Жаңалықтар | Новости

Атмосфералық ауаның ластануы бұрын ойлағаннан да қауіпті — ДДҰ

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) ауаның ластануы адам өміріне төндіретін ең үлкен экологиялық қауіптердің бірі екенін мәлімдеді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ДДҰ сайтына сілтеме жасап.

ДДҰ-ның мәліметі бойынша, лас ауа жыл сайын жеті миллионнан аса адамды мезгілсіз өлімге алып келеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы соңғы рет 2005 жылы ауа сапасы жөніндегі нұсқаулықтарды жариялады, ал соңғы 16 жылдағы мәліметтерді талдай келе, қазіргі кездегі зиянды бөлшектер бұрын қабылданған концентрациядан төмен, әрі зиянды деген қорытындыға келді.

ДДҰ-ның жаңа нұсқаулары белгілі бір қауіп тудыратын заттарға, соның ішінде бөлшектерге, озонға, азот пен күкірт диоксиді мен көміртегі тотығына қолданылады. Кейбіреулер өкпеден қанға өтіп тыныс алу, жүрек-қан тамырлары ауруларын, тіпті қатерлі ісікті тудыруы мүмкін.

Экономикасы әлсіз елдердің тұрғындары, ауа сапасының нашарлығынан, экономикалық даму үшін қазба отынға тәуелді болғандықтан ең көп зардап шегетіні айтылады.

«Ауаның ластануы барлық елдерде денсаулыққа қауіп төндіреді, бірақ ол табысы төмен және орташа елдердегі адамдарға қатты әсер етеді. ДДҰ-ның ауа сапасына қатысты жаңа нұсқаулары ауа сапасын жақсартудың ғылыми негізделген және практикалық құралы болып табылады. Мен барлық елдерді, қоршаған ортаны қорғау үшін күресетіндердің барлығын қайғы-қасіретті азайтуға шақырамын», — деді ДДҰ бас директоры Тедрос Адан Гебрейюс.

ДДҰ сарапшылары ауадағы көміртегі мөлшерін жүйелі түрде өлшеуді, шығарындылар мен ластану көздерін түгендеуді ұсынады. Мемлекеттік билік орындары, ғалымдардың пікірінше, жаңа стандарттар әзірлеп, атмосферадағы зиянды бөлшектерді азайту жөніндегі нысаналы көрсеткіштерді белгілеуі, шығарындылардың адам денсаулығына әсерін бағалау тәсілдерін ілгерілету үшін ғылым мен технологияның жаңа жетістіктерін енгізуі керек. Сондай-ақ, ДДҰ көшелердегі зиянды шаңмен шығатын газдардың мөлшерін азайту үшін қалалық кеңістікті мұқият жоспарлауды ұсынады.

Комментарий