Жаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

Пандемия психологиялық ауруды өршітті

Пандемияның психология­лық ауруларға түрткі болғаны анықталды. Бұл туралы «Ментальды денсаулық және COVID -19» халықаралық конференция аясында Ресейдің және еліміздің беделді психиатрлары БАҚ өкілдеріне өткізген брифинг барысында белгілі болды.

Психиатрия саласында жұмыс істейтін мамандардың ІІ съезіне қатысқан сарапшылардың пікірінше, коронавирус адамның психикалық денсаулығын шырмап, планета тұрғындары физикалық және эмоциональды жағдайды бастан кешірді және оның себептері әрқалай. Бірі жақынынан айырылып қайғы жамылды, кейбіреулер жұмыссыз қалды, сол сияқты адамдардың үйде оқшаулануы, отбасылық кикілжіңдер, болашаққа деген сенімсіздіктен үрейлену сияқты өзгерістер психикалық аурулардың өршуіне түрткі болыпты.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жер шарында коронавируспен ауырған әрбір бесінші адам психикалық түрлі түйткілдерді бастан кешірген. Қазіргі кезде дегбірсіздік пен күйзеліске шалдыққандардың көрсеткіші азайған жоқ дейді мамандар. Әлемді дүрліктірген оқиғадан кейін өз-өзіне қол жұмсау деректеріне байланысты әлі жүйелі зерттеу жүргізілмеген. Осы уақытқа дейін ерлер арасында тіршіліктен түңіліп, өмірін қыршын қиғандар көп болса, пандемия кезінде қыз-келіншектердің суицидтік оқиғалары жиілепті.
– Суицидтің көрсеткіші карантин басталған алғашқы бес айда төмендеген. Бірақ қазіргі таңда көрсеткіш бұрынғы қалпына қайта оралды. Кейбір жерлерде өз өміріне қол жұмсау деректері әдеттегіден жоғарылады. Бірақ ешкім мұны зерттеген жоқ. Біз оның түрлі санаттарын қарауымыз керек. Сандар өзгерген жоқ. Бірақ ерлерге қарағанда, әйелдердің өз өмірімен қоштасу оқиғалары екі есе жиіледі. Бұған нақты жауап беру үшін әлі уақыт керек. Әйелдер әрқашан психологиялық соққыларға төзімді. Көбінесе суицидтік оқиғаларға талдау жасағанда, ол елдің мәдениеті мен өмір сүру салтына да көңіл бөлу керек, – дейді В.М. Бехтерев атындағы Психиатрия және неврология ұлттық медициналық зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері, профессор Всеволод Розанов.
Баспасөз мәслихатында күйзеліске шалдығу оқиғалары, сонымен бірге психологтарға баруға намыстанатын көзқарастың әлі де өзгермеуі туралы айтылды.
Брифингте Ресей психиатрлар қоғамының президенті, В.М. Бехтерев атындағы Психиатрия және неврология ұлттық медициналық зерттеу орталығының директоры Николай Незнанов, Психикалық денсаулық саласында қызмет ететін мамандар қауымдастығының президенті, профессор Сағат Алтынбеков, С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің ректоры, профессор Талғат Нұрғожин журналистер сұрағына жауап берді.
Профессор Сағат Алтынбековтің айтуынша, қазіргі уақытта елімізде 17 аймақтық психикалық денсаулық орталығы, қалалық емханалардың құрылымында 82 алғашқы психикалық денсаулық орталығы, аудандық деңгейде 201 психикалық денсаулық бөлмесі қызмет етеді. «2018 жылға дейін психиатр дәрігерлердің қабылдауы тек психиатрия­лық ұйымдарда жүзеге асырылатын. 2021 жылдың 9 айында адамдардың алғашқы психикалық денсаулық орталықтары мен психикалық денсаулық бөлмелеріне көмекке жүгіну саны 297464 адамды құрады. Көріп отырғанымыздай, халыққа көрсетілетін көмек бұрынғыдан қолжетімді бола түсті, бұл психикалық денсаулық саласында науқасқа бағдарланған көмек көрсету үлгісін дамыту болып табылады. Психикалық денсаулық орталықтарында психикалық бұзылулары бар адамдарға стационарды алмастырушы көмек 735 төсек-орынға арналған 16 күндізгі стационарда көрсетіледі. Балаларға қолжетімді көмек көрсетуді дамытуға үлкен көңіл бөлінетінін атап өту қажет. Осылайша, соңғы жылда балаларға арналған 65 төсектік 3 күндізгі стационар бөлімшесі құрылды, Қарағанды облысы мен Шымкент қаласында ауысымына 20 көмекке жүгінуді қамтитын балаларға арналған екі медициналық-әлеуметтік оңалту бөлімшесі ашылды. Денсаулық сақтау ұйымдарында балалар психиатр­ларының саны артты, бұл көрсеткіш 2017 жылғы 65-тен 2020 жылы 97-ге дейін, яғни 67% өсті. Тұтастай алғанда, медициналық кадрлар бойынша 2021 жылы 124 психиатр дәрігер резидентураны аяқтап, денсаулық сақтау ұйымдарында жұмыс істеуге кірісті. 