Жаңалықтар | Новости

Р. МҰЗАФАРОВ: «КҮЙЗЕЛІСТЕГІ АДАМ ПСИХИАТР КӨМЕГІНЕ ЗӘРУ»

Р. МҰЗАФАРОВ, ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының халықаралық әріптестік және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы:

– Ринат Хусаинұлы, суицид – адамның әлсіздігі ме әлде дерт пе? Жалпы, аталарымыздың «Құдай өзі берген жанын өзі ғана ала алады» деген ежелгі қағидасына қарсы шығып, адамдардың өз-өзіне қол жұмсап, өмірмен қоштасуының сыры неде?

– Суицид латын тілінен аударғанда адамның өз-өзіне қиянат жасап, өз өмірін қиюы дегенді білдіреді. Бұл терминді 1947 жылы итальян психологы Г.Дэзен енгізген. Ол бұған «өзін-өзі өлтіруге әрекет ету» деп түсінік береді. Адамның өзіне қол жұмсауына қандай да бір нақты себеп әсер етеді деп үзілді-кесілді айтуға болмайды. Дегенмен ғалымдар суицид жасауға ықпал ететін биопсихоәлеуметтік модельді қарастырады. Яғни оған биологиялық, психологиялық, әлеуметтік факторлар жатады. Биологиялық факторға тұқым қуалаушылық, анатомиялық және физиологиялық ерекшеліктер, психикалық ауытқушылықтар, т.б. себептер жатады. Психологиялық факторға эмоционалды, яғни қатты қажыған, шаршаған немесе бір жағдайда шешімін таба алмай тығырыққа тірелген, өмірден түңілген, күйзеліске түскен жағдайлар себеп болады. Әлеуметтік факторлар адамдардың тұрмыс жағдайы, қызметіне қатысты туындайтын мәселелер, айналасындағылардың ықпалы, әлеуметтік-экономикалық мәртебесі, т.б. қамтиды.

– Өмірмен қоштасуға бекінген жандардың мінез-құлқы қандай болады? Суицидті болдырмаудың жолы қандай?

– Ғалымдардың зерттеуінше, суицидтің үш түрі бар. Оның біріншісі – шынайы суицид. Мұндай жағдайда
адам өмірден түңіледі, үнемі көңілсіз жүреді. Өмір сүрудің мән-маңызын жоғалтады. Ақыры өзіне-өзі қол жұмсауға бел байлайды. Екіншісі — жариялы суицид. Әдетте мұндай жолды таңдағандар өлместен бұрын өлгісі келетіндігіне өзгелердің назарын барынша аударуға бейім тұрады. Мәселен, біреумен ренжіссе болғаны, қолына суық қару немесе арқан-жіп ала жүгіріп, «өлем» деп өзгелерді үрейлендіргісі келетіндер осы топқа жатады. Ал үшінші бір түрі – жасырын, яғни құпия суицид. Оның әсерінен адам санасында немесе санасынан тыс өлімге байланысты үрейі арқылы өз-өзін күйреуге әкеп соғатын әрекеттердің немесе сыртқы күштердің, көбінесе арандатудың нәтижесінде көз жұмады. Депрессиялық жағдайда адамға көбінесе отбасы
мүшелерінің шынайы қамқорлығы, жақындығы, түсіністігі мен демеуі қажет. Мұндай кезде адам тез өкпелегіш,
ұрысқа, қақтығысқа бейім болады. Көп жағдайда жақындары немесе қоршаған ортасы оның бойындағы өзгерістерді, мінез-құлқын түсінбейді. Ал бұл оны одан сайын тығырыққа тіреп, соңы суицидке әкеліп соғуы мүмкін. Оларға ұрсудың немесе ақыл айтудың қажеті жоқ, тек оны толғандырған жайтты тыңдап қана қоймай, жанын түсіне білсе болғаны. Көп жағдайда күйзелісте жүрген адам ішкі сырын досына немесе туған-туысқанына емес, арнайы маманға, яғни бөтен адамға ақтарғанды дұрыс деп санайды. Сондықтан жақын
адамының, баласының бойынан күйзелістің белгілерін аңғарған сәттен бастап психиатрдың көмегіне жүгінген жөн. Бірақ емделушілердің көпшілігі психолог пен психиатрды шатастырып жатады. Бұл екеуінің арасындағы айырмашылық: психиатр ауруларды емдейді, ал психолог психикалық тұрғыдан сау адамдарға кеңес беріп, түңілуден арылуға көмектеседі.

