Без рубрикиЖаңалықтар | НовостиҚұқық | Право

Дербес деректер кімге тапсырылмақ?

Қыркүйек айында цифрландырудың платформалық моделіне көшуге қатысты қоғамда үлкен дау туған еді. Соған орай Парламент Мәжілісіндегі «Ақ жол» ҚДП фракциясы депутаттары ҚР Премьер-министрі А.Маминнің атына сауал жолдаған болатын. Олар жұртшылық арасында қызу пікірталас тудырған түйт­кілді мәселелерді жүйелеп, үш сұраққа топтастырды.
– Біріншіден, аталған келісімді өткен жылдары цифрландыру бағдарламаларына бюджеттен бөлінген қаржының тиімсіз жұмсалғанын мойындау деп бағалауға бола ма? Егер солай болса, онда өткен жылдары мемлекеттің нақты қанша қаржысы мемлекеттік қызмет көрсетуді цифрландыруға жұмсалды және оның тиімсіз жұмсалғаны үшін жауапкершілік кімнің мойнында? Екіншіден, осы келісімді дайындау кезінде отандық немесе ең мықты халық­аралық IT компаниялардың мүмкіндіктері ескерілді ме? Оны дайындау барысы ашықтық пен адал бәсекелестікке қаншалықты сай болды? Үшіншіден, келісімді іске асыру барысында ақпараттық қауіпсіздік мүдделері қалай қорғалады?

Осыған байланысты бұқаралық баспасөзде жарияланған цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі минис­трінің түсіндірмелері жұртшылықты қанағаттандырмайды, керісінше одан да көп сұрақтар туындатады. Оның себебі серверлерді Қазақстанда орналастыруда ғана емес, оларда сақталатын ақпаратқа бөтен тұлғалардың қолжетімділігін шектеудің технологиялық мүмкіндігі бола ма деген мәселе. «Жиырма бірінші ақпарат ғасырында IT қауіпсіздігі біздің еліміздің Тәуелсіздігінің маңызды факторы деп санаймыз ба» деген сауалға тура бір ай өткенде ресми жауап жария­ланды.
Үкімет басшысы онда бюджеттік инвестициялық жобаның жүзеге асырылуы мен тиімділігін айқындау тұрғысынан бағалауды «Ақпараттандыру туралы» заңға сәйкес ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган – Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жүзеге асыратынын еске салумен бастапты. Жалпы, 2013 жылдан бастап мемлекеттік қызмет көрсетуді цифрландыруға «Ақпараттық Қазақстан 2020» және «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламалары бойынша 324 млрд теңге қаражат бөлініп, 400-ге жуық ақпараттық жүйесі құрылған көрінеді. Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін әзірлеу және интеграциялау бойынша аталған кешенді жұмыстар Қазақстанды электрондық үкіметтің даму деңгейі бойынша БҰҰ рейтингісінде әлемнің 193 елі арасында 29-орынға шығаруға мүмкіндік берген. А.Мамин Қазақстан Үкіметі мен «Сбербанк» ЖАҚ арасындағы меморандумға Қазақстан және Ресей мемлекеттері басшыларының қатысуымен өткен Шығыс экономикалық форумы аясында қол қойылғанын да еске салып өтіпті.
– Платформалық шешімдер саласындағы көшбасшылармен (Amazon Web Services, Microsoft Azure, Google Cloud Platform және т.б., оның ішінде отандық IT компаниялардың мүмкіндіктері қаралды) қатар СБЕР компаниялар тобын тарту мәселелері халықаралық тәжірибені талдау мен АТ қоғамдас­тықпен талқылауды ескере отырып, жан-жақты зерделенгенін атап өткен жөн. «Platform V» СБЕР өнімінің негізгі артықшылығы ақпараттық қауіпсіздік және дербес деректерді қорғау талаптарына сәйкестігі болып табылды. Енгізілетін цифрландырудың платформалық моделінің одан әрі жұмыс істеуі және қолданыстағы сервистердің орын ауыстыруы мақсатында меморандумда толыққанды цифрлық трансформация үшін қазақстандық мамандар мен IT-компанияларды тарту бойынша екіжақты ынтымақтастық көзделген. Цифрлық трансформация жобасын іске асыру барысында ақпараттық қауіпсіздік мәселелеріне қатысты меморандум шеңберінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Мемлекеттік техникалық қызметі жүзеге асыратын ақпараттық қауіпсіздікке кепілдік берудің нақты шарттары айқындалды. Сондай-ақ, ұлттық қауіпсіздік органдары белгілеген талаптарға сәйкес шетелдік техникалық мамандардың платформаның және «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымына қол жеткізу тәртібі регламенттелген. Тұтастай алғанда, цифрландырудың платформалық моделіне көшу мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің интеграциясы мен тиімділігін арттыру мәселелерін жедел шешуге бағытталған, бұл өз кезегінде оларды құру мен сүйемелдеуге арналған шығыстарды одан әрі оңтайландыруға мүмкіндік береді, – деген Премьер-министрдің жауабына депутаттар қаншалықты қанағаттанғанын білу мақсатында М.Раманқұловқа хабарласқан едік.
– Қанағаттанған жоқпын. Сауалымызға жауапта жай статистика ғана жазылған. Әлі де сауалдар, хаттар жолдайтын боламыз. Қоғамның пікірін зерттейміз. Яғни, жұмыс ары қарай да жалғасатын болады, – дегенді айтты.
Қарапайым халық тұрмақ, заң шығарушы билік өкілдерін әлі өз шешімдеріне сендіре алмай отырған А.Мамин үкіметі мен Цифрлық даму, инновация­лар және аэроғарыш өнеркәсібі минис­трлігі басшылығы енді қандай әрекет жасар екен. Егер «Үндемеген үйдей бәледен құтылады» деген ұстаныммен Парламент депуттарының қолдауынсыз өз шешімін біржақты жүзеге асырар болса оның салдары қандай боларын ешкім алдын ала болжай алмасы анық.

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»

Комментарий