2022 жылы резиденттердің бітіруі 98 маманды құрайды, – деді С.Алтынбеков.
Қазіргі таңда Қазақстанда ДДСҰ ұсынған озық әлемдік тәжірибеге сәйкес, төрт блоктан тұратын психикалық денсаулықты қорғау жүйесі жасалуда. Дәрігерлердің айтуынша, ол блоктардың жалпы сипаты төмендегідей: психикалық денсаулық саласында хабардар болу деңгейін арттыру, яғни бүкіл халықтың психикалық денсаулық күйінің деңгейін арттыруға бағытталған іс-шаралар, ол әлеуметтік, білімдік, ақпараттық, құқық қорғау және өзге де сипаттағы сан түрлі шаралардан тұруы тиіс; тәуекел топтарын анықтау, мысалы, суицидалды мінез-құлқы, зорлық-зомбылық әрекеттері және т.б. бо­йынша, мұндағы іс-шаралар, сонымен қатар, әлеуметтік, білімдік, ақпараттық, құқық қорғау және өзге де сипаттағы нақты бағдарламаларды қамтиды; психикалық бұзылулары бар адамдарды ерте анықтауды және тиісті көмекке қолжетімділікті қамтамасыз етуді қамтитын психикалық денсаулық саласындағы бұзылуларды басқару, бұл білім беретін және әлеуметтік ұйымдармен тығыз өзара әрекеттестікте жұмыс істейтін алғашқы медициналық-санитарлық көмек, жастар денсаулық орталықтарының, мектеп медицинасының деңгейіндегі іс-шаралар; диагностикалау мен емдеудің клиникалық хаттамаларына сәйкес мамандандырылған медициналық көмек көрсету.
Орталықтың бұдан басқа атқарып жатқан жұмыстары ұшан-теңіз. Мәселен, олар 2020 жылғы 4 сәуірден бастап БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) қолдауымен ҚР ДСМ Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған https://onlinehealth.kz интернет платформасы жұмыс істей бастағанын айтады. Онда онлайн консультация алуға болады, жазбаша сұрақтарға жауап алу мүмкіндігі бар, өзіне көмек көрсету бойынша ақпарат қамтылған, сондай-ақ психикалық денсаулық мамандарына, оның ішінде мектеп психологтарына қиын жағдайда көмек көрсету үшін ресурстар да бар. Жұмыс істеген кезеңде 80 мыңнан астам пайдаланушы сайтқа кіріп, қызметімен танысты, 250 мыңнан астам көмекке жүгінуді жүзеге асырды, 400-ге жуық толыққанды онлайн консультациялар өткізіліп, ұсыныстар берілген 200-ден аса жазбаша өтініш қаралды. Білім беру қызметі бойынша бұл платформада 100-ден астам вебинар өткізілді, оған онлайн форматында 22 800-ден астам маман қатысты, мектеп психологының тәжірибесіндегі 55 күрделі шынайы жағдайды талдау жүргізілді. Вебинарлардың жазбалары, сондай-ақ ата-аналарға, педагог қызметкерлерге, психологтарға, дәрігерлерге және өзге мамандарға арналған ақпарат белсенді түрде YouTube арнасының Mentalcenter QAZAQSTAN арнасында жарияланып отырады, бұл арнаға жазылушылардың саны 2400-ге жуық және 107 мыңнан астам адам көрген. Қашықтан көрсетілетін медициналық қызметтерді енгізу үшін нормативтік-құқықтық база құрылды. Динамикалық бақылау мақсатында (қайталама) консультация беру; негіздемелерге және тиісті медициналық құжаттамаға сәйкес бұрын қойылған диагнозға байланысты дәрігерлік-консультациялық комиссия отырысын өткізу; жоспарлы емдеуге жатқызуға, консультациялық көмекке, жақын адамдарға консультация алуға жолдама беру секілді көптеген өзекті мәселелер де бүгінде өз ретімен, барлық заңдылықтар шеңберінде шешілуде.

Ж.Құдайберген

Комментарий