– Бүкіләлемдік пандемияның түрлі салаларға өз әсерін тигізгені анық. Суицид көрсеткішіне карантиннің ықпалы болды ма?

– ҚР Бас проку­ратурасы жанындағы Құқықтық статистика және арнайы есеп бойынша комитетінің мәліметіне сәйкес, соңғы үш жылда Қазақстандағы суицид көрсеткіші 2,5%-ға төмендегені байқалды. Ал 2021 жылдың алғашқы алты айында 2020 жылдың осыған ұқсас кезеңімен салыстырғанда, бұл көрсеткіш 15,4%ға өскен. Айталық, 2020 жылы өз-өзіне қол салған 1632 оқиға тіркелсе, 2021 жылы 1928 адам өмірін қиыпты. Ересектерге қарағанда жеткіншектер арасында өзін-өзі өлтіру оқиғалары көп тіркелген. Әсіресе, 15-17 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында қайғылы көрсеткіштің үлесі артып, 43,1 пайызды құрады.

– Суицид жасаушылардың жас ерекшелігі, жыныстық ерекшелігі қандай?

– Сараптама жүргізу барысында 2020 жылы ең жоғары суицид көрсеткіші 35 пен 44 жас аралығындағы
азаматтардың арасында тіркелген. Бұл барлық өз-өзіне қол жұмсаған өлім фактілерінің 22,7%-ын құрап тұр. Бұл сырқат, әйелдерге қарағанда, еркектердің арасында төрт есе жоғары екенін айтып өткім келеді.

– Мұндай қайғылы оқиғалардың алдын алу бағытында қандай жұмыстар жүргізілуде?

– Еліміздің денсаулық сақтау саласы бойынша бұл мәселеге баса назар аударылуда. Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының өңірлердегі бөлімдерінде сенім телефондары жұмыс істейді. Жергілікті аумақтық емханалармен бірлесіп тиісті көмек көрсетіледі. Атап айтсақ, пациенттерге жеке, кәсіби және психологиялық мәселелері бойынша психологиялық кеңес беру, дамыту және психикалық түзеу бағдарламасы жасақталған. Өңірлерде кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтің алдын алу мақсатындағы арнайы бағдарлама жүзеге асырылуда. Бағдарлама аясында 20202021 оқу жылында 163 007 жасөспірімге зерттеу жасалып, қатерлі топқа енгізілген 1319 жеткіншекке консультативті, психологиялық және емдеу-диагностикалық көмек көрсетілді. Қазақстанның күйзеліс орталықтары одағы жанында балалар мен жастарға арналған 150 нөмірлі ұлттық сенім телефоны желісі жұмыс істейді. Сонымен қатар пандемия кезінде 2020 жылдың 4 сәуірінде Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен және БҰҰ-ның Балалар қорының (ЮНИСЕФ) көмегімен халыққа психологиялық көмек көрсету мақсатында https://onlinehealth.kz сайты іске қосылды. Мұнда онлайн кеңес беру, сауалдарға жауап беру қызметтері қолжетімді. Сондай-ақ қиын жағдайда адамның өзіне көмектесуі, психикалық денсаулық мамандары мен мектеп психологтарының жұмыстарына қажетті ақпараттық ресурстар да бар. Сайт ашылғалы бері 80 мыңнан астам адам кірген, 400-ге жуық толыққанды кеңестер өткізіліп, жазбаша қалдырылған 200 өтінімге тиісті көмек беріліп, ұсыныстар айтылған. Білім арттыру бағытында бұл алаңда
100-ден астам вебинар өткізіліп, оған онлайн форматта қатысқан 22 800 маман мектеп психологының қызметінде кездескен 54 күрделі оқиғаны талқылады. Вебинарлардың жазбасы және басқа да ақпараттар ата-аналарға, педагогтарға, психологтарға, дәрігерлерге және басқа да мамандарға арналған Mentalcenter QAZAQSTAN YouTube арнасына орналастырылған. Бұл арнаның 2400 жазылушысы және 104 мыңнан
астам қаралымы бар екенін де айта кетейік.

Айгүл АХМЕТОВА,
«Заң газеті»

Комментарий