Жаңалықтар | НовостиҚұқық | Право

Мұрат Усманов, Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Пробация қызметіне басшылық жасау тобының бас маманы, әділет майоры: «Пробация — айыптаушы емес, тәрбиелеуші»

– Әңгімемізді пробация қыз­метінен бастасақ. Жалпы, бұл қандай жүйе?
– Н.Назарбаевтың Бес институционалдық реформасын жүзеге асырудың 100 нақты қадамын белгілеген Ұлт жоспарындағы басты тапсырмалардың бірі – бас бостандығынан айыру орнынан босатылған әрбір сотталған адамға қоғамда өз орнын табуға көмектесу. «Пробация» латын тілінен аударғанда «сынау» деген мағынаны білдіреді.
Бостандығынан айырмайтын жазаға кесілген немесе мерзімінен бұрын шартты жазаға босаған сотталушыны бақылап және тексеріп қана қоймай, оған еркін өмірге бейімделуге, жұмысқа орналасуына, білім алуына көмектесу – пробация қызметкерлерінің басты міндеттерінің бірі. Ол үшін қылмысқа барған адам сот міндеттеген шарттардың барлығын бұлжытпай орындауы қажет. Міне, осылайша, байқаусызда сүрінген жандар болса, оларды түзеу мекемесіне отырғызбай, қайта тәрбиеленуіне мүмкіндік беріп, әлеуметтік мәселелері болса, шешуге ықпал жасайды.
– Біздің елімізде пробацияның неше түрі жұмыс істейді?
– Пробация қызметінің төрт түрі бар. Сол себепті сотқа дейінгі, шартты-үкімдік, пенитенциарлық және постпенитенциарлық пробация түрлері кеңінен қолданылады.
Сотқа дейінгі пробация – күдіктінің, айыпталушының мінез-құлқын түзеуге бағытталған, оларға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету жөніндегі қызмет пен шаралар жиынтығы. Үкімдік пробация – бас бостандығын шектеу жазасы берілген, сондай-ақ шартты түрде сотталған адамдарға қатысты пробациялық бақылауды белгілеу мен оны жүзеге асыру және оларға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету жөніндегі қызмет пен шаралар жиынтығы. Мұны «Нельсон Манделла ережелері» деп атауға болады. Мандела ережелері қабылданғаннан кейін түрмелерде соңғы 60 жыл бойы қалыптасып қалған «тәртіптің» 80 пайызы қайта қаралған. Жаңартылған ереже соттал­ғандарды қоғамға қайта бейімдеудің тәсілдерін өзгерткен. Пенитенциарлық пробация – қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің мекемелерінде бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын өтеп жүрген адамдарды әлеуметке қосу жөніндегі қызмет пен шаралар. Сонымен қатар, түзеу мекемесінің қызметкерлері және колонияда жазасын өтеу­шілер арасында оқу-дәрістер өткізу. Пенитенциарлықтан кейінгі пробация – қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің мекемелерінен босатылған адамдарға қатысты пробациялық бақылау белгілеу мен оны жүзеге асыру және оларға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету жөніндегі қызмет пен шаралар болып табылады.
– Пробация қызметінде қандай заңдарға сүйенесіздер?
