Жаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

Адалдық – ең асыл қасиет

Сыбайлас жемқорлық дәрі беріп емдейтін сырқат емес. Айналасындағы салауатты, таза және сау ортаны шарпып, тыныс-тіршілігін тарылтатын, заңсыз әрекеттермен қоғамдық ортаның және мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, дара кәсіпкерлердің, азаматтардың қыз­мет етуіне қатер төндіретін қауіпті дерт. Бұл дерттің алдын алып, қоғамға таралу жолдарын кесіп, оның ұлғаюына жол бермеу керек. Ол үшін аталған дертке қарсы дауа іздеуге атсалысып, жұмыла күресуіміз қажет. Сонда ғана ел мүддесі үшін зор үлес қосатынымыз және халық сенімінен шығатынымыз анық.

Ашықтық кеселдің алдын алады

Мемлекет басшысы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынғанда билік пен халықты жақындатуды мақсат еткені белгілі. Соған орай мемлекеттік органдардың ашықтығы мен қолжетімділігін арттыру мақсатында «Антикор Лайф» жобасы қолға алынған. Бұл жоба аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдар жалғасын табуда.
Мақсатты жұмыстарды жүйелі жүргізуге тағы бір серпін ретінде ел Президентінің «Қазақстан Республикасында қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту және құқық қорғау қызметін одан әрі жетілдіру жөніндегі қосымша шаралар туралы» Жарлығы қолданысқа енгізілді. Ол Жарлық еліміздегі құқық қорғау органдары қызметтерін жетілдіруге бағыттала отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеттер мен олардың пайда болуының алдын алуда жүйелі әрі тұрақты шаралар атқаруды қамтамасыз етеді.
Мұндай іргелі істерден білім ордалары да шет қалып отырған жоқ. Мектебіміздің бірінші қабатында «Сенім жәшігі» ілінген. Бұл қадам құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу мақсатында жасалды. Осы жәшікке мектептегі теріс әрекеттер, ұрлау және күшпен ақша алу жағдайларын кездестірген оқушылар мен ата-аналар өз ескертуін жазып қалдыра алады. Жәшікке түскен өтініштер мен хаттар апта соңында мектеп әкімшілігі және мектеп инспекторының қатысуымен алынып, жұмыс жүргізіліп отырады.Күнделікті оқу процесінде жемқорлыққа жол бермеу мәселелері үнемі қадағаланып отырады. Мектепте ата-­аналардан ақша жинау фактілерінің орын алуын болдырмау мақсатында мұғалімдермен, сынып жетекшілерімен үнемі жұмыстар жүргізіліп, бұйрықпен таныстырылды.

Жастар жемқорлыққа қарсы

Қоғамды жегідей жеп жатқан қауіпті індетпен көп болып күресуіміз қажет. Рухани-адамгершілік және азаматтық-патриоттық бағытта тәрбиелеу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті мектеп ортасында қалыптастыру мақсатында «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубының жұмысы ұйымдастырылды. Бұл клубтың мектебімізде тәрбие жұмысын ұйымдастыруға ықпалы зор. «Адал ұрпақтың» өз жұмысын бастағанына бірнеше жыл болды. Бастауыш сыныптан бастап өтірік айтуға, біреуді алдауға, рұқсатсыз біреудің затын пайдалануға болмайтыны сияқты ұғымдарды үйренген, бойына сіңірген оқушының ертең өз қолына билік алғанда адал жолды таңдайтынына кәміл сенуге болады. Оқушыларға әр жетістікке өз білімімен, өз талабымен жету керектігін үйретіп, еңбекпен келген нанның тәтті әрі сіңімді болатынын түсіндіру біз үшін үлкен жетістік. Себебі, қазіргі оқушы, яғни жас ұрпақ – ертеңгі еліміздің болашағы, ұлтымыздың келешегі.
Сонымен бірге «Адал ұрпақ» еріктілер клубына мектебіміздің барлық оқушылары кіріп, белсенді мүшелері өздеріне төсбелгі мен бірдей галстук жасатты. Жоспарлы түрде оқушылар арасында Ақсақалдар алқасының қатысуымен «Тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» атты  кездесу өткізіліп келеді. Іс-шараның басты мақсаты – мемлекетімізді көркейтіп, дамытатын сауатты да білімді, құқықбұзушылықтар мен қылмысқа төзбейтін отансүйгіш азаматтар тәрбие­леу.
Осындай кезекті бір кездесуде Құдайберген Бәтеш ақсақал оқушыларға мектеп тәртібін қатаң сақтауды, өз құқығын білуді, қоғамдық ережелерді бұзбауды, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білу керектігін өз өмірімен байланыстыра отырып айтып берді. «Елдегі әділдік пен адалдықтың туын биік ұстайтын өздерің!» – деген оймен сөзін бастаған ақсақал жастарға келелі кеңес берді. Кездесу барысында оқушылар қоғамдағы әділетсіздікке байланысты көптеген сұрақтарын қойып, толық та мағыналы жауап алды. Жалпы, осындай кездесулерді оқу орындарында жиі-жиі өткізіп отыру бүгінгі таңда кезек күттірмейтін өзекті мәселе.

