Жаңалықтар | Новости

Eta коронавирус штаммы Қазақстанда пандемияның жаңа толқынын тудыра ма?

Қазақстанның профилактикалық медицина академиясының президенті, ғалым, медицина қызметкері Алмаз Шарман Eta коронавирусының жаңа нұсқасы және ол пандемияның кезекті толқынын тудыруы мүмкіндігі туралы айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме беріп.

Оның айтуынша, қазіргі SARS-CoV-2 коронавирусының көптеген нұсқалары бар. Осыған дейін ол айына екі рет мутацияға ұшыраған. Әр мутация жаңа вирус нұсқасын тудырады деген сөз емес.

«Бұл коронавирус молекуласындағы бірнеше мутация болуы мүмкін. Eta нұсқасы Нигерияда пайда болды және ол біраз уақыт қозғалып жүрді. Қазіргі уақытта ол тағы бір вирус толқынын тудырады деген ақпарат жоқ, сондай-ақ агрессивті немесе жұқпалы екендігі туралы деректер жоқ. Медициналық қоғамдастықта бұл штамм алаңдаушылық туғызып отырған жоқ. Қазір біз бәріміз дельта штаммен жұмыс істеп жатырмыз, ол өте жұқпалы және агрессивті болуы ықтимал. Сондықтан, менің ойымша, Eta нұсқасы, Қазақстанда жаңа эпидемиялық індет тудырады деп ойламаймын. Оның қаншалықты қауіпті немесе жұқпалы екендігі туралы деректер әлі жоқ. Бұл тағы бір мутация болуы мүмкін», – дейді Алмаз Шарман.

Айта кетейік, бұған дейін ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстанда Eta «Нигериялық» коронавирус штаммы тіркелгенін хабарлаған болатын.

Комментарий