Жаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

Ойы тәуелді адамды емдеу қиын

Жалпы, адамзат баласының ішімдіктен көріп келе жатқан зияны орасан. Ол әзәзіл – біреудің от­басын ойрандады, екіншісінің өмірін жалмады, енді бірінің жас өмірін қор қылды. Бұл тізімді жалғай берсек, адамзат баласының бұл дерттен көрген қорлығы тізбектеліп кете береді. Ендеше, осыншама қасіретті әкелетін улы суға көпшілік неге үйір?
Статистикалық деректер араққұмарлардың тізімі азаймай тұрғанын көрсетеді. Бұрын бұл тізімде тек ересек ер-азаматтар болса, ендігі көрсеткішке әйелдер мен жасөспірімдер де қосылыпты. Тіпті, бұл статис­тиканы мас жүргізушілермен де толықтыра түсуге болады. Құзырлы орган қызметкерлері жол-көлік апатын жасап, өзге біреудің өліміне себепкер болып жатқан мас жүргізушілердің де көп екенін айтады. Орташа есеппен алғанда, Қазақстанда жыл сайын 30 мыңнан аса адам мас күйінде көлік рөліне отырады екен. Мәселен, ҚР Ішкі істер министрлігінің дерегінше, 2019 жылы 1000-нан аса адам осындай жүргізушілердің кесірінен жол апатына түсіп 200-ден аса адам ауыр жарақаттар алса, жүзден астамы қайтыс болған. 2020 жылы құзырлы органдар жол қозғалысына қатысты заңға түзетулер мен өзгертулер енгізіп, мас күйінде адам өліміне себепші болған жүргізушіге он жылға дейін бас бостандығы­нан айыру жазасын қарастыр­ды. Маскүнемдіктен келетін зиянның ұшан-теңіз екенін сөз басында айттық. Жол-көлік оқиғаларынан бөлек, отбасы мәселелеріне қарай ойыссақ, бұл тұста да сан мыңдаған проблеманың тиегі ағытыла жөнеледі. Соның ішінде ең бастысы – әйел адамдардың ішімдікке салынуы. Қаншама отбасы маскүнем әйелдердің кесірінен қасірет шегуде. Ер-азаматынан бөлек, өзі өмірге әкелген балалары да бұғанасы бекімей жатып, маскүнемдіктен келетін бақытсыздықтың зардабын тартып жүр.
Бүгінгі таңда Қазақстанда 100 мыңға жуық адам республикалық наркологиялық орталық тіркеуінде екен. Мамандардың айтуынша, бұл көрсеткіштер соңғы екі жылда тіпті көбейе түскен. Мәселен, нарколог дәрігер Гаухар Еркінбай: «Қазіргі тенденция кісі алаңдатарлық. Кейінгі кездері ішімдікке үйір адамдар қатары күрт артқан. Оған өзіміз де күнделікті куә болып жүрміз. Тіпті, бұған дейін арақты аузына алып көрмеген адамдардың өздері ішімдік іше бастады. Ол категорияда орта жастағы ер адамдар да, әйелдер де, жасөспірімдерде бар. Мұның себебін біз, әрине, ең алдымен отбасындағы әлеуметтік жағдайдың қиындығынан көреміз. Өйткені бүгінгі таңдағы экономикалық жағдай, жасыратыны жоқ, ешкімге оңай тиіп жатқан жоқ. Ақша жетпейді, тұрмыс-тіршілігі нашар, табысы аз, жұмысы жоқ отбасылар мұндай қиындықтарға шыдамай маскүнемдік дертін көп жамап жатыр. Бұл мүлдем ақтау­ға да, жақтауға келмейтін мәселе. Бүгінгі таңда осындай мәселелерден кейін ерлі-зайыпты боп ішімдікке салыну оқиғалары көбейді, оның түбі тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, ол өз кезегінде отбасындағы баланың күйзелісіне әкеліп соғып отыр. Ішімдікке үйір болған адамды емдеу де, мұндай күйден шығару да оңай емес. Адам ондай қадамға өз еркімен саналы түрде ден қойғанда ғана нәтиже болады. Оны өздеріңіз де күн сайын көріп жүрсіздер. Наркологиялық орталыққа біреу баласын, біреу әкесін, біреу ағасын, біреу анасын сүйреп келеді. Алты ай, бір жыл секілді мерзімге жатқызып та кетеді. Бірақ ол адам ой санасындағы араққа деген тәуелділікті жоймаса, шыға сап, қайтадан бұрынғы ортасына түсіп кетеді. Бұл өте жүрек ауыртатын қиын тақырып. Тез күйрегіш, психикасы бұзылған адамды ішімдіктен ажырату кейбіреулер ойлағандай оңай емес.
Иә, маскүнемдік жынысқа да, жасқа да қарамайды. Бұрын наркологиялық орталыққа келетіндердің 70% ер-азаматтар, 30% әйелдер құраса, қазір бұл көрсеткіште әйелдердің үлесі артқан. Мамандар, көпшілік айтатындай, әйелдер арасындағы маскүнемдіктің ер адамдарға қарағанда қиын болатынын жоққа шығарады. Маскүнемдіктің қайсысы болса да оңай емес, ол ер, әйел деп ерекшеленбейді. Маскүнемдік, емделуі қиын жүретін процесс екенін айтады. Оның тағы бір себебін дәрігерлер тұқымқуа­лаушылыққа жатқызса, келесі бір факторды адамның қоршаған ортасымен байланыстырады. Тұқымқуалау­шылықтың мүмкіндігін 50/50 көрсеткішіне жүктесе, қоршаған орта факторын одан жоғары қояды. «Адамға қоршаған ортасы тікелей ықпал етеді. Мәселен, әйел адамның құрбылары ішімдікке үйір болса, ол да олардан алыс кете алмайды. Олардың бәрінің ішімдікке салынып кетпеуі мүмкін, бірақ ішіндегі стресске қарсы тұра алмайтын, психологиялық жағдайы тұрақсызы міндетті түрде тәуелділікке ұрынады. Кез келген қиындықтың шешімін бара-бара ішімдіктен табады. Ол адам «мен тәуелді болып қалдым, маған көмектес» деп ешқашан айтпайды. Бұндай адамдарға мүмкіндігінше ішімдіктен және ондай адамдардың арбауынан алыс жүргені абзал», – дейді нарколог дәрігерлер.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, адам басына шаққанда, алкогольдік өнімдерді 8 литрден артық пайдаланатын елдердің генофоны үлкен дағдарысқа ұшырайды екен. Сондықтан әрбір адам ішімдікті тұтынар алдында отбасы алдындағы, қала берді ұлт алдындағы жауапкершілігін сезінуі қажет. Қандай қиындық, басына түскен ауыртпалық болса да, оның шешімі ішімдікте емес. Ішімдік адамды аздырады, отбасының берекесін қашырады. Балаларының бақытты балалығын ұрлайды. Ал, бұдан асқан қасірет жоқ.
Отбасындағы қиындыққа шыдамаған жасөспірім де осындай қиын ортаға түсіп, өмірін талқандайтын ішімдікке, есірткіге ұрынуы мүмкін. Балалар статистикасы мен оның себеп-салдары туралы да мамандар осындай пікірде. Отбасы жүгін ер-азамат боп отағасы көтермесе, отбасы жылылығын әйел болып отанасы түсінбесе, бала үшін де, қоғам, ұлт үшін де бұдан өткен қайғы жоқ.

Нұрлан Дәуірұлы,
студент

Комментарий