Сатушысыз дүкен

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасына сәйкес, мектебімізде «Адалдық дүкендері» ашылды. Адалдық дүкенінің мақсаты – жастарды адалдыққа тәрбиелеу, олардың өзін-өзі сынауына мүмкіндік беру. Адалдық дүкенінің басқа сауда орындарынан ерекшелігі – сатушы адамсыз сауда жүргізіліп, тұтынушы сатып алған тауарының ақшасын сол жердегі арнайы ақша салатын ыдысқа салады. Мұндай дүкендерді ұйымдастыру оқушылардың жағымды моральдық қасиеттерін дамытып, соның ішінде ішкі парасат пен адалдыққа тәрбиелеуге жол ашады. Сонымен қатар, бұл шара сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитетті қалыптастыруға тікелей әсер етеді.
Мектебімізде «Адал ұрпақ» ұйымына арналған ақпараттық қабырға тақтасы жасалып, «Парасат» бұрышы безендірілді. Қабырға тақтасына мектепішілік бұйрық, жылдық жоспар және «Адал ұрпақ» еріктілер клубы мүшелерінің міндеттері мен мақсаттары салынған. Біздің білім ордамызда бүгінде 800-ге жуық оқушы тәлім алады. Олардың жартысынан астамы республикалық «Жас ұлан» және «Жас қыран» ұйымының мүшелері, 523 оқушы «Адал ұрпақ» еріктілер клубының мүшелері.
Оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай бастауыш, орта және жоғары буын бойынша клуб жетекшілері таға­йындалып, жоспарлы жұмыстар атқарылуда. Жоғары сынып балалары өздерінен кішілерге үлгі болып, өткізілген кездесу, дөңгелек үстелдерге қатысып, өз ойларымен бөліседі. Мектебімізде ұйымдастырылған осындай ұйымдар мен клубтардың оқушылардың жеке тұлға болып қалыптасуына, өз ойын еркін жеткізе білуіне, айналасындағы тәртіп бұзушылыққа көз жұмып қарамауға, ата-ана мен ұстаздың қадір-қасиетін түсінуіне, қоғамдық жұмыстардың белсенді мүшесі болуына, бір сөзбен айтқанда, өз өмірінің құнды, болашағы өз қолында екенін түсінетін дара тұлға болып қалыптасуына ықпалы зор.

Біз біргеміз!

