Жаңалықтар | Новости

Алматы арнасында – жаңа маусым

Көрерменін сыйлаған, қадірлеген телеарналар тұтынушыға жаңа өнім ұсынудан жалықпайды. Жаңа дүниені жарыққа шығаруға халыққа деген жанашырлықтан бөлек, озық ой, тың идея керек. Сонымен бірге, бастамалар сәтті жүзеге асу үшін оның маңына жаңаша ойлайтын, бір мақсатқа ұйыса білетін шығармашыл жандарды топтастыра білген маңызды.

Маңына кілең білікті, талантты мамандарды ұйыстыра білген «Алматы» телеарнасының жетекшісі Нұржан Жалауқызы жақында жаңа маусымда көрерменге жол тартатын жаңа жобаларымен таныстырды. Жобалардың мазмұны, көркемдігі бірінен-бірі өткен мықты. Әрі телеарна ұжымы жаңа маусымда бар саланы, әлеуметті қызықтыратын барлық тақырыпты қамтуға, кез келген жастағы азаматтардың көңіліндегісін дәл табуға тырысқаны байқауға болады.

Мәселен тәуелсіз Қазақстанның даму тарихының сырын ашатын «Алматы: Тәуелсіздік белестері» деректі фильмінде белгілі саясаткерлер, қоғам қайраткерлері, педагогтар мен қоғам белсенділері мемлекеттің қалыптасуындағы қызықты деректерді бөліседі.

Телеарнадағы ерекше жобалардың бірі «TikTok House» ситкомы. Бірнеше апта бұрын көрерменге жол тартқан сериал адамгершілік пен достықтың әр кез жоғары тұратынын жастарға насихаттауға бағытталған. Кейіпкерлердің мінез-құлқы әртүрлі. Десе де олар өзара байланыс орнатып, бір-біріне көмектесіп, тіпті ғашық та болады.

Жаңа маусымның тағы бір жарқын жобасы ол – қазақ халқының ұлы перзенті, мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловқа арналған «Қызыл жебе» деректі фильм топтамасы. Бұл өткенді түгендеудің, азаматтарымызды ардақтап, жас ұрпақтың жадында жаңғыртудың таптырмас үлгісі.

Сонымен қатар, күзде көрермен көзайымына айналған бірнеше телехикаяның екінші маусымы назарларға ұсынылмақ.

«ӨТКІНШІ ЖАҢБЫР» телехикаясы бұл маусымда екі тілде ұсынылады. Осы жолы кейіпкерлерді мүлдем басқа қырынан көруге болады. Бұл да шығармашылық топтың шеберлігі.

«DiNaZaur» сериалы да жалғаспақ. Отбасылық құндылықтар, шынайы достық – бұл жолы да осы фильмнің негізгі діңгегі.

Тәуелсіздік жетістігін насихаттайтын жаңа жоба – «Бақыттымын өзіңмен» драмасы. Романтика мен комедияның элементтері қатар көрініс тапқан телехикая бір қаладағы бірнеше кейіпкердің өмірі арқылы Қазақстанның 30 жыл аралығындағы дамуын, қиын-қыстау кезеңді, махаббат пен үмітті сипаттайды.

«Бапкер» – осы жылдың қараша айында шығатын жаңа спорттық драма. Бұл туындыны Қазақстан кинематографиясы үшін жаңалық десек артық болмас. Сериал шынайы оқиғаларға негізделген. Телехикая Алматының

«Қайрат» футбол клубының үміт күттірген ойыншысы Ерназар Смақов жайында.

Телеарнадағы маңызды бағдарламалардың бірі – «IQ Almaty» зияткерлік жобасы. Студенттер мен оқушыларға білім нәрін сіңіру, топта біріге жұмыс істеу, логикалық және шығармашылық ойлауды дамыту, есте сақтау мен зейінді жаттықтыру бағдарламаның негізгі мақсаты. Жоба да қоғам қайраткерлері, қазақстанның эстрада жұлдыздары, ғалымдар мен телеарна өкілдері төрелік етеді. Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен ең білімді жастар бас жүлде 2 000 000 теңгені қанжығалады.

Телеарна жетекшісі Нұржан Жалауқызының айтуынша, биылғы жаңа маусым ерекше маусым болғалы тұр. Өйткені бұл маусым Тәуелсіздіктің 30 жылдығына тұспа-тұс келді.

«Тәуелсіздік – бәріміз үшін қастерлі мереке. Соған орай жобаларымыздың негізгі ұстанымы осы мерекемен өзектес. Оның көшбасында 30 жылдыққа арналған «Тәуелсіздік белестері» және «Эра Независимости» деп аталатын деректі фильмдері тұр. Қазақ және орыс тілінде 15 бөлімнен 30 хабар түсірдік. Оның біразы эфирден өтіп үлгерді. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында еліміздің Премьер-министрі болған Терещенко мырзаның және оның орынбасары Мырзатай Жолдасбековтың, тарихшы Хангелді Әбжанның, Тұрсын Жұртбайдың пікірлері бар. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында болған қиындықтар, ел еңсесін тіктеу үшін қабылданған құнды құжаттар, тың дүниелер деректі фильмде көрініс тапты. Мұның көрерменге берері мол.

Сонымен бірге Тұрар Рысқұловтың өміріне арналған өмірбаяндық телехикаяны шығарып жатырмыз. 10 бөлімнен тұратын «Қызыл жебе» топтамасында да ел тарихы, ұлт жанашырлары туралы мәліметтер молынан берілген.

Одан бөлек, «Бақыттымын өзіңмен» деп аталатын тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиындықтар, сол қиындықтарды жеңіп шыққан азаматтар туралы жаңа дниеміз де көпшілікке ой салады, намысын жаниды, алға ұмтылдырады деп сенеміз» , — деді Нұржан Жалауқызы.

Нұржан Жалауқызы озық жобалардың басы-қасында жүрген, жаңашыл істерімен журналистерге жол көрсетіп келе жатқан майталман маман, мықты ұйымдастырушы, білікті менеджер екені белгілі. Ол кісінің жетекшілігімен Алматы телеарнасының экранына жол тартқан жаңа туындылар көрермен ықыласына бөленері анық.

 

Айнұр Сатыбалды,

«Заң газеті»

Комментарий