Жаңалықтар | НовостиСудья мінбері | Судебная система

Келісім шарттары ерікті түрде орындалу керек

Елімізде билер институтының түп қазығы, дау шешудің озық жолы – бітімгершілік тәсілдерін, заманауи тілмен айтқанда медиацияны жандандыруға айрықша көңіл бөлінуде. Өйткені, бітіммен біткен істе береке барын бабаларымыз баяғыда айтып кеткен. Азаматтар кез келген даулы мәселеде алдымен сотқа жүгінеді. Сондай кездері оларға бітімгершілік институтының нормалары заң аясында түсіндіріліп, бағыт-бағдар беріледі.

Татуластыру рәсімдері жаңа заң Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде де (ӘРПК) көрініс тапты. Осы тұрғыда айтар болсақ, ӘРПК-нің 120-бабына сай, тараптар өзара жол беру негізінде әкімшілік процестің барлық кезеңінде сот шешім шығаруға кеткенге дейін татуласу, медиация, партисипативтік рәсімдер тәртібімен реттеу туралы келісім жасау арқылы істі толықтай немесе ішінара аяқтай алады. Яғни, тараптар өзара келісімге келуде осы рәсімдердің өздеріне тиімдісін таңдауға құқылы. Сондай-ақ, жауапкердің әкімшілік қалауымен тараптардың татуласуына жол беріледі.

Осы тұста әкімшілік қалау ұғымына тоқтала кетсек, ӘРПК-нің 4-бабының 6-тармағына сәйкес, әкімшілік органның, лауазымды адамның Республика заңнамасында белгіленген мақсаттар мен шектер заңдылығын бағалау негізінде ықтимал шешімдердің бірін қабылдау өкілеттігі – әкімшілік қалау болады. Ортақ мәмілеге келу келісімдері, яғни, татуластыру, медиация, партисипативтік болсын барлығы жазбаша түрде жасалып, оған тараптар немесе өкілдері қол қояды.

Дауды татуласу, медиация немесе партисипативтік түрде реттеу келісімдерінде мәжбүрлеу тәртібімен орындату талаптары, тараптарды татуластыратын шарттар мен сот шығыстары және өкілдер көрсеткен қызметке ақы төлеуге арналған шығыстардың бөлінуі нақты көрсетілуі керек. Судья тараптардың татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімді бекіту туралы өтінішхатын сот отырысында немесе алдын ала тыңдауда қарайды. Аталған өтінішхат қаралған соң, келісімді бекіту немесе одан бас тарту туралы сот ұйғарымы шығарылады. Сот келісімді бекіткен кезде талап қоюды толығымен немесе оның тиісті бір бөлігін қайтару туралы ұйғарым шығарады. Екі жақ та өздері жасасқан келісім шарттарын дер уақытында орындауға міндетті. Ерікті түрде орындалмаса, келісім жасаған адамның өтінішхаты бойынша соттың атқару парағының негізінде мәжбүрлеп орындатуға жатады.

120-баптың 8-тармағында көрсетілгендей, судья тараптардың татуласуы үшін қажетті шараларды қабылдап, дауды процестің барлық сатысында реттеуге жәрдемдеседі. Татуласу, медиация, партисипативтік рәсім тәртібімен жасалған келісім шарттары заңға қайшы келсе немесе олар басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын, заңды мүдделерін бұзса, сот оны бекітпейді. Тараптар дауды реттеу туралы келісімге келе алмауы да мүмкін. Осы екі жағдайда істі талқылау жалпы тәртіппен жүргізіледі.

Сотта медиацияны жүргізу тәртібі, 121-бапқа келсек, бірінші сатыдағы сотта медиация жүргізу үшін іс медиация туралы келісімді бекітетін басқа

судьяға беріледі. Айта кетерлігі, медиацияны әкімшілік іс өзінің іс жүргізуінде болған судья жүргізуі де мүмкін. Бұл тараптардың өтінішхаты негізінде жүзеге асады. Ал, апелляциялық сатыдағы сотта медиация соттың алқалы құрамындағы судьялардың біріне беріледі. Кассациялық сатыдағы сотқа тараптар келісіммен бірге дау-жанжалды медиативті келісім жасасу арқылы реттеу туралы өтінішхатты да ұсынуы тиіс. Медиация жүргізетін судья оны өткізетін күнді тағайындап, тараптарға уақыты мен орны жайлы хабарлайды. Егер басқа адамдардың қатысуы дауды реттеуге ықпал етсе, сот оларды медиацияға шақырады. Сотта медиация жүргізу хаттамасы жасалмайды.

Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асанов «Ең дұрысы – татуласу, келісу, бір мәмілеге келу. Бұл мемлекет өркендеуінің алғышарты» деген болатын. Яғни, дау атаулының өзара келісіммен бітуі азаматтар үшін ғана емес, жалпы қоғам, еліміз үшін пайдалы. Бұл мақсатта татуластыру рәсімдерінің заңмен бекітілген нормаларын түсіндірудің маңызы зор.

Мұхит Мұқашев,

Маңғыстау облысының мамандандырылған

ауданаралық әкімшілік сотының судьясы

Комментарий