Жаңалықтар | НовостиҚұқық | Право

Өлім жазасы ізгілендірілмек

Елімізде өлім жазасы толығымен жойылмайды. Бұл жаза қылмыс салдарының ауырлығына байланыс­ты соғыс уақытында көп адамдарды өлтіргені үшін қолданылады. Сондықтан Қылмыстық кодекстің төрт бабында осы жаза сақталады. Бұл туралы кеше Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Қылмыстық кодекс­ке өлім жазасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде заң жобасының бірінші оқылымында қаралды. Құжатты депутаттар алдында қорғаған Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиевтің айтуынша, бұл жаза бейбітшілік пен адамзат қауіпсіздігіне қарсы аса ауыр қылмыстарға тосқауыл қою мақсатында қолданылады. Нақтырақ айтқанда, басқыншылық соғысты тұтандырушылар мен жүргізушілердің, жаппай қырып-жою қаруын қолданушылардың, әскери тұтқындар мен тұрғындарды өлтіру арқылы соғыс заңдары мен дәстүрін бұзушылардың және соғыс уақытында геноцид жасағандар бірден өлім жазасына кесіледі.

Бұл талап осындай адамгершілікке қарсы әрекеттер белгіленген халықаралық актілер негізінде айқындалып отыр.
Қоғамды ізгілендірудің маңызды бір қадамы – өлім жазасын жою екені белгілі. БҰҰ өлім жазасын жоюды адамның өмір сүру құқығын қамтамасыз ету жолындағы прогресс ретінде қарайды. Қазақстан әрбір адамның өмір сүруге құқылы екендігін айқындап, өлім жазасын сатылы түрде жою бағытын қолға алды. Мәселен, 2005 жылы Азаматтық және саяси құқықтар туралы пактіге ратификация жасады.Осы Пактінің 6-шы бабына сәйкес өлiм жазасы тек қана айрықша ауыр қылмыс жасағаны үшiн заңға сәйкес тағайындалуы мүмкін. Сонымен қатар, еліміз 2006 жылы Еуропа Одағының өлім жазасын жою туралы үндеуіне қосылды. 2007 жылы БҰҰ-ның өлім жазасына мораторий енгізу туралы резолюциясын қолдады. Осы жазаны қолдану аясы сатылап азайып келеді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында өлім жазасы 26 аса ауыр қылмыстар үшін тағайындалатын еді. Бұл жаза 97-ші жылғы Қылмыстық кодекстің он сегіз бабында ғана қалды. Ал, 2014 жылғы Қылмыстық кодекстің он жеті бабында сақталған. Кейін кейбір санкцияларда балама ретінде өмір бойы бас бостандығынан айыру көзделген.
Соттар өлім жазасын немесе балама жазаны қылмыстың ауырлығын, сотталушының жеке басын және оның қылмыс салдарына қарым-қатынасын ескеріп тағайындайды. 2003 жылы Елбасы мерзімсіз мораторий енгізу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл шешім өлім жазасын толық жойған кезге дейін қолданылады. Өлім жазасын жоюға бағытталған маңызды актілердің бірі – Екінші факультативтік хаттама. Оны Қазақстан осы жылдың қаңтарында ратификациялады. Хаттама өлім жазасын жою үшін барлық шараларды қабылдауға міндеттейді.
Аталмыш заң жобасы Қылмыстық кодексті Хаттама мен оған жасалған ескертпеге сәйкес келтіруге бағытталған. Өлім жазасы қылмыстық кодекстің он үш бабынан алып тасталады. Ол баптарда соғыс уақытында әскери борышын бұзу, мемлекеттің конституциялық құрылысы мен қауіпсіздігіне қарсы қылмыстар, жалдамалылық және терроризм актісі, мемлекетке опасыздық, ҚР Тұңғыш Президенттің – Елбасының өміріне қол сұғу, ҚР Президентінің өміріне қол сұғу, диверсия, терроризм актісі, соғыс уақытында бұйрыққа бағынбау немесе оны өзгедей орындамау, соғыс уақытында бастыққа қарсылық көрсету, соғыс уақытында бастыққа қатысты күш қолдану әрекеттері, соғыс уақытындағы қашқындық, соғыс уақытында әскери қызметті атқарудан жалтару немесе бас тарту, соғыс уақытында жауынгерлiк кезекшiлiктi атқару қағидаларын бұзу, соғыс жүргiзу құралдарын қарсыласқа беру немесе қалдырып кету сынды әрекеттер бойынша өлім жазасын қолданылу қарастырылған болатын. Екіншіден, бұл құжат аясында соғыс уақытында жасалған әскери сипаттағы аса ауыр қылмыстар ретінде өлім жазасын қолдану шектері бекітіледі. Яғни, жоғарыда айтып кеткеніміздей, Қылмыстық кодекстің төрт бабында осы жаза сақталады. Сол секілді «Әскери тұтқындарды ұстау туралы» Женева конвенциясы басқа қылмыстармен қатар, әскери тұтқындарды қасақана өлтіруді ең аса ауыр қылмыс деп есептейді. Сонымен қатар, Қазақстан жаппай қырып-жоюға қарсы биологиялық және химиялық қаруға тыйым салу туралы шарттарды бекіткендіктен осындай құралдарды қолданғаны үшін де өлім жазасын қалдыру көзделді. Депутаттар бұл өзгертулердің Ата Заңымызға қайшылық келтіру мүмкіндігіне алаңдаушылық білдірді. Осы ретте депутат Ерлан Саиров соғыс уақытында әскери сипатта жасалған қылмыстар үшін аса ауыр, яғни өлім жазасының белгіленуіне қатысты түсініктеме беруді сұрады. Шындалиев мырза бұл ретте Конституцияда адам құқын қорғау мүмкіндіктерінің кең екендігін айта келіп, Екінші факультативтік хаттама талаптарының басым болуына орай ұлттық қылмыстық заңнаманың соған сәйкес болуы қажеттігін мәлімдеді. Бұл Ата Заңымызда дәйектелген мәселе. Ал, депутат Артур Платонов лаңкестіктің еш шектеусіз халықаралық сипат алып бара жатқанын, бұл әлемдік қауымдастық үшін аса қатерлі қауіптердің бірі екенін ортаға салған болатын. Соның бір мысалы ретінде Ауғанстанды мысалға келтіріп, лаңкестік, диверсия, құлдыққа салу секілді қылмыстарға өлім жазасын жою арқылы, мемлекетті, азаматтарды олардан қорғау шараларын әлсіретіп алмау қаупін ескерткен еді. Бұл мәселеге орай, Бас прокуратура өкілінің айтқан уәжі тек қана өлім жазасымен лаңкестікке шек қоя алмайтынымызды, өйткені, мұндай әрекетке барғандар алдымен өз өмірін құрбан ету ниетінде болатындығы, сондықтан мемлекет мұндай құқыққа қарсы әрекетке жол бермеу үшін кешенді шара қабылдау керектігін қамтыды. Яғни Шындалиев мыр­заның айтуынша, елімізде бұл тұрғыда нақты қадам бар.
Жиында сонымен қатар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық акті­леріне энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Бұл құжат жалпы ішкі өнімнің энергия сыйымдылығын төмендету бойынша энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы жүргізілетін саясаттың түпкі нәтижесіне қол жеткізу мақсатында дайындалыпты.
Ал отырыста тұтастай мақұлданып, Сенаттың қарауына жіберілген заң жоба- сы бойынша 2004 жылғы 22 желтоқсандағы Қазақстан мен Ресей Үкіметтері арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Айша Құрманғали,
«Заң газеті»

Комментарий