Жаңалықтар | Новости

Қазақстанда әскери қызметшілердің жалақысы 60 пайызға жоғарылайды

Алдағы екі жылда әскери қызметшілердің айлық жалақысы орташа есеппен 60 пайызға жоғарылайды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы бүгін Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында «Оймаша» полигонында өткен «Отпантау-2021» шұғыл-стратегиялық командалық-штабтық әскери оқу-жаттығу жиынына Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Осы тұста мемлекет басшысы әскери қызметшілерге кешенді әлеуметтік қолдау көрсету мәселелеріне де тоқталды.

“Қаржыландыру мәселесі кезең-кезеңімен артып келеді. Биылдан бастап әскери қызметшілердің лауазымдық еңбекақылары 35 пайызға өсті. Алдағы екі жылда орташа есеппен 60 пайызға жоғарылайды. Барлық санаттағы әскери қызметшілер үшін тұрғын үй мәселесі заңнамалық тұрғыдан шешілген. ТМД-ның басқа елдеріне қарағанда қазақстандық әскердің әлеуметтік топтамасы – бәсекеге қабілетті. Әскери қызметшілерді әлеуметтік қорғау мәселесі әрдайым мемлекет басымдық беретін салалардың қатарында болады. Күшті әскер – қуатты егемен Қазақстанның кепілі”, – деді президент.

Комментарий