Жаңалықтар | НовостиСудья мінбері | Судебная система

Медиация дауды бір күнде бітіруге мүмкіндік береді

Соңғы жылдары елімізде дау шешудің озық жолы – бітімгершілік тәсілдерін жандандыруға айрықша көңіл бөлінуде. Бұл тұрғыда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты тарапынан «Соттағы татуластыру рәсімдері», «Татуласу: сотқа дейін, сотта» сынды, т.б. тың жобалар тәжірибеге енгізілді. Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асановтың бастамасымен еліміздің барлық аумағында Татуласу орталықтары ашылды. Қазақстан соттарында судья-медиаторлар іске кірісті.

Бұған қоса қолданыстағы Азаматтық процестік кодекспен судьяға татуласу келісімін бекіту туралы өтінішхатты процесс барысында қарау мүмкіндігі берілді. Тағы бір өзгеріс, бүгінде дауды партисипативтік рәсімде шешуге адвокаттардан бөлек заң палаталарының мүшелері де қатыса алады. Бұрынғы Кодексте тараптарды бес күн ішінде татуластыру керек болса, қазіргі күні бұл мерзім он күнге ұзартылды. Мұның бәрі азаматтардың дауды өзара келісіммен бітірулеріне жан-жақты мүмкіндік береді.

Татуласу шаралары Азаматтық процестік кодексте (АПК) көзделгендей, татуласу келісімі, медиация тәртібі, партисипативтік рәсім негізінде жүзеге асырылады. Сотқа жүгінушілер осы қағидалардың өздеріне тиімдісін таңдап, дауды өзара келісіммен аяқтай алады. Әр рәсімнің өз тәртібі бар. Аталған Кодекстің 150-бабының талабына сай, судья алдымен талап қою арызын келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде соттың іс жүргізуіне қабылдау туралы мәселені шешеді. Дауды болдырмау мақсатында тараптарға татуласудың тиімділігін түсіндіреді. Сондай-ақ, олардың дауды өзара келісіммен бітірулері үшін  процестің барлық сатысында көмектеседі. Татуласу келісімі сот шешім шығаруға кетпей тұрып және сот актісінің орындалуы кезінде жасалады. Бұл үшін тараптар дауды судья немесе медиатордың көмегімен реттеу туралы өтінішхатты мәлімдеулері тиіс.

Татуласу келісімін бекіту туралы өтінішхат сот отырысында қаралып, бекітіледі. Егер тараптар сот отырысына келмесе, сондай-ақ, өтінішхатты өздерінің қатысуынсыз қарау туралы арыз бермесе, татуласу келісімі қаралмайды. Татуласу келісімін жасаудың құқықтық салдарлары тараптарға өтінішхат бекітілмей тұрып түсіндіріледі. Екі жақ та қолдаған жағдайда татуласу келісімін бекіту туралы ұйғарым шығарылады. Егер татуласу келісімі заңға қайшы болып, басқалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзса бекітілмейді.

Татуласу келісімі сот актісін орындау сатысында жасалса, актіні орындайтын аумақтағы немесе оны қабылдаған соттың бекітуіне жіберіледі. Келісім ерікті түрде орындалмаған жағдайда, бір тараптың өтінішхатымен соттың атқару парағының негізінде мәжбүрлеп орындатуға жатады.

Медиативтік келісімге келу арқылы жүйкеге түсер салмақтан арылуға, уақыт жағынан ұтуға және қаржыны үнемдеуге болады. Сонымен бірге татуластыру процесі кезінде екеуара келісім құпиялығы сақталады, еріктілік принципі басшылыққа алынады. Азаматтар медиацияға  сотқа дейін де, кейін де бара алады. Дау-жанжалды өзара келісіммен бітірген екі жаққа да тиімді. Өйткені, сотта  даудың жүру ұзақтығы сотқа, ал, медиацияда  тараптардың өздеріне ғана байланысты. Олар, тіпті,  бір күннің ішінде мәмілеге келе алады. Даулы мәселелерде бабалар жолы бітімгершілікті ұстанудан ұтпасақ ұтылмаймыз.

 

Камшат Умбеталиева,

Медеу аудандық сотының судьясы

Алматы қаласы

Комментарий