Бас тақырып | Тема дняЖаңалықтар | Новости

КӘСІПОДАҚПЕН САНАСАТЫН СӘТ ТУДЫ

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған биылғы жолдауында пандемия еңбек нарығын едәуір өзгерткенін, ең алдымен, қашықтан жұмыс істеу тәсілін қарқынды дамытқанын айтты. «Көптеген жаңа кәсіптер пайда болған, үдерістердің көпшілігі автоматтандырылып, цифрландырылып жатқан қазіргі кезде бұл үрдіс тың серпінге ие болуда. Осындай жағдайда мамандықты жиі өзгерте білу және жаңа кәсіптерді игере алу арқылы ғана әркімнің бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз ете аламыз. Сондықтан, бізге «Кәсіби біліктіліктер туралы» заң қажет. Бұл құжат біліктілікті тану мәселесін реттеп, жұмысшыларды өзінің қарым-қабілетін жетілдіруге ынталандыруы керек» деген еді. Еңбек адамының мүддесін қорғауда жұмыс берушілердің ғана емес, жергілікті билік өкілдерінің де назарын өзіне аударту үшін, әрдайым барлық істе бастамашы болып отыру үшін кәсіподақ ұйымдары керек.

Қасым-Жомарт Кемелұлы жолдауда сондай-ақ, халқымыздың әл-ауқатын арттыруға арналған бірқатар бастамаларын жариялаған еді. Оның біріншісі ең төменгі жалақы деңгейіне қатысты болды. Ол 2018 жылдан бері өспегенін, Қазақстанның ТМД-ның бірқатар елдерінен артта қалып қойғанын айтқан Президент 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны қазіргі 42,5 мың теңгеден 60 мың теңгеге дейін көтеру туралы шешімін жариялады. Екіншісі Үкіметтің бизнесті өз жұмысшыларының жалақысын көбейтуге ынталандыруы туралы болды. Қазақстанда 6,5 миллионнан астам адам жалданып жұмыс істейді, алайда еңбекақы төлеу қорының өсімі соңғы 10 жылда кәсіпорын иелері табысының өсімінен 60 пайыздай артта қалып қойды.

Сондықтан енді қызметкерлерінің еңбекақысын көбейткен жұмыс берушілерге реттелмелі сатып алу жүйесі
аясында жеңілдіктер беріліп, оларға мемлекет тарапынан белсенді қолдау көрсетілетін болады. Үшіншісі еңбекақы төлеу қорынан бірыңғай төлем енгізуге қатысты. Бұл шара бизнесті мыңдаған қызметкерін «көлеңкеден шығаруға» ынталандырып, олар зейнетақы жүйесінің, әлеуметтік және медициналық сақтандыру жүйесінің толық қатысушысына айналмақ. Жаңа жүйе 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс істей бастауы тиіс. Төртіншісі бюджеттен қаржыландырылатын мәдениет қызметкерлері, мұрағатшылар, кітапханашылар, техникалық қызметкерлері, қорықшылар, көлік жүргізушілер және басқалардың жалақысын 2022-2025 жылдары жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсіру туралы. Мұнда айтылғандардың бәрі жолдауға дейін-ақ кәсіподақ ұйымдары тарапынан қозғалып, Парламент пен Үкіметке ұсынылып, талқыланып, тиісті шешімдері әлдеқашан қабылдануы тиіс нәрселер еді. Азаматтық қоғамдағы үкіметтік емес ұйымдар арасында өз мүшелерінің саны жағынан ғана ерекшеленіп қоймай, белсенділігімен де ең алдыңғы қатарда тұруы тиіс кәсіподақ ұйымдары Президент, Парламент және мәслихат сайлауларында ықпалды күш ретінде әлі билік органдарына өзін мойындата алмай жүр. Оның басты себебін саяси ғылымдар докторы Сайын Борбасов кәсіподақтардың өз фунциясын дұрыс атқара алмауымен байланыстырып отыр.

– Еңбек ұжымдарында кәсіподақ қазір бұрынғыдай беделге ие емес. Өйткені олар өз функцияларын ойдағыдай атқарып жатқан жоқ. Мемлекеттік ұйымдардың бәрінде кәсіподақ болғанымен, бұрынғыдай үлкен әлеуметтік жүкті көтере алмауда. Мәселен, бұрын мәдени, спорттық шаралардың көбі кәсіподақтар арқылы атқарылатын. Қазір олардың ешқайсысы атқарылмайды. Шын мәнінде кәсіподақтар – азаматтық қоғамның маңызды сегменттерінің бірі. Билік азаматтардың белсенділігінің артуына аса мүдделі емес. Кәсіподақтар – азаматтардың белсенділігінің артуына негізделген ұйым. Азаматтар ұжымдағы, қоғамдағы шаруаларға кәсіподақтар арқылы араласып, соны шешуге атсалысады. Қазір бізде кәсіподақтармен Үкімет те, Президент Аппараты да санаспайды. Кәсіподақ қызметінің жандануы азаматтардың еркіне байланысты. Азаматтардың саяси сауаты артқан сайын кәсіподақтың жұмысы да жақсарады. Бұл – әлемдік құбылыс. Алайда оның рөлі қазір әр елде әрқалай. Дамыған елдерде кәсіподақ өзінің әлеуметтік, мәдени функцияларын жақсы атқарып отыр. Бізде олар, керісінше, бұрынғы атқаратын функциясының көбінен айрылып қалды. Оның қызметі ұжымда шағын мәдени шара ұйымдастырып, зейнетке шыққан адамдарды құттықтаумен ғана шектелуде, – дейді профессор Сайын Борбасов.

Жазушы, педагог Антон Макаренконың «қоғам қажетін ойламай тұрып, жеке адамның қажетін білу мүмкін емес» дегеніндей, қазір азаматтық белсенділікті дамытуда кәсіподақтың рөлі айқын сезілуде. Егер оның қызметі өз деңгейінде жүргізілетін болса, жемқорлықпен күрес те нәтижелі боларын уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Енді кәсіподақ қызметін жандандыру бүкілхалықтық міндет ретінде күн тәртібіне көтерілмесе, Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасында көрсетілген мақсат-міндеттердің де көбі орындалмай қалуы әбден мүмкін.

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»

Комментарий