Жаңалықтар | Новости

ҚОҒАМДЫҚ ТАЛҚЫНЫ ҚАЖЕТ ЕТЕТІН ТАҚЫРЫП

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов қыркүйектің алғашқы онкүндігінде Нұр-Сұлтанда өткен брифингте әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, «дінге сенбейтіндер құқықтары» деген ұғымды енгізу жоспарларланып отырғанын мәлімдеді. Бұл қоғамдағы қызу пікірталасқа түрткі болуда.

Еліміздегі белгілі дінтанушы ғалым, философия ғылымдарының докторы Бақытжан Сатершинов: «Алғаш естігенде, біз де мұнысы несі екен дедік. «Дінге сенбейтіндер құқын қорғау»
деу үшін шариғат секілді діни заң бойынша шешім қабылданатын мемлекет болсақ, бір сәрі. Дін істері комитеті төрағасы оны қандай оймен, қандай мақсатпен айтқанын білмеймін. Естуімше, соның алдында АҚШ-қа барып дін істерімен айналысатын бір комитетпен меморандумға отырған көрінеді. Азшылықтың құқын қорғау деген бар ғой батыста. Соған
еліктеп айтып тұр ма екен деген де ой бар. Жалпы, Конституцияның 1-бабында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде
орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» екені жазылған.

14-бапта заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең екендігі, тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына,
тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайтыны нақты көрсетілген. Енді көзді бақырайтып қойып «дінге сенбейтіндер құқы» деп зайырлы мемлекетте мүлде ақылға сыймайтын нәрсе айтты», – деп отыр. Бұл пікірді жақтаушылар да бар. Олардың ойынша, «зайырлы қоғамда кез келген азаматтың құқығы заңмен қорғалады. Ол Конституцияда ашық жазылған. Барлық зайырлы қоғам өз азаматтарының құқығына қол сұқпайды. Ендеше, бізде де «дінге сенбейтіндердің құқығы заңмен көрсетілуі тиіс. Өйткені соңғы кездері дінге сенетіндер тарапынан дінге сенбейтіндерді күстаналау, қаралау, айыптау, оларды жек көру көзқарастары қатты байқалады, әлеуметтік желілерде ашық айтылып та жүр. Ендеше, дінге сенбейтіндер де барлық азаматтармен тең құқылы, өз наным-ұстанымымен өмір сүруі керек» дейді.

БҰҰ деңгейін — де қабылданып, оған Қазақстан қол қойған Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында әр адамның ой-пікір, ар-ождан және дін бостандығына құқығы
бары, ол өз дінін немесе наным-сенімін өзгерту еркіндігін, өз дінін, наным-сенімін жеке өзі немесе басқа адамдармен бірігіп тұтып, жария түрде немесе жеке жолмен уағыздау, құдайға құлшылық ету, діни салт-жораларын орындау бостандығын да қамтитыны жазылған. Сондықтан ҚР Конституцияның 12-бабында адам құқықтары мен бостандықтары әркімге тумысынан жазылғаны және олар абсолютті деп танылатыны, олардан ешкім айыра алмайтыны, заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің мазмұны мен қолданылуы осыған қарай анықталатыны көрсетілген. Онда сондай-ақ, адамның және азаматтың өз құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруы басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын бұзбауға, конституциялық құрылыс пен қоғамдық имандылыққа нұқсан келтірмеуге тиістігі де қарастырылған. Осыған қарамастан, Дін істері комитетінің бұл ұсынысы осындай еркіндіктер мен бостандықтарды толерантты деңгейде қарастырып отыр ма? Қоғам осындай азаматтық өзгеріс ұстанымдарға дайын ба? Дінге сенетіндер мен дінге сенбейтіндердің арасындағы пікірлер қайшылығы қоғамға қауіп төндірмей ме? Мәселе осында. Аудиторияның бұл ұсынысқа алғашында аса сақтықпен, аздаған күдікпен қарағаны да осындай сұрақтардың толық қоғамдық талқыдан өтпегенінен. Заңгерлер мен дінтанушылар, саясаттанушылар, әлеуметтанушылар алқалы жиын барысында айтылған мәселені
жан-жақты талдаған кезде ғана қарапайым халық мәселенің дұрысы мен бұрысына өзіндік баға береді.

Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатын іске асыру жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары қабылданған кезде оны әзірлеу барысында Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттердің, АҚШ, Қытай, БАӘ, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғыз Республикасының тәжірибесі зерделенгені айтылған. Онда дін саласындағы мемлекеттік саясаттың мақсаттары мен міндеттері ретінде мемлекеттік құрылыстың зайырлы қағидаттарын ілгерілету; азаматтардың діни сенім бостандығына және діни
бірлестіктермен өзара іс-қимылын жасауда құқықтарын сақтау; қазақстандық қоғамда конфессияаралық келісім мен тұрақтылықты сақтау; діни салада ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету көрсетілді. Сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары мемлекет дамуының зайырлы қағидаттарын, конфессияаралық бейбітшілік пен келісімнің қазақстандық моделін ілгерілетуге, діни экстремизмнің алдын алуға, сондай-ақ діни алауыздық пен ксенофобияға жол бермеуге, діншілдікті насихаттамауға ықпал етуі тиіс екені де көрсетілді. Қалай десек те, дін тақырыбы қоғам тарапынан толықтай зерделенуді талап етеді.

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»

Комментарий