Жаңалықтар | НовостиСудья мінбері | Судебная система

Тараптар аумақтық соттылықты өзгерте алады

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі (ӘРПК) азаматтар мен мемлекеттік органдардың мүдделерін үйлесімді қорғауға, судьялардың процестік еркіндігін одан әрі кеңейтуге және лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін барынша арттыруға бағытталған.

Қолданысқа енгеніне үш айдан асқан жаңа заңның нормалары соттар тарапынан халыққа белсенді түрде түсіндірілуде. Бұл тұрғыда біз аталған Кодекстің 16-тарауы, яғни, әкімшілік істердің соттылығына тоқталамыз. Өйткені, азаматтар мемлекеттік органдарға қатысты арыз-шағымдарымен нақты қай сотқа жүгінетінін білмей жатады. Мысалы, ӘРПК-нің 102-бабы 2-бөлігінің талабына сай, жария-құқықтық қатынастардан туындайтын даулар әкімшілік соттардың соттылығына жатады. Сондай-ақ, талап қоюшының арызы бойынша мамандандырылған аудандық және оған теңестірілген әкімшілік соттың соттылығына жатқызылған істерді оның тұрғылықты жеріндегі сот қарауы да мүмкін. Ал, Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Азаматтық процестік кодекстің 27-бабы 1-2-бөлігінде көрсетілген инвесторлар мен әкімшілік органдар, лауазымды адамдардың әкімшілік актілеріне, әрекеттері мен әрекетсіздігіне шағым жасау жөніндегі талап қоюларын қарайды.

Әкімшілік істердің әскери соттарға соттылығы осы Кодекстің 103-бабымен айқындалған.  Облыстық және оларға теңестірілген соттар әкімшілік істерді апелляциялық тәртіпте, ал, Жоғарғы Сот орталық сайлау, орталық референдум комиссияларының шешімдері, әрекеттері мен әрекетсіздігіне қатысты дауларды қарайды. Әкімшілік істер бойынша сот актілеріне кассациялық тәртіпте Жоғарғы Сотқа жүгінуге болады.

Аумақтық соттылықта әкімшілік істер әкімшілік акті шығарылған орын немесе жауапкер орналасқан жер бойынша қаралады. Әкімшілік акт Қазақстаннан шет аумақта шығарылған жағдайда ол Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында, ал, электрондық құжат нысанындағы әкімшілік акт талап қоюшының тұрғылықты жерінде қаралады. Тағы бір айтарлығы, әкімшілік органға оның аумақтық бөлімше, филиал, өкілдігінің қызметінен туындайтын талап қоюлар олардың орналасқан жеріне беріледі.

107-бапта айқындалғандай, бірнеше жауапкерге талап қою керек болса, талап біреуінің тұрғылықты  жеріне беріледі. Соттар арасындағы таңдауды талап қоюшы жасайды. Сондай-ақ, тараптардың әкімшілік іс сот отырысында талқылауға тағайындалғанға дейін өзара келісім бойынша аумақтық соттылықты өзгерту мүмкіндігі бар. 3-бөлікке сай, жауапкер келтірген залалды өтеу туралы талапты мамандандырылған аудандық және оған теңестірілген әкімшілік сот қарайды. Ал, моральдық зиянды өтеу туралы талап азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қаралады. Талап қоюшы бір жауапкерге қатысты бірнеше талап қоюы мүмкін. Талаптар өзара байланысты, сондай-ақ, бір сотта қаралуға жататын болса, оларды бір талап қоюға біріктіруге болады. Осы тұста ескерерлігі, ӘРПК-да өзгеше белгіленбесе, әртүрлі сот ісін жүргізу тәртібімен қаралатын бірнеше талап бір іс жүргізуге біріктірілмейді. Бұл ретте жария-құқықтық дауларға қатысы жоқ талаптар бөліп көрсетіліп, соттылығы бойынша аудандық немесе қалалық сотқа жіберілуі керек.

108-бапта соттың іс жүргізуіне қабылданып, қарауға тағайындалған әкімшілік істің басқа соттың соттылығына жатқызылатыны анықталғанымен оның мәні бойынша қарала беретіні нақтыланған. Әкімшілік іс соттылық қағидалары бұзыла отырып қабылданса, бір немесе бірнеше судьяға қарсылық білдіруге және басқа да себептерге байланысты судьялар ауыстырылса, сондай-ақ, істі осы сотта қарау мүмкін болмаса, 107-баптың екінші бөлігінде көзделген негіздер туындаса онда іс басқа соттың қарауына беріледі.

Әкімшілік істі басқа сотқа беру немесе оны беруден бас тарту туралы сот ұйғарымы шығарылады және оған шағым жасалуы мүмкін. Нақты айтсақ, әкімшілік іс шағым жасау мерзімі өткен соң, ал, шағым берілген жағдайда оны қанағаттандырусыз қалдыру туралы сот ұйғарымы шыққан соң ғана басқа сотқа ауыстырылады. Тараптар сот айқындаған соттылықпен келіссе, олардың жазбаша өтінішхаты бойынша әкімшілік істі бір соттан екіншісіне беру ұйғарым шығарылысымен дереу жүргізіледі.

Кодекстің 109-бабы бойынша соттар арасындағы соттылық туралы дауларды жоғары тұрған сот шешеді, бұл шешім түпкілікті болып саналады және ол қайта қарауға жатпайды. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалаларда және елордада орналасқан бірінші сатыдағы соттар арасында дау туындаса, оларды тиісті облыстық немесе оған теңестірілген соттың ұсынысымен Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты шешеді.

Жаңа Кодекс жария-құқықтық қатынастардан туындайтын дауларда азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің әділ қорғалуына серпін беретінін дәлелдеуде. Ел заңдарын түсіндіру арқылы көпшіліктің құқықтық сауатының артуына жәрдем ете алсақ, онда біздің басты мақсаттарымыздың бірі орындалғаны.

 

Мөлдір Мұханова,

Алматы қаласы  мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы

Комментарий