Жаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

Түлеген, түрленген ҚазҰУ

Тарихын тереңге тартқан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті — еліміздегі маңдайалды білім ордасының бірі. Бүгінде мемлекет игілігіне қызмет етіп жүрген білікті кадрлардың көпшілігі осы оқу орнының түлектері. Мықты мамандар ұстаханасына айналған университеттің тыныс-тіршілігі ешқашан назардан тыс қалмаған. Себебі ҚазҰУ — Қазақстандағы жоғары білімнің өлшемі ғана емес, басқа білім ордаларының бағдар алар алтын қазығы іспеттес. Жақында осы айтулы университеттің Басқарма Төрағасы-Ректоры Жансейіт Түймебаев бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін арнайы жинап, баспасөз мәслихатын өткізді.

ҚазҰУ-дан қанаттанып шыққандықтан мұндағы ізгі істерге ішіміз жылып, тосын хабарға елеңдеп жүретін қашанғы әдетіміз. Содан болар, білім ордасынан жеткен шақыртуды қуана қабылдадық. Әрі бұл сүйінші жаңалықтың басы ғана екен.

Журналистер алдымен қалашық аумағын аралап, күрделі жөндеуден өткізілген оқу ғимараттары мен жатақханаларда болып, мәдени-әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты. Шындығында бұрынғы ҚазҰУ мен қазіргі ҚазҰУ-ды салыстыру мүмкін емес. Қалашық ішін аралағанда оған анық көзіміз жетті. Небары алты айдың айналасында университеттегі баяғы түсі оңған қоңыр есік, бор жұқпайтын қара тақта, жұпыны үстел, орындықтың бәрі ауыстырылған екен. Керегелер мен аудитория іші де көзге жайлы ақшаңқан түске боялыпты. Едендегі жыртылып, өңі кеткен линолиумдардың орнын ашық түсті паркет басқан. Күн суытса жылу ұстамайтын көне терезелерді де ауыстырып, сапалы, жаңа терезелер қойылғанын байқадық. Әсіресе журналистер қауымы әр қабаттағы дәретханаға бас сұғып, «патшалар жаяу баратын» жердің жағдайын білуге тырысқан. Мұнда да мүлтіксіз тазалық, жоғары сапа. Бәрі айнадай жарқырап тұр.

Студенттердің таза, жарық жерде құнарлы ас ішіп, дұрыс тамақтануына да ректордың айрықша мән бергені байқалады. Бұрын бұрыш-бұрыштағы елеусіз жерге орын тепкен асханалардың қазіргі келбеті тіпті керемет. Онда жастардың талғамы, қажеттілігі толық ескерілген. Сондықтан асханалар ауқаттанатын ғана емес, ыңғайлы жерде отырып сабаққа дайындалатын, достармен бас қосатын заманауи орталыққа көбірек ұқсайды. Бір терезе қағидатымен жұмыс істейтін «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы да көңілден шықты. Бұл орталықтан жастар құжаттандыруға қатысты барлық мәселесін бір жерден шеше алады. Сонымен бірге, студенттерге алысқа бармай-ақ бір жерден ем-шара жасайтын Медициналық диагностикалық орталықтың да артықшылығы жетерлік екен.

Кездесу барысында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма төрағасы – Ректоры Жансейіт Қансейітұлы оқу орнының даму бағдарламасы, кампусты жаңғырту жоспары және атқарылған жұмыстар туралы баяндап, журналистердің сұрақтарына жауап берді. Қазір университет құрамында 16 факультет, 68 кафедра, 8 ғылыми-зерттеу институты және 29 ғылыми орталық бар. Соның ішінде басшы Медициналық диагностикалық орталық, Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайы, «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы, Ыстықкөлде спорттық-сауықтыру лагерінің жұмысына ерекше тоқталды. Бұған қоса бүгінде 140-қа жуық ғылыми және оқу-зерттеу зертханасы іске қосылған.

Университет басшысы өз сөзінде жоғары оқу орнында оқытушыларды материалдық жағынан ынталандыруға ерекше көңіл бөлінетініне тоқталды. Мәселен, биыл жалақы екі рет көтерілді. Бірінші рет ақпанда 20 пайызға өссе, екінші рет Білім және ғылым министрлігінің нұсқауына сәйкес, 1 қыркүйектен бастап белгіленді. Қазір мұғалімнің ең төменгі жалақысы – 285 мың, аға оқытушыға – 312 мың, қауымдастырылған профессорға – 389 мың, профессорға 500 мың теңге көлемінде белгіленді.

