Жаңалықтар | НовостиСудья мінбері | Судебная система

Үш айда атқарылған жұмыс қомақты

Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің (бұдан әрі – Кодекс) қолданысқа енгеніне үш айдан асты. Ол азаматтардың құқығы мен бостандығын мемлекеттік органдардың заңсыз әрекетінен қорғауды көздейді.

Кодексте қарастырылған маңызды ерекшеліктің бірі – әкімшілік іс жүргізіліп жатқан тұлғаға процедуралық тыңдалу кепілдігінің енгізілуі, яғни түпкілікті шешім қабылданғанға дейін арызбен жүгінген тұлғаға өз ұстанымын білдіруге мүмкіндік берілген. Бұдан басқа кодексте заңдылық қағидаты, құ­қықтарды, бостандықтар мен заңды мүд­делерді қорғау, анықтық презумпциясы, әкімшілік сот ісін жүргізудің ақылға қонымды мерзімі, сот актілерінің міндеттілігі туралы да қағидаттар қарас­тырылған.
Мысалы, кодекстің 8-бабында: «Әкімшілік орган, лауазымды адам және сот әкімшілік істі қарау кезінде обьективтілік пен бейтараптықты сақтай отырып, әкімшілік іске қатысушылардың әрқайсысына олардың әкімшілік істің мән-жайларын жан-жақты және толық зерттеуге құқықтарын іске асыруына тең мүмкіндік пен жағдайды қамтамасыз етуге міндетті», – делінген. Ал, 120-бабында татуласу тетігі дәйектеліп: «Тараптар өзара жол беру негізінде әкімшілік процестің барлық сатысында (кезеңінде) сот шешім шығаруға кеткенге дейін татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасасу арқылы әкімшілік істі толығымен немесе ішінара аяқтай алады», – деп жазылған. Демек, жаңа кодекс медиация институтының қарқынды жұмыс істеуіне жол ашып отыр, оның алғашқы нәтижелері де жоқ емес.
Әкімшілік сотта мемлекеттік орган мен азаматтың немесе заңды тұлғаның арасындағы даулар қаралады десек, бұған дейінгі заңдарда мемлекеттік органдармен татуласу мәселесі жоқ болатын. Жаңа кодексте тараптардың сот процесінің кез келген сатысында бітімге келуіне мүмкіндік жасалғанын жоғарыда айттық. Мысалы, өткен үш айда 105 іс қаралып, 85 іс бойынша шешім шығарылса, соның 19-ы татуласу тәртібімен аяқталған. Яғни, қаралған істің 18 пайызы медиация тәртібімен реттелгені қуантарлық жағдай. Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы Бек Әметов бітімге келген бір істі мысалға келтіріп: «Мәселен, өткен айда Т. есімді талап қоюшы сот орындаушының әрекетімен келіспей, алимент бойынша қарыз берешекті есептеу туралы қаулының күшін жою жөніндегі талап арызымен сотқа жүгінген. Сот барысында тараптар дауды өзара медиация тәртібімен реттеу туралы келісім жасасқысы келетінін мәлімдеп, оның шарттарына сай жауапкер даулы қаулының күшін жойып, талап қоюшының алимент бойынша берешек қарызын қайта есептеу туралы жаңа қаулы шығаруға келіскен», – деді.
Биылғы шілде-қыркүйек айларында ауданаралық әкімшілік сотқа 416 талап арыз түскен. Соның 114-і сот орындау­шыларға, 60-ы сатып алуға қатысты, 64-і салық, 73-і жер және 15 еңбек даулары, ал қалғандары тұрғын үйге, зейнетақыға қатысты тағы басқа да даулар. Сондай-ақ, 121 талап арыз қайтарылған және оларды қайтару себебі де біртектес. Көбіне, әкімшілік соттың соттылығына жатпайтын немесе кодекс талаптары сақталмай жолданған талап арыздар кері қайтарылып жатқанын айтып кеткен жөн болар. Сонымен қатар, 7 әкімшілік іс бойынша ақшалай өндіру шарасы қолданылып, толық орындалған және 9 іс бойынша жеке ұйғарым шығарылып, соның 1-еуі орындалса, 8-інің орындалу мерзімі әлі жетпеген. Осы уақыт аралығында қалалық сот алқасына 32 апелляциялық шағым түсіп, соның 5-еуі ғана өзгертіліп, ал 90 пайызы күшінде қалған. Өткен үш айда ауданаралық әкімшілік сот пен қалалық соттың небәрі 12 судьясы тарапынан кодекстің нормаларын халыққа түсіндіру және насихаттау мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылды. Нақтырақ айт­сам, мемлекеттік қызметшілер мен заң­герлерге жан-жақты түсіндіру мақсатында аудандық, қалалық соттың судьялары Мемлекеттік кірістер департаменті мен Мемлекеттік сатып алу басқармасы қызметкерлерімен, адвокаттармен, жеке сот орындаушылармен қалалық сотта, Әділет департаментінде, Nur Otan партиясы филиалының ғимаратында кездесулер өткізді. Бұдан басқа үш айда үш рет дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Өткен үш айда сот қызметкерлерінің 18 мақаласы басылымдарда жарық көріп, 4 телесұхбаты эфирден көрсетілді және 20 материалы сайттарға шықты. Ал, фейсбук пен инстаграмм әлеуметтік желілерінде жарияланған материалдардың саны 21-ге жетті. Атқарылған жұ­мыстың қатарында қалалық соттың судьясы Б.Нәсірдіновтың Жоғарғы Соттың баспасөз хатшысы А.Садуақасовпен тікелей эфирге шыққанын және қалалық соттың әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Г.Қыдырбаева мен ауданаралық әкімшілік соттың төрағасы Б.Әметовтің қала әкімдігіндегі Ақпараттық коммуникация алаңына барып брифинг өткізгенін айтуға болады.
Кодекстің қолданысқа енгеніне енді ғана үш ай өткендіктен, сот практикасы әлі толық қалыптаса қоймағаны белгілі. Дегенмен, Шымкентте әкімшілік әділет институты жүйелі түрде жүзеге асырылуда деп айтуға болады.

Қабыл ДҮЙСЕНБИ,
Шымкент қалалық сотының
баспасөз хатшысы

Комментарий