Жаңалықтар | Новости

Еңбек дауларында келісу комиссиясына жүгіну міндет

Республикамыздың негізгі заңы – Конституциямен берілген сот арқылы қорғану құқығы еңбек саласындағы құқықтар мен бостандықтарға толықтай кепілдік етеді. Әрі бұл кепілдік әр адамға, атап айтқанда, Қазақстан азаматтарына, шетелдіктерге, азаматтығы жоқ тұлғаларға берілген. Қорғанудың басқа да түрлерінің болуы сот арқылы қорғану құқығынан айырмайды.

Еңбек дауы субъектілерінің сотқа жүгіну құқығы ҚР Еңбек кодексінің, ҚР Азаматтық-процессуалдық кодексінің және басқа да заңдардың нормаларымен қарастырылған. Конституция жеке еңбек дауларын заңмен бекітілген әдістер, соның ішінде сот арқылы да шешу құқығын бекіте түседі.

Еңбек құқығының мәні еңбек және оған тікелей байланысты басқа да қарым-қатынастар болып табылады. Бұл ереже ҚР Еңбек кодексінің 3-бабымен айқындалған. Еңбек заңнамасының мақсаты еңбек және оған байланысты қарым-қатынастарды құқықтық реттеу, еңбек қатынастары тараптарының құқықтары мен мүдделерін қорғау және еңбек саласындағы құқықтар мен бостандықтарды орнату.

Еңбек заңнамасында жалпыға ортақ және шектеуге жатпайтын мынадай принциптер бекітілген: 1) адамның және азаматтың еңбек саласындағы құқығын шектеуге жол бермеу; 2) еңбек бостандығы; 3) еңбек саласындағы, мәжбүрлі еңбек және бала еңбегінің ең нашар түріндегі кемсітушілікке тыйым салу; 4) қауіпсіздік және гигиена талаптарына жауап беретін еңбек шарттарына деген құқықты қамтамасыз ету; 5) жұмысшының өмірі мен денсаулығына басымдық беру; 6) еңбегі үшін ең төменгі жалақы мөлшерінен кем емес сыйақы алу құқығын қамтамасыз ету; 7) дем алу құқығын қамтамасыз ету; 8) қызметкерлердің құқықтары мен мүмкіндіктерінің теңдігі, 9) құқықтық мүдделерін қорғау үшін жұмысшылар мен жұм берушілердің бірігу құқығын қамтамасыз ету; 10) әлеуметтік әріптестікті нығайту және дамытуға мемлекет тарапынан ықпал ету; 11) еңбекті қорғаудың қауіпсіздік мәселелерін мемлекет тарапынан реттеу.

Еңбек дауларының туындауына көп жағдайда кейбір жұмыс берушілер мен көптеген жұмысшылардың еңбек заңнамасының нормаларын білмеуі немесе нашар білуі себеп болатынын тәжірибе көрсетіп отыр. Бұл білместік, яғни, құқықтық сауаттың төмендігі істі сотқа дейін әкеледі.

Еңбек дауларын шешу барысында соттар Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің, Азаматтық процестік кодексінің, Азаматтық кодекстің нормаларын, арнайы заңдар мен басқа да нормативтік құқықтық актілерді қолданады. Талап арыз сотқа заңды тұлға — жұмыс берушінің нақты және заңды мекенжайы бойынша беріледі.

Қолданыстағы еңбек заңнамасының ерекшелігі келісу комиссияларының көмегімен жеке еңбек дауларын қарастыратын сотқа дейінгі міндетті реттеу болып табылады. Алдымен еңбек дауы дегенге келсек, еңбек дау бұл – Қазақстанның еңбек заңнамасының талаптарын орындау немесе келісімдердің, еңбек және ұжымдық шарттардың, жұмыс беруші актілерінің қолдану мәселелері бойынша қызметкер мен жұмыс берушінің арасындағы

келіспеушіліктер. Келіспеушіліктер жеке немесе ұжымдық болады. Жаңа Еңбек кодексінің 159-бабының 1-тармағы бойынша, шағын кәсіпкерлік субъектілері мен заңды тұлға атқарушы органының басшыларын қоспағанда, жеке еңбек дауларын – келісу комиссиялары, ал, реттелмеген мәселелер не келісу комиссиясы шешімінің орындалмауы бойынша соттар қарайды. Яғни, заң даудың алдымен келісу комиссиясында қаралуын міндеттейді. Содан кейін ғана, мысалы, дау келісу комиссиясында реттелмеген немесе комиссия шешімі орындалмаған жағдайда келісу комиссиясына жүгінген дәлелдемелермен сотқа жүгінуге болады.

Келісу комиссиясына жүгінген дәлелдемелер болмаса, соттар жұмыс орны бойынша келісу комиссиясына бару қажеттігін түсіндіріп, талап арызды қайтару жөнінде ұйғарым шығара алады.

Әрине, еңбек ұжымында келісу комиссиясы болмаса не істеу қажет деген сауал туындайды. Мұндай жағдайда қолданыстағы заң талаптарын орындау мақсатында көрсетілген комиссияны құру қажет. Заңда келісу комиссиясының тұрақты әрекет етуші орган екендігі, олардың ұйымдарда, кәсіпорындарда және олардың филиалдарында құрылу керектігі айқын көрсетілген.

Нұркен Жексембиев,

Алматы гарнизоны Әскери сотының төрағасы

Комментарий