Жаңалықтар | НовостиСудья мінбері | Судебная система

Адам денсаулығы мен өміріне келтірілген зиянды өтеу заңдылықтары

Елбасының «Халқы заңын сыйлайтын, сотына сенетін қоғам – ең дамыған қоғам» деген сөзі үшінші билік өкілдеріне, әсіресе, судьяларға үлкен жауапкершілік жүктейді. Олай дейтініміз, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін, бостандығын қорғауда соттар ең бірінші заңға сүйенеді. Ал, заңның дұрыс қолданылуы – әділ сот төрелігіне кепілдік етеді. Сондықтан, бұл мақаламызда адамның өмiрi мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу заңдылығына қысқаша тоқталмақпыз.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексімен нақтыланғандай, шарттық, еңбек, әскери қызмет мiндеттерiн орындау барысында келтiрiлген зиянды өтеу 47-тараудың 2-параграфының ережелерiмен жүзеге асырылады. Зиянды кім өтейді, қалай анықталады, оның көлемі, т.б. қандай болады десек, АК-нің 937-бабында көрсетілгендей, жұмыскер денсаулығы мен өміріне келтірілген зиянды ҚР Еңбек кодексінде белгіленген тәртіпте жұмыс беруші өтеуге міндетті. Еңбек кодексінің 122-бабының 3-тармағын қоспағанда, жұмыскер жұмыс кезінде зардап шексе, зиян оның сақтандыру төлеміне қарамай толық өтелуге жатады. Ал, сақтандыру төлемі болған кезде жұмыс беруші сақтандыру сомасы мен зиянның нақты мөлшері арасындағы айырманы өтейді.

Денсаулықтың зақымдануы салдарынан жоғалтылған кiрiсті анықтауда АК-тің 938-бабы, яғни, азаматтың еңбекке жарамдылығынан айрылғанға дейiнгi орташа айлығының проценті басшылыққа алынады. Бұл кірістің қатарына негізгі, сондай-ақ, қоса атқаратын жұмыс бойынша ақы төлеудiң жеке табыс салығы салынатын барлық түрi кiргізілгенімен, бiржолғы сипаттағы төлемдер, мысалы, пайдаланылмаған демалыс үшiн өтемақы, жұмыстан шығу жәрдемақысы, т.б. есептелмейдi. Бірақ, уақытша еңбекке жарамсыздық және жүктілік пен босануға байланысты төленген уақыттағы жәрдемақы есепке алынады.

Зиянға ұшыраған жәбiрленушiнің жұмыс істегеніне бір жыл толмаса, онда шығын орташа айлықтың жалпы сомасын осы айлардың санына бөлу жолымен есептеледi. Егер жұмыссыз болса, жәбірленушінің қалауымен жұмыстан босатылғанға дейінгі табысы немесе осы жердегi оның бiлiктiлiгiндегi қызметкер сыйақысының көлемі ескерiледi, бiрақ, ол бiр айлық есептiк көрсеткiштiң он еселенген мөлшерiнен кем болмауы керек.

Кәмелеттік жасқа толмаған жандар жарақат алып, басқадай зардап шексе, шығынның орнын осы жағдайға жауапты адамдар толтырады. Жас бала денсаулығына зақым келген кезде табыс тауып жүрген болса, зиян көлемі осы табыстың негiзiнде, кемiнде он еселенген айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде есептеледі. Қайтыс болған адамның асырауында болған және ол қайтыс болғаннан кейiн бес жыл iшiнде еңбек ету қабілетінен айрылғандардың зиянды өтеу құқығы АК-тің 940-бабымен айқындалған. Зиян қайтыс болған адам табысының осы Кодекстiң 938-бабының ережелерi бойынша есептелген үлесi мөлшерiнде өтеледi. Айта кетерлігі, зиянды өтеу мөлшерi зардап тартқан азаматтың талабымен өзгертілуге жатады.

АК-тің 944-бабына келсек, жәбiрленушiнiң еңбекке қабiлеттілігiнiң төмендеуiне немесе қайтыс болуына байланысты зиянды өтеу ай сайынғы төлемдермен жүргiзiледi. Дәлелдi себептер болса сот зиян келтiрушiнiң мүмкiндiктерiн ескере отырып, өтеттіруге құқығы бар азаматтың талап етуімен оған тиесiлi төлемдердi бiржолғы, бiрақ, үш жылдан аспайтын мерзімге тағайындайды. Ал, қосымша шығындарды өндiру медициналық сараптама қорытындысының негiзiнде және белгiленген уақытта жүргiзiледі.

Зиянды өтеуге жауапты заңды тұлға қайта ұйымдастырылған жағдайда тиiстi төлемдердi төлеу мiндетi оның құқықтық мирасқорына жүктеледі. Соған орай, оған зиянды өтеу туралы талаптар қойылады. Егер таратылатын заңды тұлғада төлемдердi капиталдандыруды жүргiзу мүмкiн болмаса тағайындалған соманы жәбiрленушiге заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен мемлекет төлейдi. Заңды тұлға тоқтатылған ретте зиянды өтеудің бұдан басқа да нормалары 945-бап бойынша жүзеге асырылады. Тағы бір айта кетерлігі, жәбiрленушi қайтыс болса, оны жерлеуге кеткен шығынды зиян үшiн жауапты адамдар көтереді.

Құралай Байоразова,

Панфилов аудандық сотының судьясы

Алматы облысы

Комментарий