Жаңалықтар | НовостиСудья мінбері | Судебная система

Әкімшілік рәсімді тоқтатуға негіз болатын мән-жайлар

Республика тарихында бірінші рет Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі қабылданып, ел соттарының қатары әкімшілік соттармен толыққанын жалпы жұртшылық жақсы біледі. Бүгінде жаңа Кодекстің нормалары соттар тарапынан халыққа жан-жақты таныстырылуда. Әрине, бұл игі шаралар өз кезегінде көпшілікті заңнан толық хабардар етері хақ. Осы мақсатта біз аталған Кодекстің 70-бабы, яғни, әкімшілік рәсімнің тоқтатылуы туралы айтуды жөн көріп отырмыз.

Түсінікті болу үшін алдымен әкімшілік рәсім ұғымына тоқтала кетейік. 4-баптың 8-тармақшасына сай, әкімшілік рәсім – әкімшілік органның, лауазымды адамның әкімшілік істі қарау, шешім қабылдау және орындау жөніндегі жолданым негізінде немесе өз бастамасы бойынша жасалатын, сондай-ақ, оңайлатылған әкімшілік рәсім тәртібімен жүзеге асырылатын қызмет.

Әкімшілік рәсім қандай жағдайларда тоқтатылады десек, бұған 70-баппен айқындалған мән-жайлар негіз болады. Мысалы, әкімшілік орган, сондай-ақ, лауазымды адамның жолданымда көрсетілген нысана мен негіздерге сәйкес, әкімшілік рәсімге қатысушыға қатысты әкімшілік іс бойынша шешімі және осыған байланысты заңды күшіне енген сот актісі бар болса рәсім тоқтатылады. Сонымен қатар, әкімшілік орган, лауазымды адам жолданымды қайтарса, арыз иесінен жолданымды кері қайтарып алуды қабылдаса, Республика заңдарында көзделген өзге де негіздер болса, жолданым негізінде қозғалған әкімшілік рәсім тоқтатылуға жатады.

Аталған баптың 2-бөлігімен анықталғандай, әкімшілік орган, лауазымды адам өз бастамасы бойынша қозғалған әкімшілік рәсімді оны жүзеге асыру мен қозғауға негіз болған мән-жайлардың өзгеруіне байланысты немесе Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген басқа негіздер бойынша тоқтата алады. Бұған қоса әкімшілік рәсім әкімшілік органның, лауазымды адамның шешімімен тоқтатылады, бұл туралы шешім қабылданысымен үш жұмыс күнінен кешіктірілмей әкімшілік рәсімге қатысушыға хабарланады. Айта кетерлігі, әкімшілік рәсімді тоқтату туралы шешімге шағым берілуі мүмкін. Егер жаңа дәлелдер немесе жаңадан ашылған мән-жайлар пайда болса, арыз иесі осы заңда белгіленген тәртіппен қайта жолданым бере алады.

ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 88-бабымен оңайлатылған әкімшілік рәсімді тоқтату нормалары нақтыланған. Ал, оңайлатылған әкімшілік рәсім (87-бап) хабарламалар мен ұсыныстарды, үн қосулар және сұрау салуларды қарау тәртібінде жүзеге асырылады. Оңайлатылған әкімшілік рәсім, қайталама хабарламаларда, ұсыныстарда, үн қосуларда, сұрау салуларда жаңа дәлелдер немесе жаңадан ашылған мән-жайлар келтiрiлмесе, алдыңғы жіберілген құжаттарда тексерудiң қажетті материалдары болса және арыз иесіне белгiленген тәртiппен жауаптар берілсе тоқтатылады.

Хабарлама, ұсыныс, үн қосу, сұрау салу авторының анықталмауы, арыз иесінің қолтаңбасы, оның ішінде электрондық цифрлық қолтаңбасы, сондай-ақ,

пошталық мекенжайы болмауы әкімшілік рәсімді тоқтатуға негіз болады. Бірақ, бұл қатарға мемлекеттік немесе қоғамдық қауіпсіздікке төнген қатер туралы және олардың құзыретіне сәйкес мемлекеттік органдарға дереу жолдануға жататын мәліметтер қамтылған жағдайлар қосылмайды. Хабарлама мен ұсыныста, үн қосу, сұрау салуда мәселе мәнінің баяндалмауы да оңайлатылған әкімшілік рәсімді тоқтатады.

Оңайлатылған әкімшілік рәсімді тоқтату туралы шешімді хабарламаны, ұсынысты, үн қосуды, сұрау салуды қарайтын субъектінің басшысы немесе оның орынбасары қабылдайды. Мұндай шешімге ӘРПК-да белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.

Қорыта айтқанда, ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі жария-құқықтық дауларда азаматтарға үлкен мүмкіндіктер беріп, заң үстемдігінің артуына кепілдік етеді.

Ерлан Тәжібаев,

Алматы қаласының мамандандырылған

ауданаралық әкімшілік сотының судьясы

Комментарий