Жаңалықтар | НовостиСудья мінбері | Судебная система

Әкімшілік рәсім сатысының тиімділігі зор

Әкімшілік әділет институтының «Халық үнін еститін мемлекет» қағидатын қалыптастыруға ықпалы зор. Бұл бастама биылғы жылдың шілде айынан бастап қолданысқа енгізілген Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.

Жаңа кодекстің ерекшеліктерінің бірі әкім­шілік рәсімнің сатысын енгізу болып табылады. Ол өтініш берушінің әкімшілік органға, лауазымды тұлғаға оның құқықтарын қорғау туралы өтінішпен жүгінуінен тұрады. Азаматтардың өтініші бойынша әкімшілік істі қарап, әкімшілік орган, лауазымды тұлға әкімшілік актіні қабылдау немесе әкімшілік рәсімді тоқтату туралы шешім шығарады.
Әкімшілік рәсімге қатысушы әкімшілік актіге, әкімшілік актіні қабылдауға байланысты емес әкімшілік әрекетке (әрекетсіздікке) одан әрі әкімшілік тәртіппен шағым жасауға құқылы. Шағымды қарайтын орган шағым бойынша: әкімшілік актінің күшін жою туралы; әкімшілік актінің күшін жою және жаңа әкімшілік актіні қабылдау туралы; әкімшілік әрекеттің жасалғаны туралы; шағымды қанағаттандырусыз қалдыру туралы; әкімшілік істі әкімшілік органға, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалып отырған лауазымды адамға жіберу туралы; шағымды қараусыз қалдыру туралы шешімдердің бірін шығарады. Яғни, азаматтар мен заңды тұлғалардың мүдделерін қорғау жөніндегі әкімшілік рәсімнің осы кезеңі әкімшілік органға талапты қанағаттандыруға, заң бұзушылықтарды, төменгі органның қателіктерін түзетуге және қолайлы акт жасауға мүмкіндік беретін дауды реттеудің сотқа дейінгі тәртібінің бір түрі.
Бұл процедураны енгізудің тиімділігі әкімшілік орган өтініш берушілерді тыңдап, құжаттарды, өтініш материалдарын зерттеп, сот органының қатысуынсыз заңға сәйкес акт шығарады. Іс-әрекетке не шығарылған актіге қанағаттанбаған кезде арыз беруші талап қоюшы ретінде әрекет ете отырып, кейін әкімшілік органды жауапкер ретінде тарту үшін әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен сотқа жүгінуге құқылы. Әкімшілік іс талап арыз негізінде қозғалады. Бұл – мәжбүрлеу; іс-әрекетті орындау; тану туралы талап болуы мүмкін.
Сотқа арызбен жүгінетін адам, ең бірінші кезекте істің соттылығына назар аударуы қажет. Әкімшілік сот ісін жүргізуді мамандандырылған аудандық және оған теңестірілген әкімшілік соттар жүзеге асырады. Егер тиісті әкім­шілік-аумақтық бірліктің аумағында мамандандырылған аудандық және оған теңестірілген әкімшілік сот құрылмаса, әкімшілік істерді аудандық (қалалық) сот осы кодексе белгіленген тәртіпте қарайды.
Соттың бұл бағыттағы істерді қарап жатқанына аз ғана уақыт өтті. Іс­тің соттылығын түсіндіру, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің бірқатар ерекшеліктерін азаматтарға жеткізу үшін түрлі шаралар қолға алынып, жаңашылдықтар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көпшілікке таныс­тырылуда.

Әлібек Нұрғалиев,
Ақжайық аудандық сотының төрағасы

Батыс Қазақстан облысы

Комментарий