Жаңалықтар | Новости

Түрмедегі сайыс: Ақтөбеде жазасын өтеуші сотталғандар өз туындыларымен «Үміт- 2021» байқауында бақ сынасты

Көздің жауын алатындай моншақтан жасалған құты мен раушандар, ұлттық нақыштағы киіз үй мен бесік, сүйікті жарының бейнесін шеге мен жіптен көркемдеп салу және басқа да қолданбалы өнер бұйымдары Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық- атқару жүйесі департаментіне бағынысты КА-168/1, КА-168/2 және КА-168/3 мекемелерінде жазасын өтеп жатқан сотталғандар арасында өткен «Үміт — 2021» облыстық байқауында көрініс тапты.

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған іс- шарада сотталғандардың өз қолдарымен әр түрлі жанрда дайындаған 11 қолөнер бұйымы және 11 кескіндеме суреттері өзара сайысқа түсті.
Көрмеге қойылған жұмыстардың арасында КА-168/1 қауіпсіздігі аралас мекемесінде жазасын өтеуші сотталғанның қолымен жасалған «Шығыс ханшайымы» қолөнері бірден ерекшеленді. Құрылысқа арналған шеге мен қарапайым жіпті пайдалана отырып, әдемі әйелдің бейнесін шығару үшін жазасын өтеушінің қаншалықты тер төккенін айтпаса да түсінуге болады.
Сондай- ақ, КА-168/2 қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде жаза мерзімін өтеп жатқан он саусағы жоқ сотталғанның қарапайым сірінкеден дайындаған тұрғын үйдің әр бөлшегінің мұқият жабыстырылғанына қарап, бұл бұйымды саусақсыз адамның жасағанын елестету тіпті қиын. Бостандықта жүргенінде аязға он саусағын үсіріп алған 34 жасар сотталған бұндай өнерімен темір торға тоғытылған сәтінен бастап айналыса бастағанын айтады.

КА-168/2 түзеу мекемесіндегі тағы бір жазасын өтеуші сотталғанның ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнаған «Қазақ елі» кескіндемесінде: ою- өрнектермен әдемі өрнектелген киіз үйлерін жаз жайлауға тіккен қазақ халқының мамыражай өмірі, өр тұлғалы батырлар т.б. бейнелер әдемі көрініс тапқан.
Бұдан бөлек, «Бақытты шаңырақты» кескіндеген жазасын өтеуші әйелдердің қолдарымен дайындаған киіз үй мен бесік олардың армандарындағы бақытты отбасыны бейнелесе, басқа да жазасын өтеушілердің қолынан шыққан «Үйге жол», «Барыс», «Бостандық», «Табиғат», «Менің арманым», «Менің бақытым» т.б. туындылары да темір тордың ар жағындағылардың ішкі жан тебіреністерінен сыр шертеді.

««Үміт — 2021» облыстық байқауының негізгі мақсаты – түзеу мекемелеріндегі жазасын өтеуші сотталғандардың табиғат сұлулығын, өнер туындыларын, әдебиеттерді және кескіндемені түсінуін дамытуға бағытталған эстетикалық тәрбие беру. Яғни, мұндай іс-шаралар сотталғандарды айналасындағы қоршаған ортаға мейірімділікпен қарауға, олардың түзу жолға түсулеріне әкелетін бірден- бір тәрбие құралы.
Осындай игі істер арқылы темір тордың ар жағында отырғандар уақыттарын тиімді өткізіп, өмірге деген құштарлығын арттырып қана қоймай, түрмедегі тіршілік оларды қоғамға жігерлі азамат болып оралуларына ықпал етеді»,- дейді Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің сотталғандар арасындағы тәрбие жұмысы бөлімінің бас маманы әділет майоры Руслан Төлегенов.

Байқаудың соңғы кезеңінде сотталғандардың туындыларына тиісті деңгейде баға беру үшін арнайы шақыртылған қазылар алқасында болған облыстық өнер музейінің өкілдері, жастар ресурстық орталығының мамандары және өңірдегі қоғамдық бақылау комиссиясының төрағасы байқауға түскен үздік суреттер мен қолөнер бұйымдарының сапасына баға беріп, жүлделі туындыларды анықтады.
Байқау қорытындысымен, мекемелер арасында өткен облыстық байқауда Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне бағынысты КА-168/1 мекемесінде жазасын өтеуші сотталғанның шеге мен жіптен дайындаған «Шығыс ханшайымы» туындысы жүлделі І орынға ие болса, КА-168/2 түзеу мекемесіндегі сотталғанның «Қазақ елі» картинасы ІІ орынды иеленді. Ал, ІІІ орынды 168/2 мекемесінде жазасын өтеуші сотталған «Барыс» қолөнерімен жеңіп алды.
Жүлделі І орынды иеленген үздік туынды сотталғандар арасында өтетін республикалық байқауға жөнелтілді.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің баспасөз қызметі,
Фото: Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖД

Комментарий