Жаңалықтар | Новости

ЗАҢҒА «ДІНГЕ СЕНБЕЙТІНДЕР ҚҰҚЫҒЫ» ТҮСІНІГІН ЕНГІЗГЕН ЖӨН БЕ?

Жақында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Дін істері комитеті төрағасы заңнамаға «дінге сенбейтіндер құқығы» деген жаңа түсінікті енгізгісі келетінін жариялады. Жұртшылық арасында пікірталас тудырған бұл мәселеге қатысты біз сарапшылардың да пікірін сұраған едік

Жолдасбек НҮСЕНОВ, Caspian University ректоры, Қазақ ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, заңгер:

– Бізде Роман Подопригора деген белгілі заң ғылымдарының докторы, профессор бар. Сол кісі жақында фейсбуктегі парақшасында осы мәселеге қатысты өзінің пікірін жариялады.
Мен соған толығымен қосылам. Шынында да мемлекет оларды қорғауға дайынбыз деп жатса, діни емес және дінге қарсы нанымдағы азаматтарға үлкен қауіп төніп тұр екен деген түсінік пайда болуы мүмкін. Жалпы, бізде қазір дінге сенбейтіндердің құқы бұзылып жатыр деу қате. Бұл бүгінгі таңда біздегі күрделі мәселе де емес. Дінге сенбейтіндердің құқығы бұзылатындай көшеге шығып, шеру жасап, ұйым құрып жатқан жоқ қой. Сондықтан біздің ғалымымыз «егер сіз дәйекті болсаңыз, онда барлық сенушілер мен сенбейтіндердің
теңдігін қамтамасыз ету үшін, сенушілер сияқты бірлескен атеистік іс-шаралар үшін мемлекеттік тіркеуден кейін ғана жиналуға болады; көпшілікке атеистік сенімдерді нандыру мемлекеттік тіркеуден кейін ғана; атеистердің кездесулері мен жиналыстарын мемлекет белгілеген орындарда ғана өткізу; атеистік әдебиетті және өзге де материалдарды тек мемлекеттік рұқсат бойынша, сондай-ақ бөлінген орындарда және т. б. таратуға құқылы дегенді тіркеу керек. Сонда теңдік тек құқықтарда ғана емес, міндеттер мен тыйымдарда да болады. Мүмкін бізге бұл мәселені шешудің қажеті жоқ шығар ол жоқ жерде?» деп жазуы сондықтан. Сол себепті менің ойымша, жоқ жерден өзімізге өзіміз жұмыс іздеп тапқанша, дінге сенбейтіндердің емес, ең алдымен, дінге сенетін адамдардың құқығын қорғауға көбірек ден қою керек шығар.

Өмірәлі ЖАЛАИРИ, Д.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясының ректоры, заң ғылымдарының докторы, Қазақстан педагогика ғылымдары академиясының академигі:

– Заңнамаға «Дінге сенбейтіндер құқығы» деген жаңа түсінік енгізуге қазір қандай қажеттілік барын мен түсінбеймін. Дінге сенбеді деп біздің елімізде кімді жауапкершілікке тартып жатыр екен? Сіз мұндайды естідіңіз бе, мен естіген жоқпын. Сондықтан қолданыстағы заңнамаға қазір ондай өзгеріс енгізуге еш қажеттілік жоқ деп санаймын. Дінге сене ме, сенбей ме, ол – әр адамның өз құқығы. Ешқашан құқық қорғау органында ешкім ол туралы айтпайды. Дінге сену, сенбеуіне байланысты ешкім ешкімді кінәлай алмайды. Конституцияда барлық адамның құқы тең. Оларды діни сеніміне байланысты бөліп-жаратын ештеңе болмағандықтан, заңға «Дінге сенбейтіндер құқығы» деген өзгеріс қажет емес. Ал басқа елдерде мұндай түсініктің заңнамада бар-жоғын мен қазір нақты айта алмаймын. Бұл туралы дінтанушылар айта жатар. Өз басым заңгер ретінде оған түбегейлі қарсымын. Егер заңнамаға қандай
бір өзгерістер енгізгісі кеп жүргендер болса, алдымен тағы бір рет Конституцияны оқып шыққаны жөн. Сондай-ақ, кейбіреулер айтып жүргендей, бұл халықтың назарын басқа жаққа аудару үшін әдейі жасалып отыр дегенмен де келісу қиын. Оған тіпті мән берудің де қажеті жоқ.

Сауалнаманы дайындаған Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»

 

Комментарий