Жаңалықтар | Новости

ҚАРЫЗ — ҚАРАШАНЫҢ ҚАСІРЕТІ

Ақбұлақтағы атыс. 5 азаматтың өлімі. Неше күннен бері кінәліні іздеп, сот орындаушы, полицияға қатысты қыжылын сыртқа шығарып жатқан жұртта есеп жоқ. Банк пен сот жұмысына қатысты да сын аз айтылмады. Бәрі орынды. Соның ішінде банктердің ашкөздігі, сот орындаушылардың тізеге басатын тарпаңдығы қанды оқиғаның орын алуына тікелей түрткі болғаны рас.

Әсіресе, жеке сот орындаушылар институты тәжірибеге енгізілгелі бері дау-дамай көп. Өз қалталарына жұмыс істейтін мамандардың сот шешімін орындап, айыппұлды өндіру үшін небір қитұрқылыққа, бопсалауға баратынын оқырмандардан жиі естиміз. Алайда, жеке сот орындаушыларға лицензия беріп, олардың жұмысын қадағалауы тиіс Жеке сот орындаушылар палатасы да, Әділет министрлігі де оқырмандар тарапынан айтылған сынға құлақ түріп, көңіл аударған емес. Өйткені жұмысты бағалайтын рейтингтердегі көрсеткіштері ойдағыдай. Енді, бәлкім, Ақбұлақтағы жалғыз баспанасынан ажырап қалмас үшін ашынып бес
адамды ажал құштырған азаматтың әрекетінен кейін Әділет министрлігі де, Ұлттық банк те, Жоғарғы Сот
та мәселені терең зерттеп, толымды шешім қабылдар. Оның бәрі уақыт еншісіндегі шаруа. Әділет органдарының жұмысын бағалау кезінде сарапшылар көп жағдайда The World Justice Project үкіметтік емес халықаралық ұйымының заң үстемдігі индексіне сүйенеді. Бүкіл әлем бойынша заң үстемдігінің негізгі қағидаларының қабылдануы мен орындалуын анықтау мақсатында бұл жоба алғаш рет 2010 жылы жасалған
болатын. Жалпыға қолжетімді статистикалық деректер мен сарапшы-заңгерлердің ғаламдық сауалнамасы бойынша әзірленетін индексте барлық зерттеулер билік институттары өкілеттігін шектеу, жемқорлықтың болмауы, тәртіп пен қауіпсіздік, негізгі құқықтарды қорғау, билік институттарының ашықтығы, заңдардың сақталуы, азаматтық әділдік, қылмыстық әділдік деп аталатын 8 негізгі бақылау көрсеткішіне топтастырылады.

2020 жылдың наурызында жарияланған соңғы индексте Қазақстан 128 мемлекеттің ішінен 63 орын алды. Бұрынғы одақтас республикалар арасынан біздің алдымызда тек Эстония (10) мен Грузия (43) ғана тұрғанын, ал көршілес Қытай – 87, Қырғызстан – 90, Өзбекстан – 91, Ресей – 93, Иран – 109 сатыдан табылғанын біздің лауазымды шенеуніктер сол кезде қуана хабарлады. Одан 5 жыл бұрын жарияланған, яғни 2015 жылғы индексте Қазақстан – 65, Қытай – 71, Қырғызстан – 74, Ресей – 75, Өзбекстан – 81 орында тұрған. 2030 жылға дейін әлемдегі бәсекеге қабілетті 50, ал 2050 жылға дейін 30 елдің қатарына қосылуды алдына стратегиялық мақсат етіп қойған Қазақстан үкіметі қазіргі қарқынмен оған жетуі қиын секілді. Өйткені қарапайым халық арасында әділет органдары мен құқық қорғау органдарын ғана емес, олардың қызметін де шатастырып жатады. Ал 2002 жылы қабылданған «Әділет органдары» туралы заң бойынша ҚР Әдiлет органдары
өз құзыретi шегiнде мемлекеттiң қызметiн құқықтық қамтамасыз етудi жүзеге асыратын, мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен азаматтардың жұмысында заңдылық режимiне
қолдау жасайтын, азаматтардың және ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауды қамтамасыз ететiн атқарушы билiк органдары болып табылады (1-бап). 7-бап бойынша әдiлет органдарының жұмысына басшылық етудi жүзеге асырады және әдiлет органдарына жүктелген мiндеттердiң орындалуына ҚР Әдiлет министрi дербес жауапты болады. Егер тәуелсіздік жылдары бұл салада 11 рет басшы ауысқанын және өзге
әріптестеріне қарағанда әзірге бұл лауазымды ең ұзақ атқарып келе жатқан Марат Бекетаевтың осы айда министр болып тағайындалғанына 5 жыл толғанын ескерсек, әділет органдарының қызметіне қатысты түйткілді мәселенің негізгі түйінін тапқандай боламыз. Яғни жауапты тұлға ауысқан сайын оның жауапкершілігі кейінге ысырылып қала береді. Соның нәтижесінде халықтың әділет органдарының қызметіне қатысты сенімі әрбір оқыс жағдай туындаған кезде күрт құлдырауын тоқтатар емес. Мәселен, Алматыда биылдың өзінде осымен екінші рет өзге тұрғындардың өміріне қауіп төндірген үлкен атыс болып отыр. Сәуір айында болған алғашқы оқиға кезінде тұрғын үй кешенінде 6 сағат бойы атыс салған бір азамат соңында
17-қабаттан секіріп өлген еді. Екінші оқиға кезінде жеке сектордағы тұрғын үйде сот шешімін орындауға келген адамдарға оқ жаудырған азамат бес бірдей адамның өмірін қиды. Осы оқиғаға байланысты жұртшылық арасында сауалнама жүргізген ақпарат құралдарының хабарлауынша, халықтың әділет органдарына деген сенімсіздігі 60- 70 пайызға дейін жеткен. Оның ҚР Президентінің «халық үніне құлақ асатын үкімет» тұжырымдамасына қаншалықты сәйкес келетінін сарапшылар айта жатар. Ал Әділет министрлігінің негізгі міндеттеріне кіретін мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыру, заң көмегін ұйымдастыру және көрсету, құқықтық насихат саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру; жылжымайтын мүлiкке құқықтарды мемлекеттiк тiркеу, жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеу, жылжымайтын мүлiктi мемлекеттiк техникалық зерттеп-қарау және жылжымалы мүлiк кепiлінің тiзiлiмiн жүргiзу саласындағы мемлекеттiк саясатты іске асыру; заң көмегін ұйымдастыру және көрсету және құқықтық насихатты қамтамасыз ету секілді
міндеттерді де тереңінен саралап, әр бөлім бойынша жүйелі жұмыс процестерін реттеу қажет-ақ. Жеке
мүлікті кепілге қою мен банктердің оларды заңды рәсімдеуі немесе осы процесс барысындағы қарапайым тұрғындар біле бермейтін құқықтық сауат мәселелері де қоғам тарапынан жан-жақты зерделенуі керектігін көрсетті.

Банктердің несиені оңды-солды, еш зерттеусіз, заңдылықтарды еш түсіндірусіз таратуы да осындай келеңсіз
жағдай, қарулы қақтығыстарға апаратыны анық. Оған осы соңғы оқиғалар дәлел. Құқықтық сауат жалпыхалықтық шеңберде жүргізілуі тиіс. Бұндай бақытсыздыққа әкеп соқтыратын жағдайларда кінәліні іздеу де, күдіктіні ақтау да оңай. Қалай десек те, ешкімнің біреудің өмірін қиюға (қандай жағдай болса да) құқы жоқ.

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»

Комментарий