– ПҚ бөліністері және жергілікті полиция қызметкерлері қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жазаға сотталғандарға қатысты қадағалау мен бақылау жұмыстарында ҚР ІІМ-нің 2014 жылғы 15 тамыздағы №511 бұйрығымен бекітілген «Пробация қыз­метінің жұмысын ұйымдастыру қағидасын бекіту туралы», 2014 жылғы 18 тамыздағы №517 бұйрығымен бекітілген «Пробация қызметтерінің есебінде тұрған адамдардың мінез-құлқына бақылау жасау жөніндегі пробация қыз­меттері мен полиция бөлімшелерінің өзара іс-қимыл жасасу туралы» қағидалардың және ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 23 қазандағы №1131 «Пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету туралы» қаулысын басшылыққа алып жұмыс атқарады. Пробация қызметі бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны өтеу мерзімі заңды күшіне енген күннен бастап, олардың тұрғылықты жері бойынша жүзеге асады. Пробациялық бақылау мерзімі шартты түрде сотталған адамды пробация қыз­метінің есебіне қойған кезден бастап есептеледі. Сотталған азаматты есепке қою кезінде оның тұрғылықты жерін, денсаулық жағдайын, білім деңгейін және еңбекпен қамту, сондай-ақ, оған ұсынылатын әлеуметтік-құқықтық көмектің көлемін айқындау үшін қажетті өзге де мәліметтерді анықтайды. Сотталған адамға әлеуметтік-құқықтық көмек беру, оған қатысты пробациялық бақылауды жүзеге асыру және тоқтату тәртібін түсіндіреді. Тіркелуі үшін пробация қызметіне келу күндерін белгілейді.
– Осындай санаттағы азамат өзіне жүктелген міндеттерді орындамаған жағдайда қандай шара қарастырылады?
– Есептегі тұлғалар өзіне сот жүктеген міндеттерді және пробация қыз­метінің заңда талаптарын орындамаған жағдайда, пробация қызметі сотталғанға белгіленген жаза түрін қатаң жаза түрімен ауыстыру немесе жаза мерзімін ұзату бойынша сотқа процессуалдық шешім қабылдау үшін ұсыныс жасайды. Қазіргі таңда сотталғандардың ішінде жаза өтеу барысында түзелу жолына түспей, жаза өтеу шарттарын бұзғандары үшін сот қаулысымен 58 тұлға бас бостандығынан айыру орындарына жолданды және 23 сотталғанның құжаттары сот қарауында тұр.
– Түркістан облысы ҚАЖ департаментінде қанша пробация қызмет жасайды?
– Біздің департаментке қарасты 3 қалалық 13 аудандық пробация қызметінің бөлімдері бар. Жалпы алғанда, 91 қызметкер – аудандарда 89, департаменттің ПҚБ тобында 2 қызметкер қызмет атқарады.
– Облыс бойынша қанша соттал­ған тізімде тұр, олардың арасын­да түзелу жолына түспей, қайта соттал­ғандар бар ма?
– Қазіргі таңда Түркістан облысы бойынша 3247 азамат пробация­лық бақылауға алынған. Былтыр 3172 адам тіркеуде болған. Есептік кезеңнің соңында 1996 адам тіркелсе, 2020 жылы 2091 сотталған тіркеуде қалған. Қарап отырсақ, сотталғандар саны 95 адамға қысқарған. Оның ішінде жазасын өтеуші әйелдер саны – 104 болса, кәмелет жасына толмағандар 10 адамды құрайды. Қылмыс санаттары бойынша сотталғандарға тоқталар болсақ, қылмыстық теріс қылық – 146, ауыр емес қылмыс – 340, ауырлығы орташа қылмыс – 293, ауыр қылмыс – 1245, ал, аса ауыр қылмыс үшін 16 сотталған пробация­лық бақылауда тұр. ҚР ҚК-нің 73-бабымен түзеу мекемелерінен босатылып, шектеу жазасына ауыстырылғандардың саны 151 сотталғанды құрайды.
Сонымен қатар жазасын өтеп жүріп, қайтадан қылмыс жасау деректері де орын алуда. Қазіргі таңда 36 сотталған қайта қылмыс жасап отыр. Шартты түрде сотталғандар мен бақылаудан бөлек бас бостандығынан айырылғандарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетудің маңызы зор. Осыған орай, Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты 3 қалалық және 13 аудандық пробация қызметінің мамандары жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, қайта қылмыс жасамау және құқықбұзушылықтарды болдырмау үшін жұмыс жасауда.