«Адалдық – ардың ісі» атты үздік сурет байқауына «Адал ұрпақ» клубының 3-4 сыныпта оқитын мүшелері қатысып, өздерінің сурет салуға деген қызығушылығын көрсетті. Сондай-ақ, «Адал ұрпақ» еріктілер клубының ұйымдастыруымен 9-10- сыныптар арасында «Ғасыр індетінен сақтанайық» атты дөңгелек үстел өтті. Сұхбат, әңгімелесу, пікірталас түрінде өткен дөңгелек үстелдің мақсаты – оқушыларға темекі, арақ, есірткі, ЖҚТБ-ның қазіргі таңдағы адамзаттың басты проб­лемасы екенін ұғындыру, оның зиянды жақтарын түсіндіру, ғасыр дертіне айналып отырған кеселдердің залалын жан-жақты меңгерту, зиянды заттардан барынша аулақ болуға шақыру, сана-сезімдерін дамыта түсу. Оқушылар темекі, арақ, есірткі ұғымы туралы жалпы ойларын ортаға салды. Темекінің зияны туралы бейнебаян көрсетілді.
Бұдан бөлек, жақында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен «Ахмет Байтұрсынұлы – адамдық пен білім диқаншысы» тақырыбында кезекті онлайн сағаты өткізілді. 2019–2020 оқу жылында бірнеше рет «Адалдық сағаты» 1-11- сыныптарда жоспардан тыс өткізіліп, әр сынып жетекшісі өз шеберлігіне қарай қоғам қайраткерлерін, ата-аналарды, мектебіміздің түлектерін шақырып шараны әр алуан форматта өткізіп отырды.
«Адалдық – ардың ісі» атты таңғы кездесу сағаттарын өткізу де мектебімізде әдемі дәстүрге айналған. Таңғы кездесу адамдарға жақсылық ойлау, ондағы адалдық, әділдік, шыншылдық сияқты адами құндылықтардың алатын орны жайлы жол көрсетуге бағытталған. Олар адал өмір сүруге, әділдікке бағдарлай отырып, әдептілік ережелерін қадағалауды үйретеді. Мұндай кездесулер оқушыны ізденіске ұмтылдырады, оқығанын талдап, мәнін аша білуге, ой қорытуға, айтарын аз сөзбен түйіндеуге дағдыландырады. Сондай-ақ, жастар адами қасиеттерді, адалдық, шыншылдық, әділдікті бо­йына сіңіреді. Әлеуметтік жағынан дамыған, ұшқыр, ұтымды ойлап, белсенді қимылдайтын, өзгенің пікірін сыйлап, төзімділікпен тыңдай білетін саналы азамат болып қалыптасуына кездесулердің көмегі көп. Мектебімізде «Адал ұрпақ» клубының мүшелерімен, 10-сынып оқушыларымен «Сыбайлас жемқорлықпен күрес – басты парызымыз» атты практикалық сабақ өтті. Сонымен бірге клуб мүшелері «Қоғамдық тәртіп негіздері» атты пікірталасқа белсенді қатысты.

Азаматтық борыш

Біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ. Қоғамның барлық күш-жігерін біріктіріп, осы дерттің одан әрі ушықпауы үшін оны тоқтатудың барлық амалдарын қолдану арқылы ғана бұл құбылысқа тиімді түрде қарсы тұруға болады. Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен күресу барлық қазақстандықтардың азаматтық борышы деп білу керек.
Ел болып еңсемізді көтергенімізге, тәуелсіздігімізді алып, шаршы әлемге танылғанымызға 30 жыл  болды. Мемлекетте жүргізілген салиқалы саясаттың арқасында құқықтық заңнамалар мен іс-шаралар қабылданып, ел экономикасы мен әлеуметтік жағдайы түзеліп, Қазақстан әлем елдерінің ортасынан өз орнын айқындады. Еліміз бүкіл әлемге өзінің біртұтастығымен, ажырамас бірлігімен танылды. Қоғам дамуының жаңа жолын таңдап, уақыттан туындаған әртүрлі кеселдерден айығуды міндет етіп қойды.
Қоғамдағы көкейкесті мәселеге айналып отырған сыбайлас жемқорлық ел ішіне білінбей кірген індет секілді. Ал біздің осы кеселге қарсы қолданар қаруымыз – қоғам. «Қоғам – өмірдің айнасы». Айналамыз таза болса, жемқорлық та іргемізге жоламайды. Сондықтан қоғам болып тегіс қарсы күрескенде ғана бұл індетті жоймақпыз.

Бахыткул Кусаинова,
Алатау ауданы №164 жалпы білім беретін мектептің директоры
Алматы қаласы

Комментарий