Жаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

Ажырасудан балалар зардап шегеді

Қазақ ежелден жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған. Өкінішке қарай, жылдар ағысымен осынау асыл қасиетімізден ажырап қалдық. Бүгінде ұл-қызын жалғыз өзі тәрбиелеп отырғандармен қатар, бауыр еті баласынан бас тартып, безінгендер де көп. Ресми мәліметке сәйкес Қазақстанда әрбір үшінші жұптың некесі бұзылады. Соттарға түсетін талап арыздардың аз еместігін осыдан-ақ көруге болады. Ажырасудың кесірінен ай мен күннің аманында балалар «тірі жетім» атануда.
Мұны айтып отырғанымыз, бала бар асыл қасиетті отбасында сіңіреді. Отбасындағылардың бір-біріне құрметі, өзара сыйлас­тығы, қамқорлығы арқылы елге, жерге деген сүйіспеншілік қалыптасады. Осы себепті де, бабаларымыз әрбір құрылған отбасының босағасы берік болуына ерекше мүдделілік танытып, шаңырақтың шайқалмауына атсалысқан.
Осынау жақсы үрдіс соңғы жылдары ҚР Жоғарғы Сотының тарапынан жаңғыртылып, «Отбасылық сот» пилоттық жобасы арқылы өмірге енді. Бұған, әрине, неке бұзу талап арыздарының күн санап артуы себеп болды. Аталған жоба аясында барлық аймақта отбасы орталықтары құрылып, оған судьялармен бірге арнаулы мамандар, нақты айтқанда, психологтар, кәсіби, сондай-ақ, кәсіби емес медиаторлар, білім, медицина, т.б. мекемелердің өкілдері тартылды. Орталықта мамандар ерлі-зайыптыларға ғана емес, олардың балаларына да ақысыз қызмет көрсетіп, дағдарыстан шығуына жәрдем береді. Сонымен қатар, олар ажырасудан өзге амал таппай, тығырыққа тірелген жұптарды райынан қайтарып, татуласуына, отбасының сақталуына мүмкіндігінше атсалысуда. Осындай тың бастамалар нәтижесінде отбасылық дауларды сотсыз шешудің тиімді тетігі қалыптасқанына ел куә.
Өңірдегі отбасылық дауларға қатысты істің көбісі Ақтау қаласының №2 сотында қаралады. Толық бір жылдың қорытындысын келтірсек, былтыр сотқа неке бұзу туралы 1177 талап қою арызы түскен. Тараптар 303 іс бойынша татуласып, 92-сі қайтарылды және 74 іс қарау­сыз қалдырылды. Биылғы тоғыз айда 989 талап қою арызы түсті. Өкініштісі, неке бұзу туралы талап қою арызын беретіндердің көбі отбасын құрғанына жыл толмаған жастар. Олар шаңырақ көтеріп, үй болғанымен жұбайлық өмір, дүние­ге келетін бала алдындағы жауапкершілікті толық сезіне бермейді.
Азаматтық процестік кодекстің талабына сай, неке бұзу туралы талап қою арызы бірден татулас­тырушы судьяға түседі. Судья мұ­қият зерделеп, ажырасуға дейін әкелген себептерді анықтайды. Содан байқағанымыз, екі жаққа кетуге түпкілікті шешім қабылдайтындардың басым көпшілігі әйелдер. Алға тартатын себептері де ұқсас, мысалы, арқа сүйер азаматының зорлық-зомбылық көрсетуі, ойынқұмарлығы, жұмыссыздық, ішімдікке салынуы, т.б. Судья он жұмыс күнінің ішінде ерлі-за­йыптыларды татуластыруға бар мүмкіндігін сарқа жұмсайды. Осы уақытта олар татуласса, ары қарай іс қозғалмайды. Айта кетерлігі, арада бала болса, неке бұзу талап арызымен қатар алимент мәселесі де қаралады.
Егер ерлі-зайыптылар он күнде татуласпаса, олардың ойлануына тағы да жиырма жұмыс күні беріледі. Өйткені, заңның да, соттың да басты мақсаты – отбасын сақтап қалу. Жоғарыда айтқанымыздай, Ақтау қаласында да отбасы орталығы бар. Судьялар Қазақстан халқы ассамблеясының ғимаратынан ашылған орталыққа, сонымен қатар, АХАТ бөлімдеріне барып ерлі-зайыптылармен әңгімелеседі. Отбасы орталығының соттан тыс аумақта ашылуының себебі, азаматтар сот ғимаратында өздерін еркін сезіне алмайды. Сондықтан, оларға барлық жағынан жайлы жағдай жасалды. Орталықта балаларға арналған бөлме бар. Тараптар судьямен сөйлесіп жатқанда балалары арнайы мамандардың қарауында болады.
Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асанов айтқандай, «Тәртіп пен заң өзгерсе де, отбасылық құндылықтар өзгермейтін киелі әрі мәңгілік құндылықтар. Барлық жақсылық атаулы отбасынан бастау алады». Сондықтан, отбасылық қиындықты шешуде тек сотқа жүгірмей, осындай орталық мамандарының көмегіне сүйенуге болатынын қаперде ұстаған абзал. Бүгінгі күні отбасын сақтаудағы жетістіктерді «Отбасылық сот» жобасы аясында атқарылып жатқан іс-шаралардың жемісі деуге толық негіз бар.

Анар Толықбаева,
Ақтау қаласы №2 сотының судьясы
Маңғыстау облысы

Комментарий