Жаңалықтар | НовостиСудья мінбері | Судебная система

Заң талаптарын сақтау баршаның міндеті

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты жолдауында ауыр қылмыстарға қолданылатын жазаларды қатайту керектігін тапсырса,  әлеуметтік желідегі жазбасында Қазақстанда жол апатынан зардап шегетіндер саны басқа елдердегі қарулы қақтығыстардан қаза табатындармен бірдей  күйге жеткенін жазған еді.

Соған орай, Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адам құқықтарының қорғалуын күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңы қабылданып, өткен жылы күшіне енді. Нақты айтсақ, осы заң аясында экологиялық және көліктегі қылмыстық құқық бұзушылықтарға, жыныстық зорлық-зомбылық пен педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық, ұрлық және басқа да ауыр, әсіресе, балаларға қатысты қылмыстарға қолданылатын жазалар күшейтілді.

Аталғандардың ішінде жол-көлік оқиғаларына қатысты өзгерістерге қысқаша тоқталсақ, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне ішімдік ішу, есірткі пайдалану салдарынан жол ережесін бұзып, абайсызда денсаулыққа зиян келтiргендер мен адам өліміне себеп болғандар жазасына қатысты 345-1-бап енгізілді. Жаңа баптың 1-тармақшасына сай, масаң күйде көлiк құралдарын басқарып, жол ережесін бұзған, абайсызда адамның денсаулығына ауырлығы орташа зиян келтіргендер белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан он жылға айрылып, бір мың айлық есептiк көрсеткiшке (АЕК) дейiн айыппұл арқалайды немесе осы мөлшерде түзеу жұмыстарына, не төрт жүз сағатқа дейiн қоғамдық жұмыстарға тартылады, не бір жылға дейін бас бостандығын шектеуге немесе бас бостандығынан айыруға жазаланады. Абайсызда адам денсаулығына ауыр зиян келтірсе, сондай-ақ, оның соңы адам өліміне әкелсе жаза түрінің бұдан да қатаң болатынын білген жөн.

Қылмыстық кодекстегі 346-бап түбегейлі өзгертілді. Мысалы, қолданыстан шыққан заңда көлік айдау құқығынан айырылған және масаң күйдегі адам рульге отырса, оған лауазымды немесе белгiлi бiр қызметпен айналысуға үш жылға тыйым салына отырып, екі жүз АЕК-қа дейiн айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жүз сағатқа дейiн қоғамдық жұмыстарға тарту немесе елу тәулікке дейін қамаққа алу жазасы берілетін. Қазіргі заңмен (ҚК 346-бап) жауаптылық күшейтіліп, жоғарыда көрсетілген үш жыл мерзім – өмір бойына, екі жүз айлық есептік көрсеткіш – бес мың АЕК-қа дейiн, қоғамдық жұмысқа тарту мен елу тәулікке дейнгі қамаққа алу –  бес жылға бас бостандығынан айыру жазасымен алмастырылды. Көлікті басқа адамның ішімдік ішіп айдауына жол бергендер жауапкершілігі де осы жазалармен пара-пар. Абайсызда адамның денсаулығына ауырлығы орташа зиян келтiруге алып келген дәл сол іс-әрекеттер белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, бес жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланатыны осы баптың 3-тармақшасымен сараланған. Ескерерлігі, заңмен айқындалған ауыр қылмыстарда  татуласу мүмкіндігі қарастырылмаған. Мас күйінде көлік жүргізетіндер бұрынғыдай тек әкімшілік жауаптылықпен құтылмайды. Азаматтар қылмыстық жауаптылық, яғни, бас бостандығынан айыруға дейінгі қатаң жаза барын естен шығармаулары тиіс.

Жол-көлік оқиғаларын бөліп-жарып айтуымыздың себебі, көлік апаттары ең алдымен адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Елімізде  жол қозғалысынан орта есеппен жылына екі мың адам көз жұматынын, олардың басым көпшілігі жаяу жүргіншілер екенін мәліметтер жоққа шығармайды.  Сондықтан, қоғамдағы қозғалыстың ең негізгі бөлігі болып саналатын жүргізушілерге қатысты нормалардың заңмен қатаюы уақыт талабы. Заңдағы өзгерістер жауапкершілікті қатаңдату арқылы қылмыстың алдын алуға бағытталған. Ел азаматтары жауапсыздық соңы өзінің ғана емес, өзгенің де өміріне қауіп тудыратынын есте ұстап, заң талаптарын қатаң сақтағандары абзал.

Ілияс Мұхадиұлы,

Талғар аудандық сотының судьясы

Алматы облысы

 

Комментарий