалық етушінің өкілеттіктері, хаттама, қысқаша хаттама жасау, сот отырысын тіркеп-бекіту, соттың өтінішхаттарды шешу және дәлелдемелерді зерттеу тәртіптері аталған баптағы ерекшеліктерді қоспағанда АПК-нің талабымен жүзеге асырылады. Бұл ретте қысқаша хаттама мәтінді автоматты түрде тану жолымен алынған аудиожазбамен бірге жүргізілуі тиіс.

Әкімшілік іс бойынша сот шешімнің қарар бөлігі жарияланған соң оны қабылдаудың құқықтық негіздері мен салдары, оған шағым жасаудың тәртібі және уақыты төрағалық етушімен түсіндіріледі. Сондай-ақ, тараптар шешімнің көшірмесін алатын күннен хабардар етіледі. Әкімшілік іс жүргізуде сот талқылауының тәртібі азаматтық заңнама қағидаларымен жүзеге асырылатынын ескерсек, бұрын судья тек қана сот актісін жариялаумен шектелетін. Қолданыстағы АПК-мен судьяның қабылдаған шешіміне түсінік беру міндеті бекітілді. Себебі, көп жағдайда шағымдар тараптардың сот шешімін толық ұғынбауынан орын алатынын ресми мәліметтер растаған. Осы тұрғыда айтарымыз, судьяның шешімін тараптарға қарапайым, түсінікті тілде түсіндіруі, өз кезегінде шағымдардың азаюына ғана емес, сонымен бірге халықтың сотқа деген сенімнің артуына да әсер етеді. Тараптар келмеген жағдайда шешім сот отырысында жарияланбайды.

Егер шешімнің қарар бөлігі сот отырысы аяқталысымен жарияланбаса, төрағалық етуші сот залындағы адамдарға оны жария ету күні мен уақытын хабарлайды. Тағы бір заңдылық, осы бапта көзделген жариялау тәртібі іс бойынша іс жүргізу аяқталатын өзге де сот актілеріне қолданылады.

Ел заңдары азаматтардың құқықтарын толыққанды қорғауды қамтамасыз етеді. Сондықтан, заңның пәрменділігін арттыруда оның талаптарын орындау әрбір адамның күнделікті дағдысына айналуы тиіс. Өйткені, халықтың құқықтық сауаттылығының деңгейі кез келген қоғам дамуының маңызды аспектілерінің бірі болып табылады. Әкімшілік рәсімдік процестік кодекс мемлекет пен қоғам арасындығы қатынастарда елдегі қоғамдық келісімге қолайлы әсер етуімен және жария-құқықтық қатынастарда теңсіздікті жоюға бағытталуымен құнды.

Бақыт Сәтиева,

Алматы қаласының мамандандырылған

ауданаралық әкімшілік сотының судьясы

Комментарий