ҚазҰУ-да 650-ден астам білім беру бағдарламасы жұмыс істейді. Биыл ең өзекті әрі перспективалық бағыттар бойынша 100-ден астам жаңа оқу бағдарламасы іске қосылды. Олардың қатарында неврология, киберфизика, биологиялық инженерия, роботтық жүйелер, жаратылыстану мен инженерлік-техникалық бағыттағы табиғи және технологиялық тәуекелдер енді. Әлеуметтік-гуманитарлық бағытқа: мемлекеттік басқару және қоғамдық қауіпсіздік, цифрлық экономика, креативті индустриялар, медиа-коммуникация, ақылды қала экономикасы сияқты мамандықтар бар.

Бүгінгі күні жоғары оқу орнының инфрақұрылымын модернизациялау жұмысы өте қарқынды жүріп жатыр. Биыл 7 оқу ғимаратында косметикалық жөндеу жүргізілді, 3 оқу ғимаратында күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуда. 14 жатақхана жөндеуден өтіп, студенттерге қазіргі заманға сай жағдай жасалды. Кампустың аумағы абаттандырылып жатыр. Университет ұжымы 600-ден астам ағаш отырғызды, Елбасы саябағы, Ағаштар аллеясы ашылды.

Ректор білім беру мен ғылымның озық инфрақұрылымын заман талабына сай дамытуда әлі де ауқымды жұмыстар атқарылатынын айтты. Жатақханалар ескірген, көпшілігінде пайдалануға берілгеннен кейін күрделі жөндеу жүргізілмеген. Коммуникация жүйесі апаттық жағдайда. 15 мыңға жуық студент жатақханаға мұқтаж. Соңғы студенттік жатақхана 1991 жылы салынып, пайдалануға берілген. Оқу ғимараттары тозған. Инженерлік желілер мен коммуникацияның жағдайы сын көтермейді. Жаңа ғимараттар мен жатақханалар қажет.

Осыған байланысты кампусты дамытудың 2025 жылға дейінгі жұмыс жоспары жасалды. Білім және ғылым министрлігінің Қаржы орталығымен бірлесе жатақханалар салуға инвесторлар тарту бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ қазір бюджетке түсетін жүктемені азайтатын шетелдік инвестицияларды тартудың түрлі тетіктері қарастырылуда.

 

Анар Салқынбай, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры:

Университетіміз аз ғана уақыттың ішінде түрленіп шыға келді. Біз үшін бұл үлкен қуаныш. Еліміздегі жетекші оқу орнының бірі болғандықтан қара шаңыраққа ат басын бұратын, тәжірибе алмасу үшін арнайы келетін қонақтар баршылық. Шетелдік меймандарға көрсетер жаңалығымыз да, мақтанар нәтижелеріміз де аз емес. Алайда, дәретханаға апарғанда шер шұқып, басымызды көтере алмай қалатын едік. Тіпті, бұрынғы ректорымызға кіріп дәретханаға айна қойып берсеңіз деп өтініш те айтқан кезім болды. Бірақ, өтінішім айтылған жерде қалды…Мына күрделі жөндеуден кейін жүзіміз жарқын болып, қонақтарға университетті қорықпай аралататын болдық!

Оқытушылар ешқашан дәл қазіргідей жоғары айлық алып көрмеген. Еңбекті бағалаудың, қол астындағыларға қолайлы орта қалыптастырудың үлгісі бұл. Ректорымыз студенттердің де пікірін тыңдап, олардың да сапалы білім алуына, салиқалы азамат болуына бар мүмкіндікті қарастырып отыр. Ендігі міндет — барды бағалап, тек сапаға жұмыс істеу.

Рая Ескендір, «Алматы ақшамы» газетінің тілшісі:

Бүгінгі кездесу журналистер қауымының басын қосқан айтулы шара болды. Ректор Жансейіт Түймебаев ашық пікірталастан қашпайтынын тағы бір рет дәлелдеді. Әрі осы қадамы арқылы басшы өз ісіне жауап беретінін, бастаған ісін аяқсыз қалдырмайтынын дәлелдесе керек. Тек соған мүмкіндік берсек болғаны.

Кездесудің жинақы, мазмұнды өтуі Қаншайым Байдаулетова жетекшілік ететін баспасөз қызметінің жүйелі жұмысының нәтижесі десек шындықтан алыстан қоймаймыз. Оның үстіне, ақпарат орталығына Гүлзат Нұрмолда, Алмат Исаділ, Гүлнар Жұмабайқызы секілді отандық журналистиканың ең мықты мамандары іріктелген екен. Бұл алдағы уақытта да университет пен қоғам арасындағы алтын көпірдің үзілмейтінін аңғартады. Өзіміз түлеп ұшқан оқу орнындағы көз қуантар өзгерістердің барлығына көңіліміз толды. Жақсы істер жалғасын таба берсін!

 

Айнұр Сатыбалды,

«Заң газеті»

Комментарий