– Пробация қызметінің есебінде тұрғандарға қандай көмектер көрсетілуде?
– Мұндай адамдарға өздерінің әлеу­меттік жағдайларына байланыс­ты көмектер көрсетілуде. Атап айтар болсақ, биыл 9866 адам әлеуметтік-құқықтық көмек алса, өткен жылы мұндай көмек 9364 адамға берілген. Оның ішінде медициналық көмек ағымдағы жылы 51 адамға, 2020 жылы 71 адамға көрсетілген. Психологиялық көмек алғандар саны биыл 2940, өткен жылы 2893 сотталғанды құраған. 1400 адам жұмысқа орналасса, 2020 жылы 1457 адам екі қолға бір күрек тауып, отбасын асырауға мүмкіндік алды. Оның ішінде, биыл квота арқылы жұмысқа орналастырылғандар саны 210 адамды құраса, өткен жылы 168 адам болған. Бір жолғы жәрдемақыны биыл 25 адам алса, былтыр мұндай көмекке 60 адам ие болған. Жеңілдікті және әлеуметтік жәрдемақы ағымдағы жылы 105 адамға төленсе, 2020 жылы 189 сотталған алған. «Жұмыспен қамту» арқылы 50 адам қайта даярлаудан өтсе, былтыр бұл көмек 113 есепте тұрғандарға көрсетілді. Үстіміздегі жылы пробация қыз­метінің есебінде тұрған 108, ал, өткен жылы 120 адамның құжаттары қалпына келтірілді. Сонымен қатар, басқа да көмек алғандар саны – 5184 (2020 жылы – 4453). Оның ішінде, биыл 1207, былтыр 758 адамға құқықтық көмек көрсетілді. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 47 адам (2020 жылы – 76) көмек алды. Мекенжайы бойынша тіркелген және ауыстырған 74 сотталғанға да (2020 жылы – 94) тиісті көмек ұсынылды. Пробация қызметінің есебінде тұрған 48 адамның (2020 жылы – 71) отбасы мүшелеріне көмек берілді. Үстіміздегі жылы 401, ал өткен жылы 244 адам азық-түлік себетін және басқа да қайырымдылық көмек алды. Сонымен қатар, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы жыл басынан бері сегіз сотталған тұлға жеке бизнесін дамыту мақсатында, арнайы курста оқып, сертификатқа ие болса, қысқа мерзімді кәсіптік білім алу бойынша 45 адам сертификат алды. Бұдан бөлек 3 тұлға арнайы бағдарлама арқылы 1 683 500 теңге көлемінде мемлекеттік грант ұтып алды.
– Бұл санаттағы сотталғандарды пробация айыптамайды, керісінше, оларды тәрбиелейді деуге бола ма?
– Дәл солай. Әрине, пробация қыз­метінің құрылғанына көп уақыт өте қойған жоқ. Дегенмен, қоғамнан оқшауламай-ақ, қылмыстық жазаларды барынша кеңінен қолдануға жағдайлар туғызып отыр. Бұл – тура жолдан адасып, жазаға кесілген азаматтарға деген ізгілікке толы қамқорлық. Олар түзеліп, қоғамның бір бөлшегіне айналады деген берік сенім бар. Сотталушының кінәсі қанша жерден ауыр болса да, ол мемлекетіміздің азаматы деген аттан айырылмайды. Пробациялық бақылау – істі болғандардан өш алу мақсатында емес, керісінше, оларды тәрбиелеу үшін қолданылатын қызмет. Пробация қызметінің есебінде тұратын адамдарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетеді. Бас бостандығынан айыруға байланысты емес жазалардың заңмен айқындалған түрлерін орындау, бас бос­тандығын шектеу түріндегі жазасын өтеп жүрген сотталғандарға, шартты түрде сотталғандарға, бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандарға бақылау жасауды жүзеге асыруға септеседі.

Раушан НАРБЕК
Түркістан облысы

Комментарий