Жаңалықтар | Новости

Сала жұмысы жаңа деңгейге көтерілді

Республика судьяларының VI, VII съездерінде соттардың ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуде бірқатар міндеттер алға қойылды. Мәселен, VI съезде Елбасы «Алдыңғы қатарлы сот тәжірибесі – бұл қазіргі сот процесінің негізі болып табылатын қағаз құжат айналымынан бас тарта отырып, электронды технологияларға көшу» деген болатын. Соған орай, атқарылған ауқымды шаралар электронды сот өндірісінің жаңа қарқында дамуына ықпал етті. Нәтижесінде жүйе жұмысы жоғары деңгейге көтерілді деуге толық негіз бар.

Атап айтар болсақ, «100 нақты қадам» ұлт жоспарында жүктелген соттарды дыбыс-бейне жазу құралдарымен жабдықтау тапсырмасы жүз пайызға орындалды. Республиканың барлық жергілікті және облыстық, оларға теңестірілген соттарының кеңселері «Мемлекеттік органдардың электрондық құжат айналымының бірыңғай жүйесі» құрамына кіргізілді.

Қазіргі таңда сотқа электронды талап арыз беру, сот хаттамаларына электронды түрде ескертпе жасау, іске қатысушыларға электронды хабарламалар жіберу қызметтері кеңінен қолданылады. Осы тұста айта кетсек, «Сот кабинеті» сервисінің мүмкіндігі өте көп. Бүгінде сервис негізінде барлық іс жүргізу электронды түрде жүзеге асады. Сондай-ақ, азаматтар адвокатына, заңды өкіліне сенімхатты осы сервис арқылы жолдай алады. Егер нотариустың қызметі ақылы болса, сервис арқылы жолданған сенімхат үшін мемлекетік баж төленбейді. Ал, «Төрелік» автоматтандырылған ақпараттық-талдамалық жүйесі кіріс, шығыс хат-хабарларды және ішкі құжаттарды электронды іс жүргізуді тіркеумен қатар істерді және материалдарды есепке алып, оларды автоматты түрде судьяларға бөледі. «Талдау» форумының түпкі мақсаты сот актілерін жүйелеу және оларға мониторинг жүргізу, нақты іс санаттары бойынша сот тәжірибесін талдау болып табылады.

Ақпараттық технологияларды қолданудағы басты жетістік ретінде сот отырыстарын бейнеконференц байланыс арқылы өткізуді атауға болады. Әсіресе, бұл пандемия кезінде тиімділігін көрсетті. Мұндағы басты артықшылық, тараптардың сот отырысына қатысуы қамтамасыз етіліп, істің қаралу мерзімі қысқарады, сондай-ақ, азаматтар мен заңды тұлғалар сотқа келмей-ақ, құқықтарын қорғай алады. Қазіргі күні сот процестерін қосымша уақыт пен қаражат шығындамай қашықтықтан жүргізу қалыпты жағдайға айналды.

Бүгінде атқару парақтары жүз пайыз электронды нұсқада дайындалады. Соттар жұмысына заманауи форматтарды енгізу, яғни, соттағы цифрландыруды одан әрі дамыту мақсатында «Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне соттар жұмысының заманауи форматтарын ендіру, артық сот рәсімдері мен шығындарын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы қабылданды.

Соттардың электронды жүйеге көшуі – заман ағымына сай, қағазбастылықтан арылтып, азаматтарға дер кезінде қызмет көрсетуге жол ашты. Сот отырыстарының дыбыс-бейне жазба құрылғыларға жазылуы судьялардың әрекеттеріне тараптар жағынан түсетін шағымдарды

азайтқанын ресми мәліметтер растайды. Электронды сот өндірісін іске қосу халықтың сотпен байланысын жеңілдетіп қана қойған жоқ, олардың өздеріне қолайлы уақытта сот төрелігіне жүгінуілеріне мүмкіндік берді.

Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының мазмұнымен толық үйлесім тауып, соттардың ашықтығы мен жариялылығын жетілдіруде. Салада жүргізіліп жатқан реформалар соттардың беделін арттырып, көпшілік сенімінің нығаюына ықпал етуде.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасы Жақып Қажыманұлы айтқандай, «Біздің істеріміздің барлығы тек бір маңызды мақсатқа бағытталған – біздің азаматтарымыз, бизнесмендер, шетелдік инвесторлар мен халықаралық серіктестеріміз қазақстандық соттарға сенуге және сенімді болуға тиіс». Осы талап үддесінен шығуға бар күш-жігерін жұмылдырып жұмыс істеп жатқан қазақстандық соттардың мақсаты айқын, бағыты анық.

Ғалия Оңланбекова,

Алматы қаласының мамандандырылған

ауданаралық экономикалық сотының судьясы

Комментарий