Жаңалықтар | Новости

Медиация – құқықтық мәдениетті арттырады

Дала заңында дау-жанжалды бейбіт жолмен шешудің түрлі тетігі қалыптасқан. Бұл игі үрдіс бүгінде өз жалғасын тауып, заманға сай жаңғыртылуда. ҚР Жоғарғы Соты тарапынан іске қосылған пилоттық жобалар нәтижесінде медиативтік келісімдер саны артып, көпшіліктің медиацияға деген оң көзқарасы қалыптасуда. Бір-біріне талап қоюшы тараптар сотқа дейін де, сот барысында да өзара тиімді мәмілеге келе алады. Сондықтан, медиацияның қолданыс аясын кеңейтуде ең алдымен оның тиімділігі мен жүзеге асыру жолдарын халыққа жеткізе білу маңызды.

Осы мақсатта Азаматтық процестік кодекстің дау-жанжалды медиация тәртібімен реттеу нормасынан көпшілікті хабардар еткіміз келіп отыр. Себебі, сотқа жүгінушілердің өзара келіспеушілікті ортақ мәмілемен бітірулеріне заңмен мүмкіндік берілген. Бұл үшін олар бірінші, апелляциялық, кассациялық саты соттарында сот шешім шығаруға кетпей тұрып дауды судьяның немесе медиатордың жәрдемдесуімен медиация тәртібімен реттеу туралы өтінішхатты мәлімдеулері керек.

Судья медиацияның күнін тағайындап, ол туралы тараптарға хабарланады. Медиация ҚР «Медиация туралы» заңы мен АПК-да белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып өткізіледі. Егер тараптар келіссе істі медиацияны өткізген судья қарайды. 179-баптың 4-тармағына сай, бірінші сатыдағы сотта медиацияны өткізу үшін іс басқа судьяға беріледі. Тараптардың өтінішхаты болса медиацияны іс жүргізуінде іс жатқан судья өткізеді. Дауды реттеу туралы келісімге қол жеткізілмесе, істі одан әрі қарауды тараптардың келісуімен осы судья жалғастыруы мүмкін.

Медиациялық келісім кезінде судья оларға қойылған талаптардың шегінен шығу құқықтарын, сондай-ақ, жауапкердің қарсы шарттар қою мүмкіндігін түсіндіреді. Тараптардың дауды медиация тәртібімен реттеу туралы өтінішхаты, қосымша процестік әрекеттер мен істі қарауды тоқтата тұруды талап етпесе, кассациялық сатыдағы сотта мәлімделеді. Дау-жанжалды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім сот актісін орындау сатысында жасалған жағдайда ол сот актісі орындалатын жер бойынша бірінші сатыдағы сотқа немесе сот актісін шығарған сотқа бекітуге ұсынылады.

Іс жүргізуінде жатқан судья немесе сот құрамы дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімнің мазмұнын тексеріп, оны бекіту және істі жүргізуді тоқтату туралы ұйғарым шығарады. Тараптар медиация тәртібімен келісімге келе алмаса немесе келісім шарттарын сот бекітпесе, істі талқылау жалпы тәртіппен жүргізіледі. Дауды медиация тәртібімен реттеу туралы сот бекіткен келісімді орындау АПК-нің 178-бабында белгіленген татуласу келісімін орындау қағидаларына сай жүргізіледі.

Медиация әділ төрелікті қамтамасыз етудің бірден-бір жолы екеніне дау-жанжалды бірауыз сөзбен шешкен дана билеріміздің «Билік айтқан би емес, бітістірген би» деген сөзі дәлел. Яғни, сотқа ашу-ызамен келгендерді райынан қайтарып, дауды медиация жолымен бітіруде оның тиімділігін жеткізе білу судьялардан үлкен шеберлік пен кәсібилікті талап етеді. Осы

жағдайда тараптар даудың шешілу барысында өз мүдделері теңдей сақталатынына көзі жетсе, өздерін қанағаттандыратын ортақ мәмілеге келе алады.

Елімізде билер институтының баға жетпес құндылығы бітімгершілік рәсімдерінің, яғни, дауды баламалы шешу жолдарының одан әрі жандануына атсалысу қоғамдағы шиленісті азайтып қана қоймайды, азаматтардың және кәсіпкерлердің мемлекетке, сот жүйесіне, заңгерлерге деген сенімін арттырады. Әрі халықтың құқықтық мәдениетін дамытуда таптырмас тәсіл бола алады.

Қанат Утеубаев,

Алмалы аудандық №2 сотының судьясы

Алматы қаласы

Комментарий