Жаңалықтар | НовостиСудья мінбері | Судебная система

Мас жүргізуші маңайына қауіпті

«Арақпен достастым дегенше, адамгершілікпен қоштастым де» деген сөзде шындық бар. Себебі әзәзілге үйір адамның абырой таппайтыны айтпаса да түсінікті. Ал енді арақ ішіп, наша шегіп, психотроптық дәрілердің әсерімен көлік басқару өзіңнің ғана емес, өзгелердің де өміріне қауіп төндірумен бірдей. Өкінішке орай, жол жүрісіне қатысты жаза қанша қатайтылса да жүргізушілер тарапынан орын алатын құқық бұзушылықтар азаймай келеді.

Жүргізушілердің жауаптылығын көтеру, санасына әсер ету мақсатында жүзеге асырылып жатқан іс-шаралар аз емес. Апаттан кейін сау тамтығы қалмаған көліктерді жол жиегіне қойып жатамыз. Бұл әрбір көлік жүргізушісіне ой салу үшін, жылдамдықты арттыру, рөлге мас болып отырудың салдары қайғылы аяқталатынын көрсету үшін керек. Көрнекі жерлердегі билбордтарға «Жүргізуші, сені отбасың күтіп отыр!», «Жүргізуші, жолдағы тәртіпке сен жауаптысың!» деген ескертпені жазудың да мақсаты ортақ тәртіпке бағынуға шақыру, заңсыздықтың алдын алу.

Сонымен бірге, судьялар жол ережесін бұзған, рөлге мас күйінде отырған жүргізушілер жауаптылығына қатысты қалыптасқан тәжірибемен бөлісіп, заңға түсініктеме беруді тұрақты дәстүрге айналдырған. Осы арқылы судьялар жолдағы жүгенсіздікке тосқауыл қоюға тырысуда. Қара жолдағы қасіретті азайту үшін мұндай жұмыстар ешқашан бәсеңсімеуі керек.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізудің де негізгі себебі осында. Қазір көлік рөліне мас күйінде отырғандарға жаза қатаң. Мәселен бұрын көлік құралын мас күйінде басқарғаны үшін бірінші рет жазаға тартылған жүргізуші үш жылға дейін көлік жүргізу құқығынан шектелсе, қазір жеті жыл жүргізуші куәлігінен айырылады. Сонымен бірге әкімшілік өндірудің жаңа түрі енгізіліп, соған сәйкес жүргізушіні 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу қарастырылған. Құзырлы орган өкілдерінің талабын орындамай, медициналық куаландырудан бас тартқан жүргізушілердің де жазасы қатайтылған. Мұндай жағдайда жүргізуші куәлігінен 8 жылға айырылып, 15 тәулік әкімшілік қамаққа алынады. Ал бұрынғы жазаға орай жүргізушілер көлік басқару құқығынан  үш жыл мерзімге айырылумен шектелетін.

Заңның қатайтылғанына қарамастан, көлік рөліне алкогольдік масаң күйде отыратындар әлі де жеткілікті. Түркістан қаласының әкімшілік құқық бұзушылық туралы мамандандырылған ауданаралық сотында мұндай істер аз қаралмайды. Мәселен осы жылдың 9 айында ӘҚБтК-нің 608-бабымен сотта  қаралған істер бойынша, 174-не қатысты шара көрілді. Өкініштісі сотта ісі қаралып, көлік рөліне алкогольдік масаң күйде отырғандар қатарында 4 әйел бар. Енді осы азаматтар сот белгілеген жазадан сабақ алса игі.

 

Айгүл Отаубаева,

Түркістан қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының судьясы

Комментарий