Жаңалықтар | НовостиСудья мінбері | Судебная система

Медиацияны қылмыстық процесте қолдану нормалары

Медиация институты екі жақ та келісетін шешім қабылдануы мүмкін істерді қараудан соттарды біртіндеп босатуға алғышарт жасайды. Сондықтан, оны дамытып, әлемдік деңгейге жеткізу уақыт талабы. Осы тұрғыда айтар болсақ, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінде процестік келісімнің талаптары орындалған кезде және татуласуға байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату нормалары қарастырылған. Яғни, 67-бап талабына орай, процестік келісімнің барлық шартын орындаған адам қылмыстық жауаптылықтан босатылады. Дей тұрғанмен, медиация кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмысты он төрттен он сегізге дейінгі адамға кәмелеттік жасқа жетпеген адам жасаған жағдайда қолданылмайды.

Татуласуға байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату 68-баппен айқындалған. Мысалы, 1-тармақшаға сай, қылмыстық теріс қылық немесе қазаға ұшыратпайтын онша ауыр емес, ауырлығы орташа қылмыс жасаған адам жәбірленушімен, арыз берушімен татуласса, мұның ішінде медиация тәртібімен татуласса, сондай-ақ, келтірілген зиянды өтесе, қылмыстық жауаптылықтан босатылады. Сотта процеске қатысушыларға медиация тәртібімен қылмыстық жауаптылықтан босату және қылмыстық істі істі қысқарту заңдылықтары түсіндіріледі. Сот медиация туралы келісімнің ерікті түрде жасалғанын анықтап, қылмыстық жауаптылықтан босату туралы сот төрелігін іске асырады.

Медиация мүмкіндігін адам өмірі мен денсаулығына ауыр зиян келтірмейтін ауыр қылмысты алғаш рет жасаған кәмелетке толмағандар мен жүкті және жас балалары бар әйелдерге, сондай-ақ, жас балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектерге, елу сегіз бен осы жастан асқан әйелдер, алпыс үш пен одан үлкен жастағылар пайдалана алады. Бұл үшін олар жәбірленушімен, арыз берушімен татуласулары, оның ішінде медиация тәртібімен татуласулары және келтiрiлген зиянды қалпына келтірулері шарт. Осы жағдайларда қылмыстық жауаптылыққа тартылмайды.

Қылмыстық жауаптылықтан босату кезінде кәмелетке толмаған адамға тәрбиелік ықпалы бар мәжбүрлеу шаралары қолданылады. Қоғамның және мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне 68-баптың бірінші немесе екінші бөлігінде көрсетілген адам зиян келтірсе және ол өз ісіне шынайы өкініп, зиянның орнын толтырса заңмен берілген мүмкіндікті пайдалана алады. Қылмыстық істе медиация азаптауларға, сыбайлас жемқорлыққа террористік, экстремистік, қылмыстық топ құрып жасалған қылмыстарға, т.б. қолданылмайды. Бұл нормалар 68-баппен жан-жақты айқындалған.

Қазақстан Республикасы Медиация туралы заңының 24-бабында қылмыстық сот ісі барысында жүргізілетін медиацияның ерекшеліктері нақтыланған. Қысқа айтсақ, тараптардың медиация туралы шарт жасасуы қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді тоқтатпайды. Тағы бір ескерерлігі, медиацияны жүргізуде тараптардың бірінің жасы кәмелетке толмаса, онда педагогтің немесе психологтің, заңды өкілдерінің қатысуы міндетті.

Қылмыстық сот ісін жүргізу барысындағы медиация заңда белгіленген тәртіпте сотқа дейінгі және сотта іс жүргізу мерзімдерінде жүзеге асырылады. Егер медиация тоқтатылса, тараптар іс жүргізуінде қылмыстық іс жатқан қылмыстық процесті жүргізетін органға дауды реттеу туралы келісімді, өзге жағдайда осы заңның 26-бабында көзделген негіздерді көрсете отырып, медиацияны тоқтату туралы жазбаша хабарламаны жіберуі тиіс.

Медиация сот ісіндегі тазалықты, әділ төрелікті қамтамасыз етудің негізгі тәсілдерінің бірі. Өйткені, дамыған мемлекеттерде медиацияның дамуы қылмыстық істерден басталады. Егер өзара келісімге келудің тиімділігін жеткілікті деңгейде жеткізге білсек, «Бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» қағидасына бас иген халқымыздың бітімгершіліктен бас тартпайтынын тәжірибе көрсетуде.

Дінасыл Жанатқызы,

Түрксіб аудандық сотының судьясы

Алматы қаласы

Комментарий